Арқа ажары (Көкшетау), № 135 (17546), 18.11.2014

Қазақ

18.11.2014

Арқа ажары (Көкшетау), № 135 (17546), 18.11.2014

«KEGOK» компаниясы пайданы халықпен бөлісу

Облыс әкімінің бірінші орынбасары Қадырхан Отаров «KEGOK» акционерлік қоғамының «Халықтық ІРО» бағдарламасына  атсалысуына арналған шараға қатысып, сөз сөйлеп, аталмыш бағдарлама мен компанияның қызметі жөнінде өз ойларымен бөлісті.

Ш. Құсайынов атындағы Көкшетау музыкалық-драмалық театрында өткен бұл кездесуге мемлекеттік органдар, мекемелер мен ұлттық компаниялардың өкілдері, қала тұрғындары мен облыс орталығының әлеуетті инвесторлары қатысты. Облыс әкімінің бірінші орынбасары Қ.Отаров өз сөзінде «KEGOK» компаниясының ақмолалықтар үшін ірі жұмыс беруші екенін, мұнда өңірдің 800 адамы тұрақты жұмыспен қамтылғанын, облыстың электр жүйелерін жаңғыртуға мол қаражат салып отырғанын атап өтті.

–Мемлекет басшысы «Нұр Отан» партиясының ХІІІ-ші съезінде «Халықтық ІРО» бағдарламасын жүзеге асыру жөнінде шешім қабылдады. Мұнда «Самұрық Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры бірқатар компаниялардың акцияларын қазақстандық қор нарығына шығаруды қарастырған еді. «Халықтық ІРО» бағдарламасына қатысу үшін қордың ондаған компаниялары іріктеуден өтті. Сөйтіп, қаржылық көрсеткіштері, корпоративтік басқару және ашықтық негізінде ең лайықты үміткерлер таңдалды. «KEGOK» компаниясының тиімділігі мемлекеттік тарифтермен реттелуінде болып отыр. Оның инвестициясы нақты тәуекелдіктен қорғалған. Бұл «Халықтық ІРО» бағдарламасы үшін өте маңызды,– дей келе облыс әкімінің бірінші орынбасары Елбасының Қазақстан халқына арнаған биылғы Жолдауына мемлекеттің жаңа экономикалық саясаты жөнінде байыпты көзқарастардың арқау болғанын жеткізді.

Экономикалық саясаттың негізі индустриялық даму жоспары болып табылады. Елбасы дамудың негізгі жеті бағытын анықтады. Оның ішінде, анықталған маңыздыларының бірі – энергетикалық инфрақұрылымды дамыту. Мемлекет басшысы өз сөзінде энергетика саласы соңғы бес жылдың ішінде индустрияландыру бағдарламасы шеңберінде ауқымды жұмыстар атқарғанын атап өтті. Дегенмен, магистральдық жүйенің шектеулілігінен еліміздің Оңтүстік өңірлерінде электр энергиясы, орталық және Шығыс облыстарында табиғи газ жетіспейді. Ұлт Көшбасшысы «Екібастұз-Семей-Өскемен» және «Семей-Ақтоғай-Талдықорған-Алматы» бағыттарындағы жоғары кернеулі желіні салуды тапсырды. Қазақстан үшін стратегиялық маңызы бар екі жобаны енді «KEGOK» Ұлттық компаниясы жүзеге асырмақшы. Бүгінгі таңда оның акциясы «Халықтық ІРО» бағдарламасы шеңберінде Қазақстан азаматтарына ұсынылды. Осы кездесудің нәтижесінде ақмолалықтар дұрыс шешім қабылдап, халықтық акционер болып, Қазақстанның ірі электр жүйесі компаниясының, ел экономикасының дамуына қатысуға мол мүмкіндік алады. Бұдан кейін «KEGOK» акционерлік қоғамы басқармасы төрағасының бірінші орынбасары Бақытхан Жазықбаев сөз сөйлеп, инвесторларға кепілдік, тұтынушыларға сенімділік жөнінде айтып берді. Акционерлік қоғамның дивидендтерін төлеуге жұмсалатын сома сол жылғы таза кірістің немесе жыл, жарты жыл қорытындысының 40 пайызынан кем болмауы тиіс. Бұл әлеуетті инвесторлар үшін маңызды. Компания Қазақстанды энергетикалық тәуелсіздікпен қамтамасыз ететін және жұмыс сенімділігін арттыратын 15 басым жобаны жүзеге асыруды көздейді. Мұнда 4700-ден астам адам жұмыс істейді. Одан әрі компанияның акцияларын қалай сатып алуға болатыны жөнінде «Halуk Finance» акционерлік қоғамының өкілі Сабина Мұқанова түсінік берсе, «Халықтық ІРО» бағдарламасын жүзеге асыру аясында өңірдегі поштаның қызметі туралы «Қазпошта» акционерлік қоғамы облыстық филиалының директоры Дәурен Рымжанов айтып берді.

Шара соңында инвесторлар тарапынан қойылған сауалдарға тұшымды жауап қайтарылды.



..