Ауылдағылар да акционер атанады

Қазақ

02.10.2014

Ауылдағылар да акционер атанады

Бірер жылдан соң ауылдағылар да білдей бір компанияның акционері атанып жатса, таңғалмайтын боламыз. Себебі «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры өңірлердегі халықтың Халықтық ІРО-ға қатысып, акционер атануы үшін барын салмақ. 

Бірер жылдан соң ауылдағылар да білдей бір компанияның акционері атанып жатса, таңғалмайтын боламыз. Себебі «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры өңірлердегі халықтың  Халықтық ІРО-ға қатысып, акционер атануы үшін барын салмақ. Таратып айтсақ, аймақтағы ағайынның ІРО туралы сауатын ашып, дәрістер өткізбек екен. Мұны «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ басқармасы төрағасының орынбасары Елена Бахмутова айтып отыр. 

Айта кетейік, жыл соңына қарай «KEGOC» акционерлік қоғамының акциялары сатылымға шығады. «Биыл аймақтағы адамдардың «Халықтық ІРО» бағдарламасына қатысуына ерекше көңіл бөлініп отыр. Оларға облыс орталықтары мен үлкен қалаларда қазанның 14-інен бастап 70 ашық дәріс өткізіледі. Ірі кәсіпорындарда да ІРО-ны таныстыру мақсатында 400-ге тарта таныстырылым жоспарланып отыр» деді Е.Бахмутова кешегі баспасөз мәслихатында.

Осылайша,  әлгі дәрістерде біздің елдің кез келген азаматы қор нарығының жұмысы туралы ақпаратқа қанығады. Дәрістер өтетін қалалар мен кәсіпорындарда арнайы агенттер –  промоутерлер жұмыс істейді. Дәрістер осы айдың ортасында басталмақ. Осы тұста өңірдегі қарапайым халық акционер атануға құлықты ма деген сауал көлденеңдейді. Мұның жауабын алдағы қараша мен желтоқсан айларынан кейін білеміз. Ал облыс орталықтарындағы қалталылардың еліміздегі ірі компаниялар санатындағы «KEGOC-тың» акциясын сатып алу үшін алақан ысқылап отырғаны белгілі. Себебі олар осыдан екі жыл бұрын сатылымға шығарылған  «ҚазТрансОйл» акционерлік қоғамы акцияларының әжептәуір қымбаттағанын біліп отыруы мүмкін. Қор нарығынан хабары бар мамандардың сөзіне қарағанда, «Қазтрансойлдың»   акциясы қор нарығындағы ең өтімді құнды қағазға айналыпты. Е.Бахмутова ханымның айтуынша, 2012 жылы 725 теңгеге бағаланып, сатылымға шығарылған  «ҚазТрансОйл» акциясының биржадағы құны күні кешелері  1109 теңге 98 тиын­ды құраған.  Баса айтар бір жайт, бұл  ком­панияның акцияларын, негізінен, жеке тұлғалар сатып алуда екен. Қазақстанда өндірілген  мұнайдың 60 пайызға жуы­ғын тасымалдайтын «ҚазТрансОйл» ком­паниясының қарапайым акцияларын   34 мың қазақстандық сатып алған. Олар акцияны орналастырған кезден бастап сатып алған акция құнының 25 пайыздан астам көлемінде дивиденттер түрінде түсім алып үлгеріпті.

Енді «Қазтрансойлдың» ізін алып «Халықтық ІРО» бағдарламасына   «KEGOC» АҚ шығарылмақ. Әзірге бұл компания акцияларының құнын айта алмай отыр. Алдағы қарашада әр акцияның бағасы мен саны нақтыланған соң, Қазақстан қор биржасы мен бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланады. Әзірге компания ІРО-ға дайындық жасап жатыр. Ол жұмысты халықаралық  тәжірибеге сай жүргізу үшін отандық және шетелдік консультанттарды тартыпты. «Осы жылдың 10 қыркүйегінде Алматыда Қазақстан қор нарығының,  Ұлттық банк өкілдерінің және брокерлік компаниялардың кәсіби қатысушыларының кездесуі өтті. Осы кездесуде біз компанияның қызметі туралы акциялар орналастырылғанға дейінгі жария емес алдын ала ақпаратты ұсындық. Бұл оларға компанияның болжамды құнын анықтауға мүмкіндік береді» деді «KEGOC» АҚ басқарма төрағасы Бақытжан Қажиев.

Мұнай тасымалдаушы «Қаз­транс­ойлдың» акциясына қызығушылық танытқандар енді энергия тасымалдаушы компанияның акциясына қалай қарар екен? Мұның бәрі бұл компания жарна­масына байланысты болары анық. Со­нымен бірге компания жұмысын ашық, жариялы түрде жүргізіп, табысты екеніне халықты сендіре алуы тиіс. Әзірге белгілісі, бұл компания   2025 жылға дейін 15 ин­вестициялық жобаны жүзеге асырмақ. 

Халима Бұқарқызы

http://www.aikyn.kz/news/view/58490

 



..