Айқын, 11.11.2014ж., «KEGOC» АҚ акциялары сатылымға шықты

Қазақ

11.11.2014

Айқын, 11.11.2014ж., «KEGOC» АҚ акциялары сатылымға шықты

«KEGOC» Электр желілерін басқару жөніндегі Қазақстан компаниясы «Халық IPO» Бағдарламасының қатысушысы атанды.Демек, қазақстандықтардың бүгіннен бастап ұлттық компанияның акцияларына иелік етуге зор мүмкіндіктері бар. 

Дей тұрғанмен, көпшілікті аталмыш компанияның акцияларын сатып алу қаншалықты тиімді екендігі қызықтыратындығы сөзсіз.

Осыған байланысты «KEGOC» АҚ қазіргі таңда ел ішінде тұрғындарды өзінің қаржылық-өндірістік қызметімен та­ныстыру үшін ауқымды кампания, анығырақ айтсақ, роуд-шоу өткізу үстінде. Бұл іс шара шеңберінде қазақстандықтар KEGOC-тың басым тұстары жайында ақпарат алып, неліктен дәл осы ком­панияның акцияларына иелік ету оңтайлы екендігін әрі өздерін қызықтырған сұ­рақтардың барлығына жауап ала алады. 

Алғашқы роуд-шоу 5 қараша күні еліміздің Бас қаласы Астана қаласында сәтті өтсе, ал 7 қарашада Алматы қаласында жалғасын тауып, қалың көпшіліктің қызығушылығын тудырды. «KEGOC» АҚ, «Самұрық-Қазына» АҚ, «Қазпочта» АҚ және брокерлік компаниялардың өкіл­дерімен қос қалада өткен кездесулердің қорытындысы бойынша, жиынға жи­налғандар пайдалы ақпараттар легімен танысып, акцияларға иелік ету ме­ханизмдерінен хабардар болды. 

 «Өтініштер шектеусіз қабылданады, барлық инвесторлар акцияның шектеусіз санына иелік етуге өтініш бере алады. Қанағаттандыру мәселесіне келсек, мұнда 14 мың акция көлемінде жазылған ин­весторлардың өтініштері еш шектеусіз қанағаттандырылады, ал сомасы 7,7 миллион теңгеден асатын құнды қағаздарға иелік еткісі келетіндерге сұраныс теңел­генше әрқайсысына бір акциядан қосылып отырады. Егер қандай да бір деңгейде ұсыныстар аяқталып, жеке тұлғалардың өтініштері қа­нағаттандырылса, акциялар бірыңғай зейнетақы жинақтау қорына сатуға ұсынылады. Бұл халықтық IPO, біз ел тұрғындарының осы мүмкіндікті пайдаланғанын қалаймыз», – деді «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ АҚ Басқарма төрағасы Өмірзақ Шөкеев Астанада өткен жиынның ашылу салтанатында.

«Осылайша, қазақстандықтар тікелей болмаса да, өздерінің зейнетақылары арқылы электр желілерін басқаратын компанияның бірге иемденушісі атана алады. Біз бұл кәсіпорынның акцияларына қаражат саламыз, себебі олардың жұмыс сенімділігін жақсы білеміз», – деді ҚР Ұлттық банк төрағасы Қайрат Келімбетов Алматыда өткен кездесуде. 

Ал екі қалада өткен кездесудің екеуіне де қатысқан «KEGOC» АҚ Басқарма төрағасы Бақытжан Қажиев қатысу­шылармен кездесу барысында «KEGOC» АҚ-тың сенімділігі мен тиімділі жайында әңгімелеп, сонымен қатар компанияның табысқа жету жағынан жағдайы қалыпты – жыл сайын 10-15 пайыздық табысқа кенелетіндігін айтып жеткізді. Сондай-ақ ол KEGOC компанияның табысынан келіп түскен 40 пайыз инвесторлардың ди­ви­денттеріне төленуге жоспарланып отырғандығын мәлімдеді. 

Құнды қағаздарға иелік ету туралы өтінішті 3-желтоқсанға дейін беруге болады. Ал 19 желтоқсаннан бастап энергетиканың монополисі саналатын компанияның акциялары қазақстандық қор биржасының қайталама нарығында сатылымға түседі.

Бұдан әрі роуд-шоу Қазақстанның ірі қалаларын, атап айтсақ, Қарағанды, Павлодар, Қостанай, Петропавл, Өскемен, Ақтөбе, Тараз, Шымкент, Қызылорда, Ақтау, Атырау, Орал және т.б өңірлерін қамтиды.

Бұл іс-шараға кез келген адам қатыса алады, тек өту мерзімін білсе болғаны. Ал бұл ақпарат «Халық IPO» бағдарламасының ресми сайтында орналасқан – www.halyk-ipo.kz. Роуд-шоу өткізу уақыты мен орны жайында толықтай мәлімет аймақтық БАҚ-тарда жарияланады. Сонымен қатар келесі телефон нөміріне хабарласуға болады: 8-800-070-15-70 (Қазақстан бойынша қоңырау шалу тегін). 

 



..