Айқын, 14.10.2014 /Акционер болу – мақтаныш

Қазақ

14.10.2014

Айқын, 14.10.2014 /Акционер болу – мақтаныш

Акционер болу – мақтаныш  

Әр адамның тірнектеп жүріп жинаған қаржысы оған қосымша табыстар әкелуге тиісСол кезде ғана қаржыңыз өзін-өзі ақтап, құндылығын жоғалтпайды. 

Дегенмен, кей кездері сол кірісті еселеп көбейтудің қосалқы жолдарын таппай әуреге түсіп жататынымыз бар. Егер табысыңыз әлдебір банктің ұяшығында немесе құлыптаулы сейфте жатса, бірнеше жыл өткен соң инфляцияның кесірінен өз құнын жоғалтуы да мүмкін. Оны тіпті банктің депозиттік пайыздары да жаба алмайды. Айтпақшы, бастапқы капитал көлемі көп болған сайын қаржыны да соғұрлым көбірек жоғалтасыз. Сондықтан ақшаны міндетті түрде біржола айырылып қалмайтындай сенімді бір іске құйған жөн. «Жинақ ақшамды қалай жұмыс істетсем екен?» деген сәтте ойға келетін бірінші амал – акция сатып алу. Өйткені тек осы жолмен ғана табысты, қомақты табысы бар сенімді компанияның тең басқарушысы бола аласыз.

image11.jpg  

Барлығы ел тұрғындары үшін

Бүгінде елімізде табысты компанияның акционері болу – әркім үшін қолжетімді дүниеге айналып отыр. Аз мөлшерде қар­жысы мен өз капиталын ұлғайтуға деген ынтасы бар еліміздің кез келген тұрғыны «Халық ІРО» мемлекеттік бағдарламасына қатысып жатыр. Бұл бағдарламаның басты мақсаты – ұлттық өндіріс орындарының акцияларын сату арқылы қазақстан­дық­тардың әл-ауқатын арттыру. «Халық ІРО» бағдарламасын іске асыру жөніндегі баста­маны Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев көтерді. 

Соңғы уақыттарда ағылшын тіліндегі ІРО (Initial Public Offering) ұғымы құлағы­мызға сіңісті болып, күнделікті сөз қолда­ны­сымызға еніп үлгерді. Дегенмен, термин­нің компания акцияларын «көпшілікке бастапқы ұсыну» деген мағынасы ел тұр­ғындарының барлығына бірдей таныс емес. «Халық» дегеніміз – құнды қағаз­дардың тек қана Қазақстан азаматтарына ұсыныла­ты­нын білдіреді. «Халық ІРО» бағдарлама­сы­ның іске асуы арқылы халық өз қаржыларын белгілі бір іске жұмсауға мүмкіндік алады.

Акцияларды сатудан түсетін табыс тұ­рақты түсіп отырады. Өйткені «Халық ІРО» бағ­дарламасына қазақстандық экономика­ның негізі саналатын аса ірі табысты ұлттық компаниялар қатысып отыр. Бұл – «Самұ­рық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ компаниялар тобына кіретін еліміздің стратегиялық активтері. Бүгінде ел эконо­микасының төрттен бірі солардың үлесінде. Биыл «КEGOC» АҚ өз акцияларын саты­лымға түсіріп жатса, келесі жылы қазақстан­дықтар мемлекет қатысуындағы «Самұрық-Энерго», «Қазақстан темір жолы», «Қа­з­атом­пром» сияқты компаниялардың акцияларын сатып ала алады. 

Мемлекет базалық өндіріс орындарын өз қадағалауында ұстайды, өйткені саты­лым­ға компания акцияларының аз ғана пакеті шығарылады. Бұл өз кезегінде ұлттық компаниялардың жариялылығын артты­рып, олардың қызметіне деген қоғамдық бақылауды күшейте түспек. 

Акцияларды сату барысында ең алды­мен, Қазақстан азаматтарына басымдық беріледі. Сонымен қатар екінші кезекте елі­міздің аса ірі өндіріс ошақтарының акция­ларын Бірыңғай Ұлттық Зейнетақы Қоры­ның са­тып алуына болады. Мамандардың айтуын­ша, бұл – акция бағасының тез арада бірден өсіп кетуіне жол бермеу мақсатында жаса­лып отырған шара. Ұзақ мерзімді инвести­ция­ның озық тәсілі осы. Яғни ел азамат­тарының болашақ зейнетақылары үшін жасалып жатыр деуге болады.

Барлық акция шағын бір топтың қолын­да кетпес үшін бағдарлама барысында «бір адамға» сатылатын акциялардың шекті мөл­шері белгіленген. Ал акциялардың жұрт­шылыққа барынша қолжетімді болуын қамтамасыз ету үшін бағдарламаға «Қаз­пош­та» және «Халық банкі» трансфер-агент ретінде қатысып отыр.

Акция иелері атанған азаматтар ұлттық компанияны басқару ісіне қатыса алады. Атап айтқанда, акционерлердің жалпы жи­налысында дауыс беруге құқылы. Сондай-ақ олар жалпы табыстың бір бөлігінен ди­видендтер алады. Сонымен қатар «Са­мұ­рық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ ережелеріне сәйкес, «еншілес» компа­ниялар жыл сайынғы таза табысының бел­гілі бір бөлігін осы мақсатқа жұмсап отыруы тиіс. Акция иелері бұл қаржылардың баға­сы­ның өзгеруіне байланысты табыс ала алады. Әрине, бұл жерде акция бағасының өсіп немесе керісінше төмендеп отыра­тынын да ескерген жөн. 

«Халық ІРО» – тамаша мүмкіндік

Өздеріңізге белгілі, «Халық ІРО» бағдар­ламасы Қазақстанда алғаш рет 2012 жылы басталды. Алғаш рет өткізіліп отырса да, мұ­най тасымалы саласындағы ең ірі опера­тор – «ҚазТрансОйл» АҚ акциялары табыс­ты түрде сатылып кетті. «ҚазТрансОйл» АҚ – еліміздегі мұнай өндірісі бойынша 60 пайыз үлесі бар компания. Табысы да тұрақ­ты әрі қаржылық көрсеткіштерін жақсартуға деген мүмкіндіктері зор саналатын алпауыт. Нәтижесінде, 34 мың қазақстандық «Қаз­ТрансОйлдың» 38 миллионнан астам ак­ция­сын сатып алып, халықтық акционер атанды. Бұл жерде сұраныстың ұсыныстан екі есе асып түскенін атап өткен абзал. Бү­гінде акция иелері өздері сатып алған уа­қыт­тағы акция құнының 25 пайызы көле­мінде дивидендке ие болып отыр. 

Бағдарламаның алғашқы кезеңінде ақтөбеліктер айрықша белсенділік таныт­қан. Мамандардың айтуынша, ІРО-ға қатысу үшін осы өңірден 3 мыңнан астам өтініш келіп түскен. Ал аса ірі мегаполис саналатын Алматы өңірінен келіп түскен өтініштер саны 1700-ге жеткен. Сонымен қатар «Қазтрансойл» акцияларына Атырау, Батыс Қазақстан, Маңғыстау облыстары тұрғындары да елден ерекше қызығушылық танытқанын айта кету керек. 

«ҚазТрансОйл» акциялары Қазақстан қор биржасы листингіндегі үлестік құнды қағаздар арасындағы өтімділік рейтингінде көш бастап тұр. Сауда басталғалы бергі әрбір бесінші келісім осы «ҚазТрансОйл» АҚ акцияларын сату бойынша жасалып отыр­ған. Сонымен қатар мамандар Қазақ­стан азаматтарының бұл науқанға тек сатушы емес, сатып алушы ретінде де бел­сенді қатысып отырғанын айтады.

2012 жылдың 5 желтоқсанында саудаға түскен «ҚазТрансОйл» АҚ акциялары 725 теңгеден сатылса, 2013 жылдың 1 қаңтарын­да бұл баға – 830, 2014 жылдың 16 ақпанда 1270 теңгеге жетті. Яғни акция құны саты­лым­ға түскен уақыттан бері 76 пайызға дейін көтерілген. Бүгінде құнды қағаздың бағасы 1030 теңге болып отыр. Бағалардың осылайша өсіп отыруы өз қаржысының үстінен табыс көргісі келетін әрбір адамды ойландырмауы мүмкін емес. Демек, әрбір қазақстандық үшін ең тамаша мүмкіндік – «Халық ІРО» бағдарламасына қатысу. 

Бұл бірегей жобаға қатысты барлық мә­лі­метті сіз halyk-ipo.kz сайтынан немесе 3343434 (Алматы) және 8000701570 (ай­мақтар үшін) телефондары арқылы біле ала­сыз. Сондай-ақ аталған бағдарлама ая­сын­да өз акцияларын қор биржасына орна­ластырып жатқан компанияларға хабар­ласуыңызға да болады.

Облыс орталықтары мен ірі қалаларда тұратын халықты жан-жақты ақпарат­тан­дыру үшін ІРО саласындағы сертификаты бар тәжірибелі мамандар мен брокерлік компаниялардың қызметкерлері арнайы лекциялар өткізіп, «Халық ІРО» бағдарла­масы бойынша түсіндіру жұмыстарын жүр­гізіп жатыр. Арнайы лекциялардың өткізілу орны мен мерзімі туралы ақпараттарды halyk-ipo.kz сайтынан біле аласыз. 

Болашаққа қадам

Әлемнің кез келген бұрышындағы кәсі­бін шырқ үйіріп, дөңгелентіп отырған компаниялардың акцияларын сатып алу бүгінде ешқандай қиындық тудырмайды. Ол үшін брокерлік компаниядан өз есеп-шотыңызды ашсаңыз жеткілікті. Әрине, заң бойынша жеке тұлғалар саудаға тікелей қатыса алмайды, ол үшін құнды қағаздар нарығының кәсіби қатысушылары – бро­керлік компаниялар арқылы саудаңызды жүр­гізе аласыз. 

Айта кетерлігі, бүгінгі таңда брокерлік компаниялардың барлық елді мекендерде жұмыс істеуіне мүмкіндік аз. Бірақ соған қарамастан, инвесторға қашық жердегі (өзге елдімекенде орналасқан) брокерлердің қызметіне жүгіне алады. Ол үшін сол брокер клиенті болып саналатын трансфер-агент­тің қызметін пайдалана алады.

Трансфер-агент қызметін брокер мен инвестор арасындағы көпір деуге болады. Ол инвестор мен брокер арасындағы бро­кер­лік қызмет көрсету жөніндегі келісім­шарт сияқты құжаттарды бір-біріне тапсы­рады. Трансфер-агент қызметін пайдалануға бел байлаған инвестор оның қызметінің ақы­сына қатысты қосымша шығындарды төлеуге дайын болғаны абзал. Инвестор тұ­рақ­ты түрде табыс табады деугеде болмай­ды. Дивидендтер компания табыс тапқан жағдайда ғана төленеді. Дегенмен, «Халық ІРО» үшін мемлекет қолдауына ие эмитент­тер шығарылады, ал олардың акцияларының бастапқы құнынан төмендеуі екіталай. 

Әйткенмен, тәуекелдерді барынша төмен­детуге мүмкіндік бар. Бұл үшін акция сатып алуға тек қана басы артық ақшаны, яғни өзіңіздің өмір тіршілігіңізге сонша­лықты қажет емес, ұзақ уақыт инвестицияға жұмсай алатын қаржыны ғана жұмсаған жөн. 

Еске сақтайтын тағы бір жайт: жеке тұл­ғалардың депозиттерінің жалпы сомасына «Депозиттерге кепілдік берудің қазақстан­дық қоры» АҚ-мен кепілдік берілген (сый­ақысы қосылмайды және заң бойынша бекітілген көлемде ғана). Олар осы жүйеге қатысушы банк мәжбүрлі түрде таратыл­ған­да көмекке келеді. Ал «Халық ІРО» бағдар­ламасына қатысушы компания акцияла­ры­на жұмсалған қаржыға ешқандай кепілдік беріл­мейді. Акционер құнды қағазға қатыс­ты барлық жауапкершілікті өз мойнына алуға тиіс.

Қолыңыздағы қаржы жай жатпай, үс­те­ме табыс әкелсін десеңіз, өз мүмкін­дік­тері­ңізді терең саралап, дұрыс әдісті таңдаға­ныңыз абзал. Сарапшылардың айтуынша, монополияға қаржы салуда тек қана ұзақ мерзімді бағытты таңдаған акционерлер ғана ұтады. Бұл мерзім 1 жылдан 5 жылға дейін созылуы мүмкін. Акцияны одан да ұзақ ұстау тек қаржы саласында әбден ысыл­ған, өзін биржада өте сенімді ұстай ала­тын адамдарға ғана тиімді. Не десек те, «халықтық эмитенттер» акциялары мем­лекет қолдауына ие, сондықтан бағ­дарламаға қатысқан абзал.

«Қазақстан Республикасы Үкіметінің Қаулысына сәйкес, «KEGOC» АҚ өз акциялары көлемінің 10 минус 1 пайызын қор нарығына шығару туралы шешім қабылдады» деді «KEGOC» компаниясының басқарма төрағасы Бақытжан Қажиев. Қажиев мырзаның айтуынша, «KEGOC» ұлттық компаниясы «Халық IPO» бағдарла­масына қатысуға тастүйін дайын. «Бірыңғай электр жүйелерінің желілік операторы болып табылатын компаниямыз бағдарла­маға қатысуға толықтай дайын. Компания өз акцияларын саудалау кезінде ең алдымен Қазақстан Республикасының азаматтарына басымдық беріледі. Әрі акционерлерімізді нарық заңына қалай бейімдеу қажеттілігі туралы нақты жоспарымыз да бар. Ол үшін «Халық IPO» бағдарламасын жүзеге асыру механизмдерін әрі оның мақсаттары мен міндеттерін, құнды қағаз нарығының қыз­мет ету қағидаларын түсіндіру мақса­тын­да арнайы ақпараттық-білім беру науқаны іске асыратын болады. Бағдарламаға дайындық барысында корпоративтік басқару қағи­даларын жетілдіре отырып, компания­мыз­дың әрекетін айтарлықтай ашық және ха­лық­аралық стандарттарға сәйкестенірдік. Біз бизнестің осы секторында өзгелерге үлгі болуға тырысамыз» деп атап өтті ол. 

ТМД елдеріндегі электр энергиясын тасымалдайтын компаниялардың ішіндегі көшбасшылардың бірі болып отырған «KEGOC» АҚ-ның «Халық IPO» бағдар­лама­сына қатысатыны нақты белгілі бол­ғанымен сатылымға түсетін әр акцияның бағасы мен нақты саны әлі белгіленбепті. Аталмыш компанияның басқарма төрағасы акция бағасы мен нақты саны туралы ақпараттың қараша айының басында яғни өтініш беру басталар кезде белгілі бола­тынын атап өтті. «Нақты ақпараттар Қазақ­стан қор биржасы (КASE-ред) мен бұқара­лық ақпарат құралдарында жарияланады. Акция сатудан түскен қаражат бизнес-компаниялардың дамуына, оның ішінде инвестициялық бағдарламаларды қаржы­лан­дыруға жұмсалады.

Жамал Күреңкей 

http://www.aikyn.kz/news/view/59410



..