Айкын (Алматы), № 204 (2598), 08.11.2014

Қазақ

08.11.2014

Айкын (Алматы), № 204 (2598), 08.11.2014

«Халық ІРО»: «жедел желі» өзінің тиімділігін көрсетті /Жұлдыз Байділда/

Бүгінде «халықтық акционер» атауы жұрт арасында кеңінен танылып, еліміздегі жетекші компаниялардың акционері болу бақыты әрбір адам үшін қолжетімді әрі қарапайым дүниеге айналып отыр.

 Қолында аздаған қаржысы мен өз капиталын ұлғайтуға деген ынтасы бар тұрғындардың біразы «Халық ІРО» мемлекеттік бағдарламасына қатысып жатыр. Нәтижесі де жаман емес. Осыдан екі жыл бұрын ғана «ҚазТрансОйл» компаниясына қаржы салған акционерлер жұмсаған ақшасының 25 пайызы көлемінде дивиденд алып жатыр. Осыған қарап небәрі үш жыл ғана бұрын қазақ қоғамына келіп енген «Халық ІРО» бағдарламасының ақпараттық насихат жұмыстары аз уақыттың ішінде межелеген деңгейді бағындырғанын байқауға болады.

Дегенмен, кейбір сарапшылар маңызы зор бағдарлама туралы жан-жақты ақпарат алғанымен, құнды қағаз нарығы туралы түсінігі аз азаматтардың әлі де көп екен айтады. Жақында қазақстандық банктердің бірі дәл осы бағдарлама туралы шағын зерттеу жүргізген. Зерттеу нәтижесінде қазақстандықтардың құнды қағаздар нарығы жалпы қаржылық операцияларға қатысты сауатының өте төмендігін көрсеткен. Халықты жедел желіде ақпаратпен қамтамасыз ететін «Аспан» Лтд колл-центр компаниясының директоры Владимир Ковалевтың айтуынша, мұндай жайтты жедел желі мен брокерлерге хабарласқан азаматтардың сұрақтарынан-ақ байқауға болады. «Бұл халықтық IPO, қор нарығы жайлы ақпараттарды түсіндіруді әлі де жалғастыра беру керектігін көрсетеді» дейді ол.

Call center демекші, «Халық ІРО» мемлекеттік бағдарламасының қазақ қоғамына етене еніп, жұрт арасында өз деңгейінде танылуына жедел желі қызметінің айшықты мәні болғанын айта кету керек. «Бүгінде азаматтардың басым бөлігі қаржы және экономика саласындағы білімдерін арттыруына мүмкіндік беретін семинарлар мен брокерлік компаниялардың қызметін жедел-желіден алған ақпараттар арқылы пайдаланды» дейді сарапшылар.

Халық ІРО бағдарламасы – қосымша кіріс табудың бір жолы. Халықтық акционер болу үшін бір ғана құжат – жеке бас куәлігіңіз және қарапайым бес түрлі қадам жасасаңыз жеткілікті деп жарнама жұмыстары жасалғанымен, акция сатып алу және оны рәсімдеуге қатысты мәселелер туындап жатады. Әрине, мұндай жағдайлардың дені call center көмегі арқылы шешіліп отырды. Яғни акционер атануға ниет танытқан қарапайым халықтың көбі halyk-ipo.kz сайтының 8-800-070-15-70 нөмірлі call-орталығы телефоны арқылы науқанның талаптары мен ережелері жайлы тегін әрі пайдалы кеңестер ала алды.

Операторлардың айтуынша, бастапқы кезде, яғни қор нарығына «ҚазТрансОйл» акциялары шығарылған тұста call center жұмысы өте қауырт болыпты. Кейін бәсеңдеп, дивидендтік төлемдер кезі келгенде қайта жиілеген. Сол кезде операторлар күн-түн демей инвесторларды қандай кірістер күтіп тұрғанын, дивидендтік түсімдерді қайдан алуға болатындығы жайлы ақпараттар беріп отырған. «Соңғы екі жылға жуық уақыт call-орталықтың жұмысы біраз уақытқа бәсеңдеді. Бағдарламаны жалғастыру туралы Үкіметтің қаулысынан кейін желіге қайта жан бітті. Жедел желіміз бағдарламаның бірінші кезеңінде ғана жұмыс істеп қана қойған жоқ. Кейін де халықты ақпараттандыру бойынша өз жұмысын жалғастырып отырды. Шұғыл қажет болған жағдайда операторларға түн ортасында да қоңырау шалып, ақпарат алуға болады. Барлық қоңырауларға операторлар нұсқаулыққа сай жауап береді. Мысалға, аталмыш қоңырау шалушыға акцияларды сатып алу бойынша рәсімдерді жүргізген трансфер-агентке немесе брокерге хабарласуға кеңес беріледі. Қазір жедел желі тәулігіне мыңға жуық қоңырауды қабылдай алады. Оларға сегіз кәсіби білікті операторлар жауап береді. Олардың кейбірі өткен жылы да тұрақты инвесторларға кеңес берген тәжірибелі мамандар» дейді «Аспан» ЖШС директоры.

Бүгінге дейін жедел желінің ең танымал сұрақтарының бірі – KEGOC акцияларының қашан сатылатындығы болып келіпті. Владимир Ковалевтың сөзінше, қоңырау шалушылардың 70 пайызға жуығы жазылудың басталу мерзіміне қатысты сұрақ қояды екен. Сауалдардың қалған бөлігі акцияларды қалай сатып алуға болатыны және дивидендтерді алу жолдарына қатысты. Сонымен қатар «Халық IPO» бағдарламасына қатысу талаптары жайлы сауал қоятындар да аз емес. Хабарласушылардың тағы біршамасы halyk-ipo.kz сайтындағы жалпы бағдарлама туралы, инвестицияны қалай салу керектігі және тәуекелдер мен кепілдіктер секілді жауабы дайын сұрақтарды қойған. «Жедел-желі қызметіне мәселелермен ғана емес, сондай-ақ шағымдармен де қоңыраулар шалып жататындар бар­шылық. Көбіне трансфер-агенттіктердің дайындығының төмендігі мен олардың орналасқан жерлерінде болмауына шағымданады. Мұн­дай сауалдар көбінесе алыс аудандардан келеді» дейді колл-орталық операторлары.

Call center қызметкерлерінің айтуынша, дәстүрлі сұрақтар ғана емес маңызды сұрақтармен хабарласып жататындар да жоқ емес. Сондай сұрақтардың бірі деп – «акция алу үшін жұбайымның келісімі керек пе?» деген сауалды айтуға болады. Әрине, жұбайыңыздың келісімі керек. Ол ауызша ғана емес нотариалды түрде куәландыруы қажет. «Құнды қағаздарға қатысты келісімдердің барлығы да міндетті түрде отбасы мүшелерінің келісімімен жасалуы тиіс. Бірақ акция саудасының басталғанына аз уақыт болғандықтан, көбі оны ескере бермейді. Тіптен көбі білмейді деуге болады. Керек болса брокерлер де мұндай талап қоймаған. Көп жағдайда бұл заңдылық орындала бермейді. Бірақ түбінде зияны болуы мүмкін. «Отбасы және неке туралы» заңға сай, бағалы қағаздар да жұбайлардың бірлескен мүлкі болып табылады, ал оларды басқару олардың бірлескен келісімімен жүзеге асырылады» дейді «Private Asset Management» брокерлік компаниясы заң департаментінің директоры Жалғас Құлыншақова. Бұл құжатты рәсімдеу оңай: «Мен, азаматтың аты-жөні, осы өтініш арқылы жолдасыма/әйеліме – (аты-жөні туған жылы, жеке куәлігінің деректері көрсетілуі керек) жинақтаған қаржымызды инвестициялау мақсатында құнды қағаздарды сатуға/сатып алуға келісімімді беремін» деген келісімі болса жеткілікті.

Сондай-ақ жиі қойылатын сұрақтардың бірі – акцияларды мұраға қалдыру мәселесіне қатысты болып жатады. Әрине, сатылып алынған акция мүлік болып табылады. Сол себепті, оның иегері оны иемденіп қана қоймай, сатып, біреуге сыйлай немесе мұрагерлікке қалдыра алады.

Айтпақшы, «акция мүлік болып табылатын болса, оны банктерге кепілге қалдыруға бола ма?» деп сауал жолдаған азаматтар да бар. Іс жүзінде бағалы қағаздар кепілдік мүлік бола алады. Бірақ өкінішке қарай, еліміздің ешқандай банкі акцияны кепіл мүлік ретінде алып жатқан жоқ.

Сол секілді «азаматтығымды ауыстырған жағдайда акцияларымды қайда жіберемін?» деген сауал да қойылыпты. Өте орынды сауал. Бірақ отандық компаниялардың акциялары тек ҚР азаматтарына ғана сатылады. Бірақ басқа елдің азаматтығын алатын тұлғаларға акцияларын қайтарсын немесе басқа адамға сатсын деген ереже жоқ. Заңды иесі болып қала бересіз.

Бүгінде жедел желімен қатар halyk-ipo.kz сайтының онлайн-кеңес қызметі тұрақты жұмыс істеп тұр. Қызметтің бұл түрін оң жақ төменгі бөлікте диалогтық терезе арқылы пайдалана аласыз. Жұмыс күндері 9:00-ден 18:00-ге дейін жұмыс істейді. Жұмыс күнінен тыс күндері қойылған сұрақтар ортақ базаға түсіп, жұмысқа кіріскен сәтте консультанттарға жолданады. Бүгінде мамандар күнделікті 10-15 хабарлама алатынын айтады. Алайда жобаның іске асуына байланысты келіп түсетін хабарламалардың саны өсуі мүмкін.

Бұл жерде де халық тарапынан «брокер деген кім, олар не үшін қажет, Халық IPO-ға кімдер қатыса алады? Олардың жасы, жынысы, қызметіне шектеу бар ма?» деген қалыпты сұрақтардан тыс «инвестиция салмақ ниеттегі азаматтарға қандай сомаға акцияны сатып алуға кеңес берер едіңіз? Акцияларды өзіңде қаншалықты ұзақ ұстаған жөн» деп немесе эмитент-компания акцияларының келешектегі бағамдары турасындағы кеңестер сұрайтын азаматтар да кездесіпті. Жақында бір азамат «Халық IPO» турасындағы министрлердің бірінің айтқан сөздерін талдап беруді өтініпті. Алайда, консультанттар мұндай тұрғыдағы кеңестер бере алмайды. Бұл сұрақтарға жауап беру операторлардың құзырына кірмейді», – дейді «Аспан» Лтд колл-центр компаниясының директоры Владимир Ковалев.



..