Айқын, КЭЖ туралы білгіңіз келсе... /№102(2496) 14 маусым 2014

Қазақ

14.06.2014

Айқын, КЭЖ туралы білгіңіз келсе... /№102(2496) 14 маусым 2014

Нарықтық экономикаға көшкелі бері бұл салада түрлі терминдер пайда болды. Соның бірі – корпоративтік әлеуеметтік жауапкершілік (КӘЖ). Қарапайым тілмен түсіндірсек, бұл бизнестің өз еркімен қоғамның әлеуметтік, экономикалық, экологиялық салаларының дамуына үлес қосуы. Алайда біздің елдің бизнес өкілдері КӘЖ қағидалары туралы көп біле бермейді екен. Соның бір дәлелі, әлі күнге дейін қоғамда КӘЖ қағидалары туралы бірыңғай түсінік қалыптаспаған. «KEGOC» акционерлік қоғамы осы олқылықтың орнын толтыру үшін «Корпоративтік әлеуметтік жауапкершілік – электр энергетикалық компаниялары үшін: бизнес тиімділігін арттырамыз» атты салалық оқу құралын жарыққа шығарды. Жуырда аталған оқу құралдың таныстырылымы өтті.

Қазақ және орыс тілдерінде дайындалып, жарыққа шыққан бизнес құралдың тұсаукесеріне «KEGOC» АҚ  басшылары мен ұлттық компанияның өңірлердегі өкілдері қатысты. Оқу құралын «KEGOC» АҚ-ның өкілі, оқу құралының жалпы редакциясын барқарған Марат Қалменов таныстырды.

Әуелі, кітап туралы, бизнеске арналған оқу құралының басты ерекшелігі, тәжірибеге бағытталғандығында болып отыр. Яғни КӘЖ стратегияларын әзірлеу және жүзеге асыру, қаржылық емес есеп дайындау, КӘЖ-дің негізгі бағыттарын комапниялардың саясатына енгізу жөніндегі ұсыныстарды да осы кітаптан табасыз. Ал кітаптағы әр бөлім компанияға КӘЖ-ді енгізу деңгейін жылдам бағалауға мүмкіндік беретін өзін-өзі бағалау кестесімен аяқталады. Кітапқа АҚШ, Франция, Ресей, Италия, Украина және өз еліміздегі компаниялардың КӘЖ тәжірибелері енгізілген. Қысқасы, кітаптың әсіресе, компаниядағы топ-менеджерлер, бұқарамен байланыс жөніндегі, еңбек ресурстары жөніндегі, экология мен үкіметпен байланыс жөніндегі менеджерлер үшін сондай-ақ электр энергетикасы саласындағы компаниялардың КӘЖ-ді жүзеге асыруға жауапты қызметкерлер үшін пайдасы зор.

«Бұл жобаны қолға алуымыздың себебі бар. Бірнеше мәрте жүргізілген арнайы зеррттеулер еліміздегі бизнес өкілдерінің негізгі КӘЖ қағидалары туралы білетін мәліметінің аздығын, сондай-ақ мүдделі топтардың (мемлекет, бизнес және мемлекеттік алаң) КӘЖ қағидалары туралы бірыңғай түсінігі жоқтығын көрсетті. Сондықтан «KEGOC» компаниясы осы жобаға бастамашы болды» дейді Марат Қалменов. Оның айтуынша, алғашқы таралымы 1500 дананы құрайтын оқу құралы еліміздің энергетикалық кәсіпорындарына, мемлекеттік органдарға, үкіметтік емес ұйымдар мен оқу орындарына таратылады. Ал оқу құралына қызығушылық танытқандар болса, оны «KEGOC» АҚ-ның www.kegoc.kz сайтынан таба алады. Оқу құралын жазушылардың айтуына қарағанда, кітапты кез келген компания КӘЖ стратегиясын әзірлеуде нұсқау ретінде пайдалануына болады.

«Бір айта кетерлігі, оқу құралмен танысқан кез келген адам, ол тіпті дайындығы жоқ оқырман болсын, КӘЖ қағидаттары мен идеялары туралы толық ақпарат алып, өз жұмысында қодана алады. Оқу құралында Қазақстандағы КӘЖ-ді дамыту ерекшеліктері, сонымен қатар, 30 халықаралық және отандық жетекші компанияның КӘЖ саласындағы үздік тәжірибелері мен ғаламдық бастамалары туралы мәлімет бар. КӘЖ саласында жиі қолданылатын терминдерге түсініктеме глоссарий түрінде берілген» дейді М. Қалменов.

«Бұл бизнес құрал дәл бүгіндері, яғни «Қазақстандағы корпоративтік әлеуметтік жауапкершіліктің ұлттық тұжырымдамасы» талқыланып жатқанда жарық көрді. Сондықтан оқу құралы КӘЖ-дің жүйелі дамуына жол ашып, Қазақстанның дамуына үлес қосады деп сенеміз» дейді компанияның Адами ресурстарды басқару департаментінің бас менеджері Асылжан Төрениязова.

Айта кетейік, «KEGOC» АҚ КӘЖ саласында айтарлықтай табысқа жете білген компания. Мәселен, өткен жылы ірі кәсіпкерлік нысандары арасындағы «Үздік әлеуметтік-жауапты кәсіпорын» аталымы бойынша бас жүлдені иемденіп, «Парыз-2013» сыйлығының лауреаты атанды. Ал үстіміздегі жылдың сәуір айында республикалық «Сенім-2014» конкурсында «Үздік ұлттық жұмыс беруші компания» аталымы бойынша жеңімпаз болды. Бұл компанияның кадр саясаты, әлеуметтік-еңбек қатынастары, кадрларды кәсіби дамыту және қызметкерлер талабын қанағаттандыру бағытында тиімді жүргізілген жұмыстардың нәтижесі екені анық.

Халима Бұқарқызы