Айқын, №228(2622) 13 желтоқсан 2014

Қазақ

13.12.2014

Айқын, №228(2622) 13 желтоқсан 2014

Қуат көзі

KEGOC «Солтүстік-Шығыс-Оңтүстік ВЛ 500 кВ транзит құрылысы» жобасы бойынша жоғарғы вольттық электр желісін тартуда. «Солтүстік-Шығыс- Оңтүстік ВЛ 500 кВ жоғарғы вольттық құрылысы» жобасын іске асыру мерзімінде 2000-ға жуық жұмыс орны ашылады. Қазірдің өзінде Екібастұздан Өскеменге дейінгі аралықтағы бастапқы құрылыс учаскесінде 700 маман мен жұмысшы еңбек етуде. Оның жартысы Семей қаласының түбіндегі қуаттылығы 500 кВ болатын «Семей» қосалқы станциясын салу үстінде. Арнайы ұйымдастырылған баспасөз-тур барысында электр жеткізу желілерінің құрылысы жайында «KEGOC» АҚ басқарма төрағасы Бақытжан Қажиев егжей-тегжейлі айтып берді.

 Үшінші транзит деп аталатын құрылыс жобасының маңыздылығына келетін болсақ, Мемлекет басшысы өзінің Қазақстан халқына арнаған «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» атты Жолдауында белгідеген жаңа экономикалық міндеттердің ішінде бұл жобаны республикамыздағы энергетикалық инфрақұрылымды дамыту бойынша дербес бағыт ретінде атап көрсетті. Тапсырма – нақты, бағыт – айқын: 2018 жылға қарай «Екібастұз-Семей-Өскемен» және «Семей- Ақтөбе-Талдықорған-Алматы» бағыттары бойынша жоғарғы вольттық электр желілерінің құрылыстары аяқталып, пайдалануға берілуі тиіс. Құрылыстың жалпы ауқымдылығын түсіну үшін, 4 жылдың ішінде іске асырылатын жоба аясында 1500 жоғарғы вольттық электр желісі тартылатынын, Семей, Ақтоғай және Талдықорғанда 500 кВ үш қосалқы станция салынатынын, сондай- ақ Екібастұздағы, Алматыдағы және Өскемендегі жұмыс істеп тұрған қосалқы станциялардың қуаты молаятындығын еске салсақ та жеткілікті.

– Жобаның жалпы құны 120 млрд. теңге көлемінде бағаланып отыр. Бұған құйылатын қаражат ұлттық компанияның өзінің қаржысы да, сондай-ақ несиеге алынған қаржы да болуы мүмкін. Біз құнды қағаздар нарығында таратылым үшін облигациялар шығаруды жоспарлап отырмыз. Бұл жоғарыдағы жобаға еш ауыртпашылықсыз қомақты қаржы салуға мүмкіндік беретін өте тиімді және экономикалық сенімді қадам болмақ. Сонымен қатар, «Халықтық ІРО» бағдарламасы аясында компания акцияларын сатудан түскен қаржыны осы бағытта пайдаланатын боламыз, ал бұл қаржы көлемі 13 млрд. теңгені құрайды, - дейді компанияның басқарма төрағасы Бақытжан Қажиев.

Бақытжан Қажиевтің айтуынша, «KEG­OC» акционерлік қоғамы Солтүстік-Батыс және Батыс-Оңтүстік секілді алғашқы екі транзиттің құрылысын жүргізу барысында мемлекет қаржысын пайдаланса, Үшінші транзитке мемлекет қаражатын қолдана алмайды. Себебі, кәсіпорынның меншік иесі «Халықтық IPO» бағдарламасы аясында пайда болатын көптеген акционерлер болып табылады. Сол себепті де жобаны қаржыландыруға осы тәсіл таңдап алынды.

Жоба екі кезеңге бөлінеді және 2018 жылы аяқталмақ. Жобаны еліміздің индустриализациялау жаңа жобасын іске асыруға қатысты өткен 2 шілдедегі телекөпір кезінде Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі іске қосты. Сол күні жазық далада алғашқы жоғарғы вольттық электр бағанасы қойылды. Сол сәттен бері арада 5 айға жуық өтті. Қазір бұл жерде жоғарғы вольттық бағаналар және Семей қосалқы станциясы үшін құрылғы жабдықтары бағаналарының қарасы көбейген. Бүгінгі күні Семей мен Өскемен арасында 300-ден астам жоғарғывольттық бағаналар тұрғызылып, сымдар тартылған. Алдағы уақытта салынатын қосалқы станциялардың аумағында 1000-нан астам бетоннан құйылған тіреулер тұр. Геодезист Саят Байдолланың айтуынша, олардың бригадасына осындай 36 тіреу салу міндеті ғана қалыпты. Содан кейін мұнда басқа мамандар келеді. Олар тіреулерге қажетті құрылғыларды іледі.

Семейлік монтажшылардың шеберліктері мен жылдамдықтарына ресейлік әріптестері таң қалады. Бұл күндері Семейге Ресейдің Екатеринбург зауытының өкілдері келіп жатыр екен. Олар шағын стансаның құрылысына 220 кВ жабдықтар әкеліпті. Олардың айтуынша, ресейліктер қазақстандық мамандардан тәжірибе алатындай жағдайда екен. Қазақстандық мамандардың қарқынды жұмысына ресейлік әріптестері сүйсініп отыр.

Жобаны іске асыру барысында 500 кВ басқарылатын реактор қолданылмақ, сондай-ақ әлемдік өндірушілердің ең жаңа жабдықтары қойылады. Бұл элегаз өшіргіштері, ажыратқыштары, өлшегіш трансформаторлар, қуат күшінің артуына шектеу қойғыш, сондай-ақ қорғаныс пен автоматиканың сандық жаңа микропроцессорлық терминалы. Шетелдік озық технологиялармен қатар қазақстандық тауар өндірушілердің материалдары да кеңінен қолданылады. Құрылыстағы мердігерлік жұмыстардың барлығын тек қазақстандық компаниялар атқарып жатыр.

Мыңдаған мамандар мен жұмысшылардың күш-жігері бір ғана мақсатқа жетуге – Қазақстанның энергия қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған. Қазақстанның оңтүстігі мен солтүстігі арасында электр қуатын жеткізудегі теңсіздік едәуір байқалады. Еліміздің солтүстігінде электр қуаты артылып жатыр, оны біз Ресейдің көрші облыстарына сатуға мәжбүрміз, ал еліміздің оңтүстігі электр қуатынан қатты зәрулік көруде.

– Бүгінгі күні Оңтүстік Қазақстан аумақтары 3200 МВт электр қуатын тұтынады, ал «Жамбыл ГРЭС-ның» өзіндік генерациясы небәрі 1200 МВт ғана құрайды, – дейді Бақытжан Қажиев, – 1200 кВт электр энергиясы қат. Оның орнын біз 2009 жылы пайдалануға берілген «Солтүстік-Оңтүстік транзит» желісімен толтырдық. Ал, ең қауырт кезеңдерде электр қуатын Орталық Азия елдерінен сатып аламыз немесе «Жамбыл ГРЭС» есебінен толтырамыз. Сонымен қатар, еліміздегі жыл сайынғы электр қуатын тұтыну деңгейінің өсуін де есепке алуымыз керек. Ол жыл сайын 4 пайызға өседі.

«Солтүстік-Шығыс-Оңтүстік жоғары вольттық 500 кВ транзит» құрылысы пайдалануға берілгеннен кейін «Солтүстік- Шығыс» және «Солтүстік-Оңтүстік» бағыттарындағы Ұлттық электр желісінің (ҰЭЖ) өткізу қабылеті арта түседі. Нәтижесінде, ҰЭЖ транзиттік күші көбейеді және болашақта оңтүстік өңірдегі электр қуатын тұтынудың деңгейі өскен жағдайда орнын толтыру үшін Солтүстік Қазақстандағы электр көздерінен электр қуатын қосымша жіберуге жағдай жасалады.

Бұл жерде тағы бір маңызды мәселе шешілмек. Жаңа желі Шығыс Қазақстан облысының кейбір аудандарына электр қуатын жеткізетін ресейлік транзиттік желілерден бас тартуға мүмкіндік береді. Бұдан басқа да маңызды бірқатар мәселелер шешілетін болады. «Ақтоғай – Алматы», «Ақтоғай – Достық», «Ақтоғай – Мойынты» бағыттары бойынша теміржол учаскелерін электрификациялауға, Шығыс Қазақстан облысындағы электр қуатын көп тұтынатын тау-кен өндіріс объектілеріне электр энергиясын жеткізуге, шекаралық аймақтардың дамуына және жаңа электр қуаты көздерін, соның ішінде Жоңғар қақпасындағы ауқымды қуат көздерін пайдалануға жағдай жасалады.

Бұл болжамдар ауадан жасалып отырған жоқ. «KEGOC» АҚ мамандары осындай ауқымды жобаларды іске асырудағы өздерінің Қазақстан энергетикасындағы тәжірибелеріне сүйеніп, мәлімдеп отыр. Қазақстанның «Солтүстік-Оңтүстік» 500 кВ транзиттік екінші электр желісін ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаев 2009 жылдың қыркүйегінде түймені басып, іске қосты. Оның құрылысы: «Оңтүстік Қазақстан-Шу», «Екібастұз – Ағадыр» және «Ағадыр – Оңтүстік Қазақстан ГРЭС» 500 кВ транзиттік желі болып үш кезеңге бөлініп, бес жыл бойы жүргізілді. «Солтүстік – Оңтүстік» транзиттік желінің жалпы ұзындығы 1097 шақырымға созылды. 

 Қайыржан ТӨРЕЖАН



..