Айқын/Мемлекет тәуелсіздігінің тірегі

Қазақ

03.07.2014

Айқын/Мемлекет тәуелсіздігінің тірегі

Мемлекет тәуелсіздігінің тірегі

Кез келген мемлекеттің экономикалық, әлеуметтік өмірінде негізгі салалардың бірі ретінде электроэнергетика маңызды рөл атқарады. Сол себепті де Қазақстан Республикасында электроэнергетика кешені экономиканың басыңқы бағыттарының бірі ретінде белгіленіп, ол энергетика-экономика-табиғат-қоғам тиімділігі жоғары технологиялар мен ішкі жалпы өнімнің энергия сыйымдылығын үнемі азайтудың негізінде дамитын серпінді және теңгерімді жүйе ретінде қарастырылып отыр. Ал еліміз электроэнергетикасын дамытудың 2010-2014 жылдарға арналған бағдарламасы тұжырымдамалық сипатқа ие болып, Қазақстан Республикасының 2020 жылға дейінгі стратегиялық даму бағдарламасын және 2010-2014 жылдарға арналған үдемелі индустриялық инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыратын негізгі стратегиялық құжаттардың бір бөлігі ретінде әзірленген.

Осыған байланысты әр жыл сайын еліміздің түкпір-түкпірінде жаңа нысандардың құрылысы басталып, жүзеге асырылып жатыр. Солардың бірі – «500 кВ-тық Солтүстік-Шығыс-Оңтүстік жоғары кернеулі транзиттік желісінің құрылысы» жобасы. Кеше «Қазақстан: жаңа индустрияландыру. 2014 жылғы І жартыжылдықтың нәтижелері» Үкіметтің Үдемелі индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасын іске асыру жұмыстары туралы есебі шеңберінде өткен республикалық телекөпір барысында тұсауы кесілген және іске қосылған жаңа ауқымды жобалар орналасқан өңірлермен «онлайн» қосылу болып өтті. «Астана – Семей» онлайн қосылу барысында «KEGOC» АҚ Басқарма төрағасы Бақытжан Қажиев Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевқа 2013 жылғы қаңтарда болған кеңес барысында Қазақстан Республикасы Президентінің ҚР Үкіметіне берген тапсырмасына сәйкес, компания ірі ауқымды жоба – «500 кВ-тық Солтүстік-Шығыс-Оңтүстік транзиттік жоғары кернеулі желісінің құрылысын» бастауға дайын екендігін баяндады.

KEGOC басшысы Семей қаласына жақын маңда орналасқан құрылыс алаңындағы телекөпір барысында аталған жобаға сәйкес ұзындығы 1500 шақырым болатын электр желілері, 500 кВ-тық үш жаңа станция – Семей, Ақтоғай, Талдықорған қосалқы станцияларын іске қосу көзделіп отырғанын атап өтті.

– Аса құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы!

Сіздің тапсырмаңызға сәйкес KEGOC компаниясы 500 киловольт кернеулі «Солтүстік – Шығыс – Оңтүстік» транзиттік электр желісі құрылысын бастауға дайын. Жоба аясында шамамен 1500 шақырым электр желілерімен қоса 3 жаңа – Семей, Ақтоғай, Талдықорған қосалқы станциялары іске қосылады. Жобаның негізгі мақсаты – еліміздің Оңтүстік аймақтарының электр қуатына деген сұранысын толық өтеу, Шығыс өңірінде тау-кен өндірісін одан әрі дамытуға және жаңартылмалы қуат көздері әлеуетін толыққанды пайдалануға мүмкіндік жасау болып табылады..

Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы, құрылысты бастауға рұқсат беруіңізді сұраймын, – деді Бақытжан Қажиев.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бұл жобаның маңыздылығына тоқтап, оның жүзеге асуымен Солтүстіктен Талдықорғанға дейін электр желісі жететіндігін, сол арқылы Алматы облысы толық электр қуатымен сенімді қамтамасыз етілетіндігін атап айтты.

Мемлекет басшысы KEGOC компаниясының ұжымын құттықтап, «онлайн» режимінде құрылыс жұмыстарын бастауға рұқсат берді.

500 кВ Солтүстік-Шығыс-Оңтүстік транзиті жоғары кернеулі желісі пайдалануға берілгеннен кейін Ұлттық электр торабының (ҰЭТ) Солтүстік – Шығыс, Солтүстік – Оңтүстік бағытындағы электр жеткізу қабілеті күшейеді. Нәтижесінде, ҰЭТ транзитінің әлеуеті артады және Қазақстанның солтүстіктегі энергия көздерінен оңтүстік аймақтағы электр тұтынушылардың келешектегі сұранысын өтеу үшін қосымша электр қуаты көлемін жіберуге, сонымен қатар Шығыс Қазақстан облысындағы электр қуаты тапшылығын Ресей желісі арқылы жеткізілетін электр қуатынсыз-ақ жабуға мүмкіндік туады.

Сондай-ақ 500 кВ-тық жоғары кернеулі электр желісі Ақтоғай – Алматы, Ақтоғай – Достық, Ақтоғай – Мойынты бағыттары бойынша темір жол торабын дамытуға, тау-кен өндірісіндегі (Ақтоғай кен байыту комбинаты) электр қуаты қажет ететін нысандарды электр қуатымен қамтамасыз ету, шекаралық ынтымақтас-тықты дамытуға және Жоңғар қақпасы арқылы енетін жел қуатынан балама энергия әлеуетін кең көлемде игеруге мүмкіндік береді.

Жобаны жүзеге асыру екі кезеңде жүргізіледі, құрылыс жұмыстары 2018 жылы аяқталады. Жобаның құны шамамен 120 миллиард теңгені құрайды. Әлеуметтік маңызы зор жобаның құрылысы барысында 1,8 мыңнан астам адам жаңа жұмыспен қамтылса, құрылыс аяқталған соң жалпы саны – 97 тұрақты жұмыс орны ашылады.

Естеріңізге сала кетейік, «KEG­OC» АҚ Қазақстанның біртұтас электр энергетикасы жүйесінің (БЭЖ) Жүйелік операторы функциясын атқарады. Негізгі қызмет түрлері табиғи монополия аясына кіреді. Компания еншісінде Қазақстанның ұлттық электр торабын (ҰЭТ) құрайтын кернеуі 110-1150 кВ, ұзындығы 24,5 мың шақырым электр жеткізу желілері және трансформаторларының белгіленген қуаты 35,5 ГВА болатын 76 қосалқы электр станциясы бар. Компанияда 4 мыңнан астам адам жұмыс істейді.

Осыдан бірнеше апта бұрын, Корея Республикасы президентінің Қазақстанға сапары кезінде екі ел басшылары – Нұрсұлтан Назарбаев және Пак Кын Хенің қатысуымен Балқаш ЖЭС-і қуат өндіруші қондырғыларының электр қуаттылығын қолдау бойынша қызметтерді сатып алу жөнінде ұзақмерзімді келісімшарт жасалған еді. Оған «KEGOC» АҚ басқарма төрағасы Бақытжан Қажиев және «Балқаш ЖЭС» АҚ басқарма төрағасы Сук Вон Ким мырзалар қол қойды. Балқаш ЖЭС-ін салу да Қазақстанның оңтүстігіндегі электр қуаты жетіспеушілігін жою арқылы экономика мен халықтың электр қуатына деген өскелең сұранысын қанағаттандыру, сондай-ақ еліміздің энергетикалық қауіпсіздігі мен тәуелсіздігін нығайту тұрғысынан өте-мөте маңызды. Бұл жайында және жобаны мезгілінде жүзеге асырудың қаажеттілігі жөнінде Мемлекет басшысының 2012 жылдың 27 қаңтарындағы «Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту – Қазақстан дамуының басты бағыты» атты Жолдауында айтылған еді.

500 кВ-тық Солтүстік-Шығыс-Оңтүстік транзиттік жоғары кернеулі желісінің құрылысы жобасы екі басқышта жүзеге асырылады. Бірінші басқышта 500 кВ-тық Екібастұз-Шүлбі ГЭС-і-Өскемен желісінің құрылысы жүргізілсе, екінші басқышта 500 кВ-тық Шүлбі ГЭС-і-Ақтоғай-Талдықорған-Алма желісі іске қосылады. Осылай еліміздің экономикалық қуаттылығы мен мемлекет тәуелсіздігінің тірегі нығая бермек.

Құтмағанбет Қонысбай