Егемен Қазақстан, 05 қараша 2014 ж. KEGOC: 1 акция – 505 теңге

Қазақ

05.11.2014

Егемен Қазақстан, 05 қараша 2014 ж. KEGOC: 1 акция – 505 теңге

KEGOC-тың халықтық ІРО-ға шығатыны туралы ақпараттың шыққанына бір жылдан астам уақыт өтті. Былтыр бір жылға шегерілген сатылымға ертең, 5 қарашадан бастап азаматтардан өтініш қабылдау басталмақ. «KEGOC» АҚ басқарма төрағасы Бақытжан Қажиевтің айтуынша, сатылымға шығатын қарапайым бір акцияның құны 505 теңге көлемінде болмақ. Ол бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында хабарлады.

«Самұрық-Қазына» АҚ директорлар кеңесінің бекітілген шешіміне сәйкес, 5 қарашадан бастап алғашқы лекте «KEGOC» АҚ қарапайым акцияларының 25 999 999 данасы саудаға шығарылады. Ал «Халықтық IPO»-дан түскен қаржы компанияны дамытуға пайдаланылмақ. Бір ай бойы сатылымға түсетін акциялар 19 желтоқсаннан бастап KASE жүйесінде еркін айналымға шығатын болады.

«Мемлекет басшысының Қазпошта мен KEGOC-ты тиім­сіз деп айтқан сынымен келісемін. Егер әлемдік ком­пания­лармен салыстырсақ, көптеген көрсеткіштер бойынша біз арттамыз. Өйткені, оған әсер ететін бірнеше жағдайлар бар. Мысалы, тарифтік реттеу және басқа да факторлар», деді KEGOC басшысы брифинг барысында. Дегенмен, компания тиімділігін арттыру мақсатында ұзақ мерзімдік стратегия жасақ­таған көрінеді. «Қазіргі күні компания жұмысының тиімділігі соншалықты төмен емес. Кей­бір көрсеткіштер, мәселен, тұтынушыларды электр энергиясымен қамтамасыз ету сенімділігі бойынша біз үздік халықаралық компаниялар деңгейіндеміз. Ал компаниядағы биылғы таза пайданың азаюының себептері басқада. Бізде белгілі бір пайда жыл сайын артып келеді. Өткен жылы біз операциялық пайдадан жылдық қорытынды бойынша 6,9 млрд.теңге кіріс көрдік. Ал биылғы таза пайданың өткен жылмен салыстырғанда төмендігі теңге бағамының өзгеруі секілді ішкі факторларға байланыс­ты. Дегенмен, ішкі теріс факторларға қарамастан компания өз тұрақтылығын сақтап, кіріс түсіре алды», деді ол.

Соны­мен қатар, басқарма төрағасы Б.Қажиев журналис­термен бірқатар ақпараттармен бөлісті. Атап айтсақ, KEGOC еліміздің энергиялық желі­лерінің негізгі операторы ретінде еліміздің энер­гиялық тәуелсіздігін қамта­масыз етуге және оның сенім­ділігін арттыруға бағыт­талған 15 ауқымды жобаны іске асыру үстінде. Ком­пания­ның инвес­тициялық тартымды­лығының негізгі факторларының бірі әлемдегі жетекші қаржы институттары Еуропа Қайта құру және даму банкі мен Дүниежүзілік банктің қатысуымен жалпы құны 1 млрд. АҚШ доллары тұратын ірі көлемдегі инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруы болып табылады.

Компания бірнеше ірі жобаларды сәтті аяқтап та үлгеріпті. Олардың қатарында «Ұлттық электр торабын жаңғырту» (1 кезең), «Мойнақ ГЭС-інің қуа­тын беру», «500 кВт «Алма» қо­салқы стансасын салу» және бас­қалар. Ұлттық электр тора­бын жаңғырту жобасының екінші кезеңін іске асыру жұмыс­­­­тары одан әрі жалғасуда. Соны­мен қатар, Елбасы тапсырмас­ы­на орай, «Үшінші транзит» – «500 кВт Солтүстік-Шы­ғыс-Оңтүс­тік» деп аталатын ірі жобаны іске асыру басталды. Бұл жоба жүзе­ге асса, ҰЭТ-тың транзиттік әле­уеті, оның Солтүстік-Шығыс және Солтүстік-Оңтүстік» бағы­тындағы электр қуатын өткізу қабілеті арта түседі. Осылайша электр энергия­сының тапшылығы сезілетін оңтүстік аймақ электр қуатымен қамтамасыз етілмек.

Қазіргі кезде Павлодар энергия торабын нығайту жобасы жүзеге асырылу кезеңінде. Сонымен қатар, ортақ электр желілерінен тыс жатқан батыс аймақтағы облыстарды республиканың бірыңғай энергия торабына қосу мәселесі қарастырылмақ. Осылайша, компания ұлттық электр желісін жетілдіру бойынша жұмыстарды жалғастыра бермек ниетте.

Венера ТҮГЕЛБАЙ.

http://egemen.kz/?p=41878



..