Егемен Қазақстан, 22 қазан 2014, KEGOC көпшілікке жол тартпақ

Қазақ

22.10.2014

Егемен Қазақстан, 22 қазан 2014, KEGOC көпшілікке жол тартпақ

Қазақстанның қаржы нарығы үшін биылғы жылдың төртінші тоқсаны айтулы оқиғаларға толы болмақ. Әсіресе, көпшіліктің көптен күтіп жүрген «Халық IPO» Бағдарламасының екінші толқынының жүзеге асырылуын ерекше атап өтуге болады.

2012 жылы «Халық IPO» Бағдарламасының бірінші кезеңін өткізудегі тәжірибеге қарап, алға қойылған міндеттердің орындалып жатқандығын, әрі алғашқы нәтижелері де көңіл қуантарлық екенін атап өткен жөн. Бұған дейін аталмыш бағдарлама аясында қатысушы компанияның жай акцияларына Қазақстан Республикасының 34 мыңға жуық азаматы иелік еткен болатын. Дивидендтер ретінде төленген табыс акциялар сатылымға шығарылған сәттен бастап, өз бағасынан 25%-ға өсті.

«Халық IPO» Бағдарламасының екінші кезеңінде «KEGOC» Электр желілерін басқару жөніндегі Қазақстан компаниясы» Акционерлік қоғамы компания-эмитент қызметін атқарады. Компанияның негізгі міндеті қазіргі заманғы техникалық, экономикалық, экологиялық талаптарға, кәсіби қауіпсіздік және денсаулық қорғау стандарттарына сәйкес Қазақстан Республикасындағы біртұтас электр энергетикасы жүйесінің жұмыс сенімділігі мен тиімді дамуын қамтамасыз ету болып табылады.

Қазан айының басында «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ «Халық IPO» Бағдарламасының екінші кезеңінің белсенді сатысына арналған баспасөз жиынын өткізген болатын. Аталмыш жиында «KEGOC» АҚ Басқарма төрағасы Бақытжан Қажиев БАҚ өкілдеріне «Халық IPO» мемлекеттік жобасына дайындық барысы туралы әңгімелеп берді:

- «Халық IPO» Бағдарламасының зор маңыздылығын ескере отырып, компанияны қор нарығына шығару дайындығына қатысты барлық іс-шаралар көпшілік мойындаған халықаралық стандарттарға сай ақпаратты толық және айқын түрде ашу, компанияға қаржылық-салықтық, заңды және техникалық тексеру өткізу, коорпоравтивтік басқарудың стандарттары капиталдың халықаралық нарықтары мойындаған коорпоративтік басқарудың кодекстеріне сай болуы секілді қызметтерді қарастыратын халықаралық стандарттарға сәйкес өткізілді және бұл бағыттағы жұмыстар жалғасуда.

Құнды қағаздарды нарыққа шығару дайындығы аясында ақпараттық-ағартушылық компания – роуд-шоу өткізу қарастырылуда. Бұл ауқымды іс-шара Қазақстанның 20 қаласын қамтиды. Үш аптаға жоспарланған компания қараша айының басында жұмысын бастайды. Роуд-шоу барысында компания өкілдері және қаржы кеңесшілері еліміздің  тұрғындарына «Халық IPO» Бағдарламасының жүзеге асу механизмдерін түсіндіріп, «KEGOC» АҚ акцияларына иелік етудің қадамдық нұсқауларын көрсетеді. Роуд-шоуды өткізудің толық кестесі www.halyk-ipo.kz сайтында жарияланады. Қазіргі таңда барлық қосымша ақпараттарды тәулік бойынша жұмыс істейтін 8 800 070 15 70 жедел телефонына хабарласып, алуға болады, Қазақстан бойынша қоңырау шалу тегін.

Барлық потенциальды инвесторларға қол жетімді болу үшін акция мөлшері, бағасы, шарттары туралы мағлұматтар акциялар сатылымға шыққан сәттен бастап ашық түрде жария етіледі.

Айта кетерлік жайт, «KEGOC» АҚ Қазақстан Республикасының Біртұтас электр энергетикалық жүйесінің жүйелік операторы болып табылады және «Самұрық-Қазына» мемлекеттік холдингінің құрамына кіреді. Электр станциялары мен электр қуатын ірі тұтынушылардың арасында байланыстырушы буын саналатын компания электр қуатының үлкен ағынын басқарады әрі оның бағыты мен көлемін реттейді. Компанияның стратегиялық активтері 24,5 мың шақырым жоғары вольтты желілер мен 77 қосалқы станциялардан құралған.

Қазіргі уақытта «KEGOC» АҚ Қазақстан Республикасындағы электр желілерін басқаратын ең ірі компания болып табылады. Компания қызметінің нәтижелерін Moody’s, Standard&Poor’s және FitchRatings секілді халықаралық рейтингтік агенттіктер «тұрақты» деген болжаммен бағалады. «KEGOC» АҚ 2025 жылға дейін отандық энергожүйенің сенімділігін арттыратын 15 ауқымды жобаны іске қосуды жоспарлап отыр.

Айсамал ӘБІЛХАН

http://egemen.kz/?p=40768



..