Егемен Қазақстан/Жаңа жобаның құрылысы басталды

Қазақ

03.07.2014

Егемен Қазақстан/Жаңа жобаның құрылысы басталды

Еліміздегі электр желілерін басқару жөніндегі ең ірі компания «KEGOC» АҚ бүгінде республика тұтынушыларын сенімді әрі сапалы электр энергиясымен қамтамасыз етіп отыр. Кеше Үкіметтің Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасын іске асыруға орай республика көлемінде телекөпір ұйымдастырылды. Телекөпір барысында «Астана – Семей» онлайн жүйесі арқылы «KEGOC» АҚ басқарма төрағасы Бақытжан Қажиев Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа 2013 жылғы қаңтарда өткен кеңес барысында берілген тапсырмасына орай, компания ауқымды жоба – «500 кВт-тық Солтүстік – Шығыс – Оңтүстік транзиті әуе желісінің құрылысын» бастауға дайын екендігін баяндады. Бақытжан Қажиев ұзындығы шамамен 1500 шақырымға созылатын электр желілері мен 500 кВт-тық үш жаңа станса, атап айтқанда, Семей, Ақтоғай, Талдықорған қосалқы стансаларын іске қосу ел игілігі үшін жасалған ауқымды шараның бірі деп атап өтті

IMG_3005.jpg

– Бұл жоба Қазақстан үшін аса маңызды, – деді Елбасы Нұрсұлтан Назар­баев, – сіздерді жаңа жобаның қолға алынуымен құттықтаймын! Солтүс­­­тік Қа­зақстаннан Талдықорған өңіріне дейін тартылған электр желілері арқылы Алматы облысын электр энергиясы­мен қамтамасыз ету сенімділігі артатын болады. Жобаны бастауға рұқсат етемін.

Президент Нұрсұлтан Назарбаев «онлайн» режімінде құрылыс жұмыс­­тарын бастауға рұқсат берген салтанатты сәтте еліміздің әр түкпірінен жиналған «KEGOC» компаниясының жұмысшылары әлеуметтік маңызы зор жаңа бастамаға ерекше ықыласпен қол соғып, қолдау білдірді.

Аталған жоба пайдалануға берілген­­нен кейін отандық электр нарығы­ның Солтүстік – Шығыс және Солтүс­тік – Оң­түстік бағыттарындағы электр жет­кізу қабілеті күшейеді. Қазақстанның солтүстіктегі энергия көздерінен, оңтүс­тіктегі тұтынушыларға қосымша электр қуаты жеткізіледі. Әрі осы арқылы Шығыс Қазақстан облысындағы энергия тапшылығын Ресей желісі арқылы жеткізілетін электр энергиясынсыз-ақ жабуға мүмкіндік туады.

Қолға алынып отырған жоба, «500 кВт әуе желісі» Ақтоғай – Алматы, Ақтоғай – Достық, Ақтоғай – Мойынты бағыттары бойынша теміржол торабын дамытуға, тау-кен өндірісіндегі, мәселен, Ақтоғай, Ақбастау, Құсмұрын кен байыту комбинаттары сияқты көп көлемде электр қуаты тұтынатын нысандарды электр энергиясымен қамтамасыз етеді.

Жоба екі кезеңде іске асырылады. Құрылыс жұмыстары 2018 жылы аяқ­талмақ. Әлеуметтік маңызы зор жоба­ның құны шамамен 120 млрд. теңгені құрайды. Құрылыс барысында 1,8 мың жаңа жұмыс орны ашылып, нысан пайдалануға берілгеннен кейін 97 адам тұрақты жұмыспен қамтылатын болады.

Айта кету керек, «KEGOC» АҚ соңғы жылдары ірі инвестициялық жобаларды тұрақты жүзеге асырып келеді. Оның ішінде «500 кВ-тық Солтүстік-Оңтүстік Қазақстан транзиті екінші әуе желісінің құрылысы», «ҰЭТ жаңғыртылуы», «ҰЭТ жаңғыртылуы, ІІ кезең» «Мойнақ ГЭС қуаттылығын күшейту» сияқты жобалары толық қуатында жұмыс істеп тұр.

Раушан НҰҒМАНБЕКОВА,

журналист.

СЕМЕЙ.

http://egemen.kz/?p=31500