Энергетиктермен әңгіме, «Егемен Қазақстан», 07.04.2015

Қазақ

07.04.2015

Энергетиктермен әңгіме, «Егемен Қазақстан», 07.04.2015

Парламент Сенаты Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитетінің бастамасы бойынша энергетикалық инфрақұрылымды қалыптастыру мен дамыту және еліміздің «Электр энергетикасы туралы» Заңын іске асыру жөнінде Энергетика министрлігі мен «КЕГОК» АҚ басшылығымен кездесу болды. Шараға Парламент Сенатының депутаттары, Энергетика, Ұлттық экономика министрліктерінің, «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры, «КЕГОК» АҚ басшылығы мен өкілдері қатысты. Кездесуді ашқан Парламент Сенаты Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитетінің төрағасы Талғатбек Абайділдин еліміздің Жаңа экономикалық саясатының негізгі бағыттары Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың «Нұрлы Жол – болашаққа бастар жол» Жолдауында белгіленгенін атап өтті. Бұл ретте индустриялық-инновациялық даму аясында энергетикалық инфрақұрылымдарды қалыптастыру ерекше маңызға ие болып отыр. Сенатор бөлшек және көтерме сауда нарығындағы электр энергиясы мен қуатының жұмысына қазіргі жағдайдың әсері парламентшілердің назарында болатынын және бұдан былай бағасы берілетінін, энергетика, энергия жинақтау және энергия тиімділігін арттыру саласындағы заңнамаға мониторинг жүргізілетінін және ол жетілдірілетінін атап өтті. Т.Абайділдин Парламент депутаттарының аймақтарда халықпен жүздесу-лерге талдау жүргізген кезде электрмен қамтамасыз ету және электр энергиясын үзіліссіз жеткізуге, сондай-ақ, энергетиктер мен мемлекеттік органдар тарапынан баға құрау мен тарифтік реттеуге байланысты жиі сауалдар қойылғанын атап өтті. Парламент Сенаты өзінің қызметінде осы мәселелерді құқықтық қамтамасыз етуге ерекше мән беретін болады. Энергетика министрінің орынбасары Бақытжан Жақсалиев «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне электр энергетикасы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы туралы баяндама жасады. «Қазақстан электр желілерін басқару жөніндегі «KEGOC» компаниясы» акционерлік қоғамы басқармасының төрағасы Бақытжан Қажиев электр энергетикасы инфрақұрылымының жағдайы мен оны келешекте дамыту жайында айта келіп, сенаторларды «Электр энергетикасы туралы» Заңды іске асыру барысы туралы хабардар етті. 

Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ.


Ақпарат көзі: http://egemen.kz/2015/04/07/56103