«ҚазАқпарат» агенттігі, 3 желтоқсан 2014ж.

Қазақ

03.12.2014

«ҚазАқпарат» агенттігі, 3 желтоқсан 2014ж.

Солтүстік-Шығыс-Оңтүстік бағытында Ұлттық электр торабының тасымалдау әлеуетін арттыруға 120,1 млрд теңге қаржы құйылады - «KEGOC» АҚ Басқарма төрағасы Б.Қажиев 

 АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев өз Жолдауында уақыт талабынан туындап отырған бірқатар өзекті мәселелерді тілге тиек еткені рас. Соның ішінде 7 бағыттың бірі ретінде энергетикалық инфрақұрылымды дамытуға да аса басымдық берілді. Осы орайда Қазақстанның Солтүстік-Шығыс-Оңтүстік бағытында Ұлттық электр торабының тасымалдау әлеуетін арттыру қалай жүзеге асатындығын білу үшін «KEGOC» АҚ Басқарма төрағасы Қажиев Бақытжан Төлеуқажыұлын сөзге тарттық.

- Мемлекет басшысы энергетикалық инфрақұрылымды дамытуға барынша көңіл бөлуді тапсырды. Осы орайда оңтүстік өңірлерге берілетін электр энергиясының тең дәрежеде жетуін қамтамасыз ететін «Семей-Ақтоғай-Талдықорған-Алматы» жоғары кернеулік желіні салу туралы бастама көтерілді. Жаңа жоба қашан жүзеге асады?

- Иә, мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев энергетикалық инфрақұрылымды дамыту, әсіресе Солтүстік-Шығыс-Оңтүстік бағытында Ұлттық электр торабының тасымалдау  әлеуетін арттыру туралы ойын биыл телекөпір барысында да, биылғы Жолдауында айтып өтті. «Семей - Ақтоғай - Талдықорган - Алматы» желісінің құрылысы осы үлкен жобаның екінші кезеңі болып табылады. Биыл 2 шілде де өткізілген «Жаңа индустрияландыру» телекөпірі барысында Елбасының рұқсатымен 500кВ-тық «Солтүстік-Шығыс-Оңтүстік»  электр желісінің құрылысы басталған болатын. Жалпы бұл жоба екі кезеңнен тұрады. Бірінші кезең бойынша 500кВ-тық «Екібастұз - Шүлбі ГЭС (Семей)- Өскемен» электр желісін салу көзделіп отыр. Желінің құрылысы 2017 жылы аяқталады. Екінші кезеңде 500кВ-тық «Семей - Ақтоғай - Талдықорган - Алматы»  электр желісінің құрылысы басталады. Құрылысты аяқтау 2018 жылға жоспарланып отыр.

- Желінің ұзындығы қанша шақырымды құрайды?

- Бірінші кезең 500кВ-тық «Екібастұз - Шүлбі ГЭС (Семей)- Өскемен»  электр желісінің ұзындығы  597 шақырым және «Семей» қосалқы станциясының айналасында салынатын 220 кВ электр желісі - 108 шақырымды құрайды. Екінші кезең 500кВ-тық «Семей - Ақтоғай - Талдықорған - Алматы» электр желісінің ұзындығы  883 шақырым, ал «Талдықорған» қосалқы станциясының айналасында салынатын 220 кВ-тық электр желісі - 143 шақырымды құрайды. Сонымен қатар жаңадан 500кВ-тық «Семей»,  «Ақтоғай», «Талдықорған» қосалқы станциялары  салынады. 500 кВ «Екібастұз», «Алматы», «Өскемен»  және  220 кВ «Шүлбі ГЭС» қосалқы станциялары кеңейтіледі.

- Осындай ауқымды жобаны жүзеге асырудың қаржыландыру көзі қандай болмақ? Жоба қанша қаржыны талап етіп отыр?

- Жобаның жалпы құны 120,1 млрд теңгені құрайды. Оның ішінде бірінші кезеңді іске асыруға 43,3 млрд теңге, ал екінші кезеңге 76,8 млрд теңге көлемінде қаржы жұмсалмақ. Компания өз  қаражатын жұмсайды және ұзақ мерзімдік облигациялар шығару арқылы инвестиция тартылады. «Семей-Ақтоғай-Талдықорған-Алматы» электр жеткізу желісін салу жобасы қаржыландыру қарыз қаражатын тарта отырып, аралас схема бойынша іске асырылады деп ұйғарылуда. Соңғы шарттар мен қаржыландыру көлемі іске асыру процесінде анықталатын болады.   

- Дәл қазір аталған бағытта қандай жұмыс жүзеге асырылып жатыр?  

- Қазіргі уақытта 500кВ-тық «Семей- Өскемен» электр желісі мен 500кВ-тық «Семей» қосалқы станциясының  құрылысы жүргізіліп жатыр. 500кВ-тық «Семей - Ақтоғай - Талдықорган - Алма» электр желісінің бағыттары мен қосалқы станциялар салатын алаңдар анықталып, келісу жұмыстары орындалып жатыр. Жалпы жоба белгіленген уақытта, өз мерзімінде аяқталады.

- Аталған маршрутты таңдауға қандай негіз бар? Электр энергиясын солтүстіктен оңтүстікке тасымалдаудың басқа да нұсқалары қарастырылды ма?

- Алдын ала дайындалған техникалық экономикалық негіздемеде электр энергиясын еліміздің солтүстігінен оңтүстігіне тасымалдаудың әр түрлі нұсқалары қарастырылған болатын. Бұл жерде Компанияның 2009 жылы іске қосқан «500кВ-тық Солтүстік-Оңтүстік екінші электр желісінің құрылысы» жобасының қуаты да есепке алынды. Бірақ, еліміздің оңтүстік өңірінде электр энергиясының тапшылығын жоюдың ең тиімді жолы - үшінші 500кВ электр  желісін салу деп шешілді. Осы маңызды жобаны іске қосу арқылы біз Қазақстанның Шығыс және Оңтүстік өңірлерін сенімді электр қуатымен қамтамасыз етуге, теміржол торабының, тау-кен өнеркәсібінің электр энергиясына деген сұранысын қанағаттандыруға, шығыс өңіріндегі өзендердің гидроәлеуетін игеруге, шекаралық ынтымақтастықты дамытуға мүмкіндік аламыз. Жобаны іске асырудағы мақсатымыз - Қазақстанның Солтүстік-Шығыс-Оңтүстік бағытында Ұлттық электр торабының тасымалдау әлеуетін арттыру. Жобаның іске асырылуы, жоғарыда айтылғандай, оңтүстік өңірде электр энергиясының тапшылығын жойып, еліміздің энергетикалық қауіпсіздігі мен шығыс аймағының экономикалық дамуын қамтамасыз етеді.

- Бұл таратылатын электр энергиясының шығындарын азайтуға, сәйкесінше электр энергиясының құнының төмендеуіне әкеле ме? Тарифтер түседі деп күтуге бола ма?

- «KEGOC» АҚ табиғи монополиялар салаларына жататын мынадай қызметтер көрсетеді: электр энергиясын жеткізу, электр энергиясын желіге босату мен тұтынуды техникалық диспетчерлендіру, электр энергиясын өндіру-тұтыну теңгерімін ұйымдастыру.  «Табиғи монополиялар және реттелетін нарықтар туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес реттелетін қызметтердің тарифтерін уәкілетті орган - Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау жөніндегі комитет бекітеді. «KEGOC» АҚ реттелетін қызметтеріне тарифтер белгілеудің жалпы қағидаты «шығындар плюс», яғни Компанияның қызмет көрсету шығындарын өтеу және тиімді жұмыс істеуді қамтамасыз ететін пайда алу болып табылады, бұл ретте пайда мөлшері (аяқталмаған активтерді есепке алмағанда) іске қосылған активтер көлеміне байланысты. Осылайша, «500кВ Шүлбі ГЭС - Ақтоғай - Талдықорған - Алматы электр жеткізу желілерін салу» жобасы объектілерді пайдалануға бергеннен кейін іске қосылған активтердің реттелетін базасына енгізу арқылы Компания қызметтері тарифтерінің  көлеміне әсер етеді. Ал, ол өз кезегінде жалпы электр энергиясының құнына әсер етеді. Бірақ, қаншалықты оны әзірге айта алмаймын.

- Құрылыс басталған кезде әрі пайдалануға берілген кезде қанша адамды жұмыспен қамту көзделіп отыр? Құрылыс жұмыстары барысында қазақстандық қамту дәрежесі қай деңгейде болады?

- Әлеуметтік тұрғыдан да бұл жоба өз тиімділігін көрсетіп отыр. Желінің құрылысы кезінде 2000 адам,  ал пайдалану кезеңінде 100-ге жуық адам  жұмыспен қамтылатын болады. Құрылыс нысандарын салуға отандық өндірушілер шығаратын материалдар мен электр қондырғылары кеңінен  колданылатын болады. Соның ішінде «Темірбетон» ЖШС шығаратын темірбетон заттары, «Метокон» ЖШС және «Zhersu Metal» ЖШС шығаратын  металл кондырғылары, «Электросервис» АҚ және «Информэнерго» ЖШС шығаратын релелік шкафтар, «Казэнергокабель» және «Казэнергопровод» АҚ - ның сымдары мен кабельдері, Кентау трансформатор зауытының трансформаторлары пайдаланылатын болады.

- Сұхбатыңызға рахмет. 

Автор: Гүлмира Ғосманәли

http://kazinform.kz/kaz/article/2723068



..