«KEGOC» АҚ: Дамыған электрэнергетика саласы – тұрақты экономика негізі

Қазақ

Биыл ТМД елдерінің энергетиктері Мемлекеттік электрификациялау жоспарының қабылданғанына 100 жыл толу мерейтойын атап өтуде. Тарихшылар бұл құжаттың маңыздылығын өте жоғары бағалайды. ГОЭЛРО деп танылған дәл осы жоспар бүкіл посткеңестік елдердегі, соның ішінде Қазақстандағы энергетика саласының жоспарлы дамуына негіз болды. Бұл жайында сұхбатымыздың барысында «KEGOC» АҚ Басқарма төрағасы Бақытжан Қажиев әңгімелейді.

– ГОЭЛРО – бұл энергетиканы дамытудың жоспары ғана емес, кеңес рес­публикаларының тұтастай халық шаруашылығын үдемелі дамытуды көздейтін тұң­ғыш мемлекеттік жос­пар деп айтуға болады. Сол се­беп­ті алып мемлекетті электр қуа­­тымен то­лық қамтамасыз ету­ді көздейтін стра­тегиялық құ­жатта өңірлерді дамытудың түр­лі салаларын және жаңа өн­дірістік кәсіпорындарды салу мәселелерін ескере отырып, электр желілері мен станса­лар жү­йесін қалыптастыру қарас­ты­рылған.

Тарихтан белгілі, ГОЭЛРО жоспары бастапқыда 10-15 жылға арналып, осы уақыт ара­лығында ондаған өңірлік электр стансаларын (ЖЭС және СЭС) салу жоспарланған. Ол табиғи, энергетикалық және шикізаттық ресурстарды, әр өңірдің өзіндік ерекшеліктерін ескере отырып әзірленген бо­латын. Жоспар бойынша бүкіл мемлекет аума­ғын­да өнеркәсіп нысандары оң­тайлы орналастырылуы керек еді. Демек, посткеңестік ел­дер­дегі электр энергетикасын да­мыту жөніндегі іске қосылған және жүзеге асырылып жатқан жобалардың барлығы сол ГОЭЛРО жоспарының заңды жал­ғасы деуге болады.

Қазақстан энергетикасының тарихы да сол құжатта бекітілген бастамалардан бастау алады. Соның ішінде «Электр желілерін басқару жөніндегі Қазақстан компаниясы» «KEGOC» АҚ елі­міздегі басты электржелілік компания ретінде сол дәстүрді жалғас­тырып, жылдан жылға Қазақстан Респуб­ли­касының электржелілік инфра­құ­ры­лымын жетілдіріп келеді. Бұл сөзі­міз­ге компанияның қалыптасуы және өркен­деу тарихы дәлел.

KEGOC 1997 жылы құрылған сәті­нен бастап Қазақстан Респуб­ликасы эко­номикасының күннен күнге артып келе жатқан тұтыну сұранысын ес­кере отырып, Ұлттық электр торабын (ҰЭТ) да­мыту және жаңғырту жұмыс­тарын жүргізуді қолға алды. Жа­ңа ин­фрақұрылымдық жоба­ларды іске асыруды жоспарлау барысында KEGOC бар­лық эко­номикалық, әлеуметтік және гео­­графиялық аспектілерді, яғ­ни негізгі қуат көздерінің ор­наласуы, та­би­ғи ресурс­тар, ха­лық саны және өңір­лерді дамыту жоспарларының негізгі бағыт­тары сынды мәселелерді үнемі назарда ұстайды.

Өздеріңізге мәлім, Қазақ­стан­­дағы не­гізгі қуат көздері ірі көмір кеніш­те­рі­нің маңында ор­­наласқан. Соның бірі дүние жүзіндегі ең ірі көмір кеніші – «Богатырь» разрезі орналасқан Екібастұз көмір бассейні. Солай бола тұра, 2000 жылдардың басында электр энергиясын тұтыну көлемі күрт өскен болатын. Сол сәттерде Қазақстанның оң­түс­тік өңір­лерінде электр энер­гия­сының тап­шылығы сезіле бас­тады. Осы мәселені жою үшін 2009 жылы KEGOC жалпы ұзын­дығы 1 097 шақырымды құрайтын Қазақстанның «Сол­түстік-Оң­түстік транзиті 500 кВ екінші электр жеткізу желілерін салу» жо­басын жүзеге асырды.

Компания тарихындағы екін­ші әрі ең ірі, ауқымды жоба – «Солтүстік-Шығыс-Оңтүстік транзиті 500 кВ әуе желілерін салу» (Шығыс транзиті). Атал­ған жоба шеңберінде жал­пы ұзындығы 1 770 ша­қырымнан асатын жоғары вольтты электр желі­лері тартылып, 2018 жы­­лы 500 кВ санатына жата­тын «Семей», «Ақтоғай» және «Тал­дықорған» сынды 3 жаңа қосалқы станса салы­нып, пайдалануға берілді. Қолданыста жүрген бір­­­қатар энергетика нысандары қай­­тадан жаңартылды.

«Солтүстік-Оңтүстік» 500 кВ екін­ші транзиті және 500 кВ Шығыс тран­зиті пайдалануға беріл­геннен кейін Қа­зақ­станның солтүстіктегі электр стан­са­ларынан оңтүстік өңірлерге электр энергиясын тасымалдайтын жүйеқұраушы желілердің өткізу қабілеті 2 100 МВт-қа дейін арта түсті. Яғни осы әуе желі­лерін салу арқылы оңтүстік аймақтардағы электр қуатының тапшылығы мәселесін жоюға және алдағы бірнеше жылға сол аймақта өсіп келе жатқан электр энергиясына деген тұтыну сұраныстарын қамтамасыз етуге мүмкіндік алдық.

Компания қолданыстағы ак­тив­терді жаңартуға да аса көңіл бөлетінін ерекше атап өткім ке­леді. Қазіргі таңда компания 220-500 кВ әуе желілерін қай­­та жөндеу жобаларын іске асырудамыз. Ондағы мақсат – электр желілерінің техникалық көрсеткіштерін қалпына келтіру және электр қуатын тасымалдау шарттарын күшейтудің арқасында қызмет ету мерзімін кемінде 30 жылға дейін ұлғайту арқылы Қазақстан Ұлттық электр торабы жұмысының се­нім­­ділігін арттыру.

Тағы бір аса маңызды жоба бар, ол – «Қазақстанның Бір­тұтас электр энер­гетикалық жүй­есінің Батыс айма­ғындағы электр желілерін күшей­ту». Жоба аясында Орал-Атырау-Теңіз бағыты бойын­ша 220 кВ екінші әуе желісін тарту ­көз­деліп отыр. Бұл электр қуа­тын өткізу қа­білетін екі есеге ұлғайтып, өңірдегі тұ­тыну­шы­ларды электр энергиясымен қамтамасыз ету сенім­ділігін арттыруға мүмкіндік береді.

«Цифрлық Қазақстан» мем­лекеттік бағдарламасы шең­берінде KEGOC «ақылды» же­лілерді (SmartGrid) қалып­тас­тыруды қолға алды. Дәлірек айт­­қанда, қазір компания «Бір­тұтас электр энергетикалық же­лісінің (БЭЖ) жұмысын бас­қа­рудың апатқа қарсы және режімдік автоматиканың орта­лықтандырылған жүйесін ен­гізу» жобасын іске асыруда, жа­қында аяқталуы тиіс.

Болашақтағы жоспарлар туралы айтатын болсақ, бүгін­гі таңда KEGOC тұрақты ток желісін құрастыру мүмкін­діктерін қарастырып жатыр. Мұн­дай желі қолданыстағы желі­лермен салыстырғанда 4-5 есе­ге көп қуат тасымалдауға және оны едәуір қашықтыққа жеткізуге мүмкіндік бере­ді. Со­нымен қатар бұл Қазақ­станның экспорттық және тран­зиттік әлеуетін ұлғайтуға да жол ашады. Мәселен, артылған электр энергиясын Орталық Азия желілері арқылы Оңтүстік Азия елдеріне экспорттауға болады.

– Қазақстан энергетиктері таяуда ғана өздерінің кәсіби ме­ре­келерін атап өткен болатын. Әріптестеріңіз үшін тарих қойнауына еніп бара жат­қан 2020 жыл қалай өтті?

– Өзіңізге мәлім, 2020 жылы көз ілеспес жылдамдықпен әлемнің барлық еліне тарап кеткен коронавирус инфек­ция­сының салдарынан біздің еліміз үшін де, тұтастай әлем үшін де оңай жыл болған жоқ. Пандемиялық жағдай көп­теген кәсіпорындардың қыз­ме­тіне өзгерістер енгізуге ық­пал етті, соның ішінде біздің ком­па­ниямыздың жоспарларына да өзгерістер енді. Осы жайғдайды ескере отырып, «KEGOC» АҚ-ның үздіксіз қызмет етуін қам­тамасыз ету үшін компания менеджменті барлық қажетті шара­ларды жедел түрде қабыл­дап отырды. Коронавирус дер­тінің таралуына жол бермес үшін Жедел штаб құрылды. Штаб жұмысы барысында Нұр-Сұл­тан, Алматы қалалары мен өңірлердегі жағдайға үздіксіз мониторинг жасалып, компания көлемінде атқарылып жатқан барлық шара үйлестіріліп отырды.

KEGOC компаниясы бас­ты электржелілік компания ретін­де еліміздегі өмір сүруді қам­тамасыз етуші ұйымдар қата­рына жатады. Қазіргі кездегі жағ­дайдың қиындығына қара­мастан, компания ұжымы жұ­мыла қызмет атқарып, өзіне жүк­телген міндеттерді абыроймен орындап келеді. Ең бірінші кезектегі басты қызметіміз – тұ­тынушылар электр энергиясымен үздіксіз қамтамасыз етілді. Жүйелі оператор ретінде компания Қазақстан Республикасының Біртұтас электр энергетикалық жүйесінің (ҚР БЭЖ) сенімді жұмысын қамтамасыз етіп, шекаралас мемлекеттердің энер­го­жүйелерімен қатарлас жұ­­мыс режімдерінің сенім­ділігін қамтамасыз ету және үй­лесімді басқару үшін тұ­рақты байланыста болды. Бұл жұмыстар еліміздің тұтастай энер­гожүйесінің тұрақты жұмыс істеуі үшін аса маңызды екенін атап өткен жөн.

Жылды жақсы көр­сет­кіш­термен аяқтағалы отырмыз. Ком­панияға 2020 жылғы 9 ай­дың қорытындысы бойынша 37,6 млрд теңге көлемінде та­за кіріс кірді. Бұл 2019 жыл­дың сәйкес мерзімімен салыс­тырғанда 26,8%-ға артық. Жыл соңындағы қорытынды бойынша көрсеткіштеріміз де жағымды болатынына сенімдімін.

Тұрақты қаржылық жағдай­дың көрсеткіші ретінде компания акциялары бағасының өзгеру динамикасын қарастыруға бо­лады. Соңғы бірнеше жыл қа­тарынан KEGOC акциялары Қазақстанның қор нарығындағы ең тиімді әрі жоғары сұранысқа ие құнды қағаз болып саналады. Қазіргі кезде «KEGOC» АҚ-ның бір акциясының құны 1 700 теңге маңайында құбылып тұр. Бұл алғашқы орналастырылған бағадан (бастапқы бағасы – 505 теңге) 3,3 есе артық. Осы уақыт­тар аралығында «KEGOC» АҚ-ның акционерлеріне төленген дивидендтердің жалпы көлемі 133,2 млрд теңгені құрады. 2020 жылдың бірінші жартысында ғана акционерлерге 20 млрд теңге көлемінде дивиденд тө­ленді.

Сондай-ақ компанияның не­гізгі акционері «Самұрық-Қазына» ұлттық қоры бастамашы болған – Бизнесті трансформациялау бағдарламасын іске асыруды жалғастырудамыз. Бағдарламаның басты мақ­саты – бизнес-үрдістерді оңтай­ландырып, қызмет тиімділігін арттыру. Өздеріңізге белгілі, қа­лыптасқан тәртіптерді және қарым-қатынастарды өзгер­ту жөніндегі кез келген бас­та­малардың барлығы қызмет­кер­лер арасында күмән ту­ғыза­тыны сөзсіз және көбісінің өзгерістерге қарсы болуы да бек мүмкін. Алайда дұ­рыс таң­далған әдістер мен ком­му­никацияның арқасында ком­пания ұжымы аталған бағдар­ламаның қажеттілігін мойын­дап қана қоймай, бар­лығы бірауыздан қолдады. Сон­дық­тан автоматтандыру және цифр­ландыру жөніндегі негізгі іс-шаралар аяқталысымен жү­зеге асырған транформация бағ­дарламасының тиімділігін бар­лығымыз сезінеміз деген ойдамын.

– Қыс мезгілінде электр энер­гиясымен қамтамасыз ету мәселесі кез келген қатардағы қазақстандықтарды қызық­тырады десем, қателеспейтін шы­ғармын. Әңгімемізді осы бағытқа бұрсақ...

– Шынымен де, күз бен қыс мезгілі энергетиктер үшін аса қиын және күрделі кезең. Сон­дықтан ерте көктемнен бастап, күн жылына салысымен біз Ұлттық электр торабын кезекті күз-қыс мезгіліне дайын­дауға кірісіп кетеміз. Ком­пания балансында ҰЭТ-ты құрайтын ұзындығы шамамен 26,4 мың шақырымды құрайтын кернеуі 220-1150 кВ электр жеткізу желілері және трансформаторларының бел­­гі­ленген қуаты 36,0 ГВА-дан аса­тын 80 электр стансасы кі­реді.

Биыл жөндеу-про­филак­тикалық жұмыстардың бар­лық жоспарланған көле­мі уақ­тылы әрі сапалы атқа­рыл­ды. Ең алдымен компания­ның электр жеткізу әуе желі­ле­рінде және электр станцияларында жүргізілді. Барлығы электр энергиясын жеткізетін 95 желі және стансалардағы жабдықтардың 56 данасы жөн­деуден өтті. Бұдан бөлек, ғи­мараттар мен құрылғылар және арнайы техникалар да жөнделді. Бір айта кетерлігі, стан­салар мен әуе желілерінде жөндеу-профилактикалық жұ­мыстарын жүргізу кезінде еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелеріне ерекше көңіл бө­лінеді. Барлық филиалда «Еңбек қауіпсіздігі мен қорғау жөніндегі өндірістік кеңесінің» институты қалыптастырылды. Өндірістік жұмысшыларды жеке қорғану құралдарымен қам­тамасыз ету үшін қо­мақ­ты қара­жат бөлінеді, жа­ңа норматив­тік құжаттар әзір­ле­ніп, нұсқау­лық пен оқыту шаралары ұйым­дастырылады.

Күз-қыс мезгілі басталмас бұрын қажетті материалдардың, қосал­қы бөлшектердің, құрыл­ғы­лардың апаттық қоры қалып­тастырылды. Трансформа­тор­ларға қажетті май мен жанар-жағар майдың қоры да дайындалып қойды.

Нәтижесінде, Энергетика министрлігінің Атом және энер­­гетикалық қадағалау және бақылау комитеті «KEGOC» АҚ-на 2020-2021 жылдары күз-қыс мезгіліндегі жұмысқа да­йын екендігі туралы құжатты бекітілген мерзімінен бұрын табыстады. Сол себепті, отандастарымызды KEGOC ұжымы Қазақстанның Ұлттық электр торабының алдағы қысқы кезеңде де еш ақаусыз, сенімді жұмыс істеуін қамтамасыз етеді деп сендіре аламын.

– Биыл Қазақстан Рес­публика­сының Президенті аса маңызды экономикалық бас­­тамаларды көтерді. Олар квази­мемлекеттік секторды да айналып өтпейтіні анық. Атап айтсақ, Мемлекет басшысы отандық кәсіпкерлердің құ­қығын қорғауға ерекше назар аударды. Сіздің ком­па­нияңыз бұл бағытта қандай істер тындырды?

– Қазақстандық өндірушілер­мен қарым-қатынас орнату – біздің компания қызметінің бас­ты бағыттарының бірі. Бұл орайда «KEGOC» АҚ «Са­­м­ұ­рық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының компаниялар тобы­ның құрамында екенін, ал отан­дық өндірушілер қордың ұзақ мерзімді серіктестері екенін атап өткім келеді. Компаниямыз Қазақстанда өндірілген тауарларды сатып алу көлемін ұлғайту бойынша жүйелі жұмыс атқарып келеді. Атап айтсақ, жоғарыда аталған инфрақұрылымдық жо­­баларды іске асыру кезін­де компания темір-бетон бұйым­дарын, темір тіреулерді, кабель-сым сияқты өнімдерді, байланыс конден­саторларын, транс­форматор­ларды, релелік қор­ғаныс панельдерін және авто­матиканың кейбір түрлерін отан­­дық өндірушілерден сатып алады.

Нәтижесінде, мәселен, 2019 жылдың қорытындысы бо­йын­ша «KEGOC» АҚ-да сатып алу көлеміндегі жалпы жер­гілікті өнім үлесі 60% немесе 34 млрд теңгені құрады. Ел ішін­де компания негізінен реак­тор, трансформатор, арнайы тех­ника, металқұрылғыларын, оқшаулағыштарды, мотор майларын, аккумулятор батарея­ларын, кабельдік өнімдерді, өрт сөндіру құралдары, бояу материалдарын, жанар-жағар майды және басқа да көптеген өнімдерді сатып алады.

KEGOC сонымен қатар Мү­гедектер қоғамымен тығыз жұ­мыс істейді. Өндірістік маман­дар үшін барлық заманауи талаптарға сай келетін арнайы киім-кешекті тұрақты түрде осы ұйымнан сатып алады.

– Бақытжан Төлеуқа­жы­ұлы, бұған дейін «KEGOC» АҚ-ның барлық жетіс­тігі – ұжымның жұдырықтай жұмылуының, қалыптасқан корпоративтік жоғары мәде­ниет­тің арқасы деп бірнеше мәрте айтып қалдыңыз. Бұл жол­ға қалай келдіңіздер?

– Мен бұл пікірімді қайтала­ғым келіп тұр, компаниямыздың барлық жетістігі – ұйымшыл ұжымның тынымсыз атқарып келген ауқымды жұмысының жемісі. Ұжым, яғни адам капиталы – KEGOC компаниясының ең басты әрі құнды активі саналады.

Компания қызметкерлері үне­мі жоғары корпоративтік мәде­ниетті көрсетіп келеді. Бұл әділеттілік, ашықтық, сый­лас­­­тық, тең мүмкіндіктер, ұр­пақтар сабақтастығы мен үздік әлемдік тәжірибе және HR-технол­огияларға сүйенген тиімді кадрлық саясаттың, сондай-ақ басшылық пен қатардағы жұмысшылар арасындағы өзара үздіксіз диалогтың мәуелі жемісі деп білемін.

«KEGOC» АҚ-да барлық қызметкер ұстанатын қағи­дат­тар мен дәстүр және ережелер енген құндылықтар жүйесі қалыптасқан. Жылдар бойғы үздіксіз және жауапкершілігі жоғары жұмыстың арқасында Ұлттық электр торабының тұ­рақ­ты жұмысын қамтамасыз етудегі компанияның миссиялық жауапкершілігін сезінетін тең­дессіз қарым-қатынас мәде­ние­ті қалыптасты.

Мұндай мәдениет адамдарды кәсіби қызығушылықтары бойынша біріктіріп, өндірістегі қиындықтарға жұмыла төтеп беруге ықпалдастырады. Бірақ мұнымен шектеліп қалмай, ол тұрақты түрде дамып, уақыт өте келе жетіліп, ішкі және сыртқы ортаның өзгеруіне байланысты бейімделіп отырады.

Тағы бір маңызды фактор, компанияның алға қойған мақ­саттарына жетуінде барлық қызметкеріміздің үлесі бар. Яғни әрбір маманның кәсіби және жеке әлеуетін дамытуға, ман­саптық сатымен өсуіне бар­лық жағдай жасалған. Ком­панияда жыл сайын дарындылар тобы жасақталады. Былайша айтқанда, кадрлық резерв деп айтуға болады. Оған жыл қо­ры­тындысы бойынша үнемі жоғары көрсеткіштер көрсететін қызметкерлер кіреді.

Қызметкерлердің еңбекақы­сы және оларға әлеуметтік қолдау көрсетудің басқа да түрлері өте маңызды, әрине. Бұл бағыттағы жұмыстардың барлығы адамдарды бар күшін салып, биік белестерді бағындыруға, жаңа жетістіктерге жетуге ынталандырады.

Жыл сайын компания ең­бек әулеттері институтына және қызметкерлерге мате­риал­­­дық қолдау көрсетеді. Кор­по­ративтік құндылықтарды қа­лып­тастыратын және дамытатын әлеуметтік бағыттағы іс-шараларды ұйымдастырады.

Бұл жұмыстар оң нәтиже көрсетіп отыр. «Самұрық-Қа­зына» ҰӘҚ» АҚ компаниялар тобының арасында «KEGOC» АҚ әлеуметтік тұрақтылық пен ұжымның араласу индексі бо­йынша тұрақты түрде ең жоғары көрсеткіштерге ие болып келеді. 2019 жылы жүргізілген зерттеулер бойынша «KEGOC» АҚ-да әлеуметтік тұрақтылық индексі 90%-ға жетті. Оның алдындағы жылмен салыстырғанда (85%) бұл көрсеткіш 5 пунктке жоғары. Әкімшілік-басқарушылық ұжым­ның араласу индексінің көр­сеткіші де оң нәтиже (74%) көр­сетіп келеді, ал 2018 жылы 69% болған.

Жалпы, компания менед­ж­менті қысқа мерзімді міндет­темелер мен ұзақ мерзімді мақ­сат­тарды нақты әрі айқын түсінеді. «KEGOC» АҚ-ның мін­деті – ұзақ мерзімдік тұрақты даму болып табылады!

Сұхбаттың соңында барша қазақстандықтарды келе жат­қан Жаңа жыл мерекесімен құттықтағым келеді, ал әріптес­терімді кәсіби мереке – Энергетик күнімен құттықтаймын!

https://egemen.kz/article/259070-kegoc-aq-damyghan-elektrenergetika-salasy-%E2%80%93-turaqty-ekonomika-negizi