«KEGOC» акционерлері 40 мыңнан асты, "Егемен Қазақстан" 05.05.2015

Қазақ

06.05.2015

«KEGOC» акционерлері 40 мыңнан асты, "Егемен Қазақстан" 05.05.2015

Биылғы жылғы 30 сәуірде «KEGOC» АҚ акционерлерінің алғашқы жылдық жалпы жиналысы болып өтті. Онда бірқатар өзекті мәселелер қаралды. Сол күні акционерлердің жалпы жиналысының қорытындысы бойынша республикалық бұқа­ралық ақпарат құралдарының өкілдерімен баспасөз мәслихаты болды. Оған «KEGOC» АҚ басқар­масының төрағасы Бақытжан Қажиев, басқарма төрағасының орынбасары Жаңабай Бексары және «KEGOC» АҚ-тың экономика жөніндегі атқарушы директоры Айбек Ботабеков қатысып, журналистерді қызықтырған сұ­рақ­тар төңірегінде ой өрбітті. «Құрметті журналистер бүгін «KEGOC» АҚ акционерлерінің жалпы жиналысы өтті және бұл жиналысты «KEGOC» көпшілікке ортақ компания ретінде алғаш рет өткізіп отыр. Өздеріңізге бел­гілі, өткен жылдың аяғында «Ха­лықтық IPO» бағдарламасы аясында Қазақстандық қор биржасына (KASE) «KEGOC» АҚ акция­лары орналастырылған болатын», деп бас­тады сөзін «KEGOC» АҚ бас­қарма төрағасы Бақытжан Қажиев. Естеріңізге сала кететін бол­сақ, 2014 жылғы 18 желтоқ­санда «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» акционерлік қо­ғамының еншілес және бағы­нысты ұйымдарының акциялар пакетін Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 8 қыр­күйектегі №1027 қаулысымен бекітілген бағалы қағаздар нарығына шығару бағдарламасын («Халықтық IPO» бағ­дарламасы) іске асыру шең­берінде «KEGOC» АҚ ком­панияның жай акцияларын оған жазылу жолымен қазақ­стандық қор нарығына алғашқы орналас­тыруды іс жү­зіне асырды. Бағалы қағаз­дардың ұйымдастырылған нарығында «KEGOC» АҚ-тың орналастырылған жай акция­ларының саны – 25 999 999 (жиырма бес миллион тоғыз жүз тоқсан тоғыз мың тоғыз жүз тоқ­сан тоғыз) дана. «KEGOC» АҚ-тың бір жай акциясының орналастыру бағасы 505 (бес жүз бес) теңгеге бағаланды. – Соның нәтижесінде 13 млрд. теңгеден астам мөлшерде қара­жат тартылды. 40 мыңнан астам қазақстандықтар «KEGOC» ак­ция­­ларын иеленуге мүмкіндік алды, – деп жалғастырды одан әрі сөзін Бақытжан Қажиев. Бүгінгі өткен жалпы жина­лысқа компанияның барлық акцио­­нерлері және олардың өкіл­дері қатысты. Енді олар Қазақ­стан Республикасындағы ірі электр желілік компанияны басқару құқығын иеленді. Ал­ғашқы жыл­дық жалпы жина­лыстың күн тәртібі бойынша ак­ционерлердің қарауына мынадай мәселелер енгізілді: — «KEGOC» АҚ-тың жылдық есебін бекіту туралы; — жылдық қаржылық есеп­те­мені, таза табысты бөлу тәр­тібін бекіту, жай акциялар бойынша дивидендтер төлеу туралы шешім қабылдау және 2014 жылға арналған «KEGOC» АҚ-тың бір жай акциясына шаққандағы дивиденд мөлшерін бекіту туралы; — «KEGOC» АҚ директорлар кеңесінің сандық құрамын, өкілеттік мерзімін анықтау, оның мүшелері мен төрағасын сайлау және басқа да мәселелер. Акционерлер KEGOC-тың 2014 жылғы жылдық қаржылық есебін бекітті, бұл құжатта ком­панияның өткен жылғы таза табысы 8,6 млрд. теңге көлемінде болғаны атап көрсетілді. – Бұдан бұрын хабарла­ғаны­мыздай, біздің дивидендтік сая­сатымызға сәйкес таза табы­сы­мыздың кемінде 40 пайыз дивиденд төлеуге жұмсалуы мүмкін. Бұл дегеніміз, KEGOC есепті кезеңдегі таза табысының барлық 100 пайызын дивиденд төлеуге жібере алады деген сөз. Бүгін акционерлердің жалпы жиналысы 2014 жылғы таза табыстың 99,97%-ын KEGOC-тың жай акцияларын ұстаушыларға бөлу туралы шешім қабылдады. Ал компанияның бір жай акциясына шаққандағы сома 33,13 теңгені құрайды. Дивиденд 2015 жылғы 25 мамырдан бастап төлене бас­тайды, – деді басқарма төрағасы журналистермен жүздесуде. Акционерлер бас қосуының күн тәртібіндегі тағы бір маңызды мәселе, «KEGOC» АҚ директорлар кеңесінің сандық құрамын, өкілеттік мерзімін анықтау, оның мүшелері мен төрағасын сайлау болатын. Өйткені 2015 жылғы 8 мамырда «KEGOC» АҚ директорлар кеңесінің 2012 жылғы 8 мамырда сайланған құрамының 3 (үш) жылдық өкілеттік мерзімі аяқталмақ. Соған орай, акционерлердің жалпы жиналысы «KEGOC» АҚ Директорлар кеңесін 6 адамдық құрамда сайлау туралы шешім қабылдады: «KEGOC» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы болып Қуаныш Әбдіғалиұлы Бектеміров сайланды. «KEGOC» АҚ директорлар кеңесінің өкі­леттік мерзімі 3 (үш) жыл болып белгіленді. Директорлар кеңесінің құрамына екі жаңа тәуелсіз директорлар – Даминик Фаш және Януш Биалек сайланды. Доминик Фаш – Франция азаматы, Сорбонна түлегі, ин­женер. Орыс тілін еркін мең­герген. Ірі энергетикалық ком­панияның президенті, директор­лар ке­ңесінің төрағасы болып қызмет атқарған. Ал Януш Биалек – Ұлы­британия және Польша мемлекеттерінің азаматы, Вар­шава Технологиялық уни­верситетінің түлегі, инженерия саласы бойынша ғылым докторы (PhD), электротехника саласы бойынша магистр. Қазіргі уақытта Сколковский ғылым және технология инс­титутының энергетикалық жүйе­­лер жөніндегі «Сколтеха» зерт­теу орталығында жұмыс істейді. Ресей Федерациясының Білім және ғылым министрлігі қаржыландыратын «Таратушы электр желілер динамикасы, тұ­рақтылығы және оларды ба­қылау» атты ірі зерттеу жұ­мы­сын басқарады. Тәуелсіз ди­ректорлардың екеуі де орыс тіл­дерін жетік меңгерген. Журналистермен өт­кен жүз­десу барысында акционер­лердің жалпы жиналысында қаралған мәселелер мен қабыл­данған ше­шімдер туралы жан-жақты ақ­парат берілді. Сонымен бірге, ком­пания басшылары журналистер тарапынан қойылған бірқатар сұрақтарға жауап берді. Осы ретте компания туралы түйіндей айтатын болсақ, «KEGOC» АҚ Қазақстан Рес­публикасының Біртұтас электр жүйесінің (БЭЖ) жүйелік операторы функциясын атқарады. Компания балансында Ұлттық электр торабын (ҰЭТ) құрайтын кернеуі 35-1150 кВ, ұзындығы 24,5 мыңнан аса шақырымды құрайтын электр жеткізу желілері және трансформаторларының қон­дырмалы қуаты 36,38 ГВА болатын 77 қосалқы электр станциясы бар. Компанияда ЕТМ (еншілес және тәуелді мекемелерді) қос­қанда, 4,7 мыңнан астам адам жұмыс істейді. 

Автор: ЖЫЛҚЫБАЙ ЖАҒЫПАРҰЛЫ

http://egemen.kz/2015/05/05/60809




..