«Kegoc» іро-ға шықпақ

Қазақ

08.10.2014

«Kegoc» іро-ға шықпақ

Таяуда «Самұрық-Қазына» АҚ өкілдері өзінің еншілес компаниясы «KEGOC» АҚ-тың «Халықтық ІРО»-ға шығатынын ресми түрде мәлімдеп, баспасөз мәслихатын өткізді.

 «Халықтық ІРО» бағдарламасы аясында «KEGOC» АҚ акциялары көлемінің 10%-1 акциялары қор нарығына шығарылмақ. Сатылатын әр акция бағасы мен олардың нақты саны қараша айының басында, яғни өтінім беру басталатын кезде белгілі болады. Бұл туралы толық ақпаратты алдағы уақытта Қазақстан қор биржасы мен бұқаралық ақпарат құралдары жариялайды. Елімізде осыған дейін «Халықтық ІРО» бағдарламасына табысты шыққан компания да бар. Атап айтсақ, 2012 жылы елімізде өндірілген жылдық мұнай көлемінің 60%-ға жуығын тасымалдайтын Қазақстандағы мұнай құбырлары жүйесінің ең ірі операторы «Қазтрансойл» компаниясының акциялары Қазақстан қор биржасына сәтті орналастырылған болатын. Нәтижесінде 34 мыңнан астам қазақстандық халықтық акционерге айналды. Бұл жолы да «KEGOC» АҚ акцияларын саудалау барысында жекелеген инвесторлар, яғни алдымен ел азаматтарына басымдық беріледі. «KEGOC» АҚ басқарма төрағасы Бақытжан Қажиев баспасөз мәслихатында «KEGOC» АҚ қызметінің негізгі басымдықтары Қазақстан ұлттық энергетика жүйесінің сенімді қызмет атқаруы мен дамуын, акционерлік құнының артуын қамтамасыз етуді, еңбек қауіпсіздігі мен қорғау талаптарын сақтауды, жұмысшылардың денсаулығын сақтау мен нығайтуды, кадрлік әлеуетті арттыруды көздейтінін атап айтты. Ал «Самұрық-Қазына» АҚ өз кезегінде «KEGOC» АҚ-тың жалғыз акционері ретінде «Халықтық ІРО» бағдарламасына шығуды жүзеге асырудың жолдарын, құнды қағаз нарығының қызмет ету қағидаттарын түсіндіру бойынша ақпараттық-білім беру науқанын жүзеге асырмақ. «Биылғы ақпараттық науқанның маңызды аспектісі ашық білім беру дәрістерін жүргізу болып табылады. Бағдарламаның бірінші кезеңінде қазақстандықтар жалпы мәліметтер алған болатын. Бұл жолы олар дәріске саналы түрде келгені өте қажет», деді «Самұрық-Қазына» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Елена Бахмутова.

Биыл «Халықтық ІРО» бағдарламасы туралы ақпараттық науқан бірнеше бағыттар бойынша ұйымдастырылып, әсіресе, аймақтағы азаматтардың белсенділігін арттыру қолға алынбақ.

Венера ТҮГЕЛБАЙ

http://egemen.kz/?p=39441



..