«KEGOC» таңдауы – талантты жастар

Қазақ

30.11.2015

«KEGOC» таңдауы – талантты жастар

«Егемен Қазақстан»: 28.11.2015



Нұрбай ЕЛМҰРАТОВ

 

Күні кеше «KEGOC» АҚ Директорлар кеңесі мен басқарма мүшелері ұлттық компанияның ТОП-25 кадр резервімен дәстүрлі кездесуін өткізді. Компания жетекшілерінің алдағы мақсат-мұрат жөніндегі баяндамалары тыңдалып болған соң, шараның екінші кезеңінде ТОП-25 пен басшылар арасында сұрақ-жауап, ұсыныс-тілек, пікір алмасу сағаты болды.

KEGOC-тың еліміздегі орны әрбір отандасымызға мәлім десек артық айтқандық емес. Өйткені, әр отбасының отауын жарық қылып, ошағын жағып беріп отырған осы ұлттық компания екені аян. Сондықтан, «KEGOC» АҚ-тың заманға сай өркендеп дамуына және кезі келгенде өрісін өрістете беруіне әр қазақ мүдделі әрі табысты болуына тілектес. Келелі кездесуде басқарма төр­ағасы, директорлар кеңесінің мүшесі Бақытжан Қажиев шараға қаты­сушыларды мыңдаған жұ­мысшы-қызметкерлердің арасында таңдаулы ТОП-25 бол­ғандарымен құттықтай отырып, бұл дәреже бұған дейінгі жауапкершіліктің салмағынан анағұрлым құрышты екенін ұқтырып өтті. Сөйтіп, еліміздің басты электр желілік компания­сы саналатын «KEGOC» АҚ үшін кадрлар резервін даярлау мәселесі Ұзақ мерзімді даму стра­тегиясын жүзеге асырудың қажетті шарты болып табылатынын айтты.

«Компаниямызда кадр ре­зервін дайындау мәселесінде тиімді алаңға айналған галстуксыз кездесудің дәстүрге айнал­ғанына қуаныштымын. Естеріңізде болса өткен жыл­ғы қыркүйектегі кездесуден бері компанияда бір­қатар ма­ңызды оқиғалар болды. Электр энергиясы жүйесі бойынша бірден-бір операторы ретінде өз жұмысымызды та­быс­ты жалғастырып келе жатырмыз. Электр жары­ғының үзілген кезі орын ал­ған жоқ. Соған қарамай электр желілерін жаңартып, жаң­ғырту жұмыстарын тоқтаусыз жалғастырып келеміз. Ком­па­ния үнемі инновациялық-тех­нологиялық даму үрдісімен танылып жүр. Сондай-ақ, кор­поративтік басқару мен пер­со­налдың әлеуметтік тұ­рақ­ты­лығы да күн сайын же­тілдіріліп отыр», деді Б.Қажиев.

Ұлттық компания өткен жылдың желтоқсан айында еліміздегі қор нарығына өз акцияларын шығарғаны белгілі. Осының нәтижесінде 40 мың­нан астам қазақстандық ком­панияның акциясын ие­леніп, «KEGOC» АҚ-тың ак­ционерлері атаныпты. Тағы бір жетістік, ағымдағы жылы бизнесті трансформациялау бағдарламасы іске қосылыпты. Мұндағы мақсат, әр қызметтің тиімділігін арттыру болмақ. Осы негізгі шаралар жөнінде айтқан басқарма төрағасы, бизнесті трансформациялау ісіне айрықша көңіл бөліп, мұнда жаңаша ойлау мен жұмысты заманға сай ұйымдастыруды үзіліссіз жетілдіріп отыру аса маңызды екенін тәптіштеді. Сөйтіп, жиналып отырған келешек лидерлеріне жүктелетін жауапкершілік өте ауқымды екенін аңғартты.

«KEGOC» АҚ-ты болашақта әлемнің жетекші компанияларымен иық тірестіруіне білек сыбанып кіріскелі отырған жас лидерлерге компанияның директорлар кеңесінің төрағасы Қуаныш Бектеміров те жү­рекжарды құттықтау сөзін айт­ты. «Үстіміздегі жылы KEGOC топ-менеджменті резер­вис­термен кездесуі компания қыз­метінің тиімділігін арттыруға бағытталған бизнесті трансформациялау бағдарламасын іске асыру шеңберінде өткізіліп отыр. Бұл бағдарламаның іске асырылуы компаниямыздың барлық қызмет саласына ауқымды өз­герістердің енуін қажет етеді жә­не де бұл ұтымды өзгерістер «Адамдар-Технологиялар-Про­цестер» парадигмасында жүзеге аспақ. Адами ресурс­тарда өзгеріс болмай технологиялар мен үдерістер де өзгере қоймайтыны баршамызға бел­гілі», деді Қ.Бектеміров.

ТОП-25 кадрлар резерві дарындыларды анықтау жобасы бойынша мұқият таңдаудан өткендер арасынан жасақталған екен. Бұл жоба «Самұрық-Қазына» АҚ пен Корпоративтік университет тарапынан қойылған мақсаттар мен міндеттерді іске асыру шеңберінде жүзеге асырылыпты. Бір ай ішінде KEGOC-тың бағалау рәсімдерінен өту үшін іріктелген 50 еңбеккерден вербальды және сандық тест, жеке сауалнама бойынша скрининг, әрі құзыреттілігі бойынша өткізілген сұхбат нәтижесінде жоғары көрсеткішке жеткен 25 еңбеккер таңдап алынған. Осы таңдаулыларға «Самұрық-Қазына» қорының өкілі Дэниел Крюсберг те арнап сөз айтты. Ол бизнесті трансформациялау мен компанияға жас дарынды лидерлердің аса қажет екендігіне тоқталды. Оған қоса дарындылардың бәрі де ашық-жарқын бола бермейтінін айтып, компания үміт күткен әр талантты жасты ойын ашық білдіруге және белсенді болуға шақырды. Өзінің әлемдегі көптеген компанияларда жұмыс істегені жөнінде әңгімелеп, солардың арасында ең білімді мемлекет Қазақстан екеніне көз жеткізгенін білдірді.

Іріктелген сайдың тасындай ТОП-25-ті ұлттық компания жетекшілері мыңдаған қызметкердің арасынан қалай таңдап алғаны жөніндегі сұ­рағымызға Адам ресурстарын басқару департаментінің директоры Болатбек Омаров жауап берді. «Әуелі «Самұрық-Қазына» АҚ пен «KEGOC» АҚ және Корпоративтік университет тарапынан арнайы комиссия құрылды. Осы комиссия қызметкерлер арасындағы көшбасшылыққа лайықты жас мамандарды іріктеп шығарып, оларды түрлі тәсілдермен қатаң сынақтан өткізді. Сынақ кезінде олардың білімі мен білігі, сон­дай-ақ адамдық қасиеттері мен ұйымдастырушылық қа­білеттері және креативті ойлау мүмкіндіктері ескеріліп, бас­ты назарға алынды. Басқарма төрағасы айтқандай, біздің ком­панияда тек энергетика ин­же­нерлері ғана емес, осы салада еңбек етіп жүрген заңгер немесе есепші әрі экономист сияқты кез келген маман лидерлікке ұмтылуына, таласуына болады. Ең бастысы, оның жасы 25 пен 45-тің арасында болуы шарт», деді Б.Омаров.

Аталған ұжымның таңдауы түскен жас дарындар шара барысында компанияны дамыту туралы өздерінің ұсыныс-пікірлерін ашық білдіріп, басшылықпен ой бөлісті. Өз кезегінде компания жетекшілері бұл дәстүрлі шара жалғасын таба беретінін айтып, дарындардың сан қырын ашып, біліктіліктерін арттырып отыру мақсатында шеберлік сағаттары жиі ұйымдастырылып тұратынын білдірді. Сонымен, ТОП-25 кадр резервіне ҰЭТ-ты дамыту департаментінің директоры Нұржан Исенов, Пайдалану департаментінің бас менеджері Бауыржан Өтеулиев, «ЖО ҰДО» филиалының бас диспетчері Бекжан Мұқатов, «Шығыс ЖЭТ» филиалы директорының экономикалық және жалпы мәселелер жөніндегі орынбасары Сәкен Қарабалаев және басқалар енді. Атап айтарлығы, резервистер құрамына жуырда ЕМВА бағдарламасы бойынша «Назарбаев Университет» жа­нындағы Жоғары бизнес мек­тебін үздік бітірген «KEGOC» АҚ-тың экономика жөніндегі басқарушы директоры Айбек Ботабеков те еніпті.


http://egemen.kz/2015/11/28/8758