КЕGОС-тың табыс кілті – ТОП-25-те

Қазақ

30.11.2015

КЕGОС-тың табыс кілті – ТОП-25-те

Айкын: 28.11.2015

Тәңірберген КӘМІЛ

Кеше, «КЕGОС» АҚ басшылығы өздеріндегі кадрлық резервпен, яғни өз ісінің озық үлгілі үздіктерінен таңдалған «ТОП-25» тізімінің өкілдерімен кездесті.

Аталған компанияның директорлар кеңесі мен басқарма мүшелері және арнайы жасақталған құрамдағы қатарластарынан оза шапқан білікті мамандар өзара ашық сұхбат құрып, өзекті мәселелер төңірегінде пікір алмасты.

Игі дәстүрге айналған жүздесуді бас­қарма төрағасы, директорлар кеңе­сінің мү­шесі Бақытжан Қажиев ашып, кездесу қа­тысушыларына арналған сөзінде «Қазақстан Республикасының басты электр желілік компаниясы саналатын «KEGOC» АҚ үшін кадр резервін даяр­лау мәселесі Ұзақ мерзімді даму стра­те­гия­сын жүзеге асырудың қажетті шарты бо­лып табылады», деп атап өтті. Оның айтуынша, KEGOC топ-менеджментінің резервистермен жұмысқа мұншалықты назар аударуы, өндіріс көрігі қызу қай­наған компания қызметінің тиім­ділігін арттыруға бағытталған. Сон­дай-ақ  ба­тыл қадам Бизнесті трансформациялау бағ­дарламасын іске асыру аясында қолға алын­ған. Нәтижесінде, елімізді электр қуа­тымен қамтамасыз ету саласының бар­лық тармағына ауқымды өзгерістер еніп, тиісті ұтымды жаңашылдықтар «адам­дар-технологиялар-үдерістер» ұс­танымы бойынша тындырылмақ.

– ТОП-25 кадрлық қоры дарын­ды­лар­ды анықтау жобасы шеңберінде таң­даудан өткендер қатарынан қа­лып­тасты. Бұл жоба «Самұрық-Қазына» АҚ пен Кор­поративтік университет тарапынан қойыл­ған мақсаттар мен міндеттерді атқару аясында жүргізілуде. Бір ай ішінде KEGOC-тың бағалау сатыларынан өту үшін іріктелген 50 еңбеккерден вер­баль­ды және сандық тест, жеке сауалнама бойын­ша скрининг, әрі құзыреттілігі бойынша өткізілген сұхбатта жоғары кө­рсеткішке жеткен 25 еңбеккер таңдап алынд­ы, – деп түсіндірді «KEGOC» АҚ Бас­қарма төрағасы Бақытжан Қажиев.

«KEGOC» АҚ  директорлар кеңесі­нің төрағасы Қуаныш Бектеміров те іс-шара қа­тысушыларына сәттілік тілеп, жас тол­қынның бүкіл күш-жігері ел бо­ла­­ша­ғын өркендетуге жұмсалу ке­рек­тігіне нұс­қады.

Сырт көз сыншы ретінде шақы­рыл­ған шетелдік сарапшы, «Самұрық-Қа­зына» қорының адами ресурстарды бас­қару жөніндегі бас директоры Дэниел Крюс­берг болса, «талант», «көшбасшы» ұғым­дарының мағынасына тереңінен тоқ­т­алып, нақты өмірде табысқа жетудің қыр-сырымен бөлісті. Оның айтуынша, кейі­нгі жылдары әлемдік алпауыт кәсі­по­рындар да кадрлық резервпен бай­ла­нысты айрықша мән беруде.

– Талантты табысқа ұштастыруда көп тер төгу керек. Егер бойдағы әлеуетті тиімді кәдеге жарата білсе, жетістіктің де ұзақ күттірмейтіні даусыз. Соңғы жыл­дары халықаралық нарықтағы белгілі компаниялар кадрлық құрамдағы іскер мамандарға басымдық танытуда. Ғылы­ми дәлелдегендей, көшбасшылық қасиет өзгелерге де оң әсер етіп, жаңа мүмкін­дік­тер туындатады. Тек бұйрық-өкімге сүйенген қасаң қағидалардан арылып, командалық жұмысқа сүйенген дұрыс. Сонда ғана кемшіліктер түзетіліп, өнімді іс жемісіне қуанатынымыз сөзсіз, – деді Крюсберг мырза.

Сонымен, ТОП-25 кадр резервіне Ұлт­тық электр торабын дамыту депар­та­ментінің директоры Нұржан Исенов, Пайдалану департаментінің бас менед­жері Бауыржан Өтеулиев, «ЖО ҰДО» филиалының бас диспетчері Бекжан Мұ­қатов, «Шығыс ЖЭТ» филиалы ди­рек­­торының экономикалық және жалпы мәселелер жөніндегі орынбасары Сәкен Қарабалаев және тағы басқалар енген. Ре­зервистер құрамына жуырда ЕМВА бағ­дарламасы бойынша Назарбаев уни­верситеті жанындағы Жоғары бизнес мек­тебін үздік бағаға бітірген «KEGOC» АҚ экономика жөніндегі басқарушы ди­ректоры Айбек Ботабеков те кіріп отыр.

– Мен өзім оқу сабақтарынан бөлек, күнделікті жеке басымды дамытуға да ден қоюға тырыстым. Өйткені қазіргі за­манда үнемі көкжиегінді кеңейтіп, өрі­сінді ұзартудан тынбау қажет. Назарбаев университеті мен «Самұрық-Қазына» қорының екі жылға жуық уа­қытқа межеленген оқу бағдарламасы жұ­мыстан ажыратпай, демалыс күндерін пайдалы өткізуге септігін тигізді. Оқыту­шы­лардың да кілең мықтылар сапынан екенін айта кеткен ләзім. Білімімді байы­тудың арқасында көздеген белес­терім белгілі бір жүйеге түсіп, Компания тірлігін алға бастыруда екінші тынысым ашылғандай сезіндім. Ал бастапқыда жұмыс іздегенде, «КЕGОС» компания­сын таңдауымның себебі, оның корпо­ративтік мәдениеті, үлкен отбасыдай ортақ іске жұмылуы ұнады. Әріптестерім­нің сын сағатта жалғыз қалдыр­май­ты­ны­на сенімдімін. Қарапайым еңбек адам­дары да ұжымдағы қолайлы ахуалға, еңбек жағдайына баса көңіл бөлетіні анық. Сондықтан бағындырар шын асу­лар әлі алда, – деп ойын жеткізді

«KEGOC» АҚ экономика жөніндегі басқарушы директоры Айбек Ботабеков.

Басқосудың келесі жартысында «Ше­шендік өнер», «Бизнестегі көшбас­шы­лық», «Келіссөздер жүргізу» тақы­рып­­тарында шеберлік сабақтары шы­мыл­дығын түрді.

Осы орайда келтіре кетсек, «KEGOC» АҚ Қазақстан Республикасының Бір­тұтас электр жүйесінің (БЭЖ) жүйе­лік операторы функциясын атқарады. Компания балансында ұлттық электр торабын (ҰЭТ) құрайтын кернеуі 35-1150 кВ, ұзындығы 24,9 мыңнан аса ша­қы­рымды құрайтын электр жеткізу же­лілері және трансформаторларының қон­дырмалы қуаты 36,2 ГВА болатын 77 қо­салқы электр станциясы бар. Ком­па­нияда еншілес және тәуелді меке­мелерді қосқанда, 4,8 мыңнан астам адам жұмыс істейді.


http://aikyn.kz/ru/articles/show/17305-kegos-ty_tabys_k_lt_top-25-te