Кеше Қазақстанның энергетикалық даму шежіресінде ерекше есте қалатын оқиға болды. «KEGOС» АҚ «Мойнақ ГЭС-і қуаттарын іске қосу» жобасын жүзеге асырды.

Қазақ

12.11.2012

Кеше Қазақстанның энергетикалық даму шежіресінде ерекше есте қалатын оқиға болды. «KEGOС» АҚ «Мойнақ ГЭС-і қуаттарын іске қосу» жобасын жүзеге асырды.

Ел экономикасының соңғы жылдарда қарқынды дамуына байланысты электр энергиясына деген сұраныс та барынша артуда. Қазірдің өзінде оны өндіру көлемі тұтыну мөлшерінен төмен. Міне, осыған байланысты еліміздің энергетикалық қауіпсіздігін және Қазақстанның біріккен энергетикалық жүйесінің сенімді жұмысын қамтамасыз ету үшін Үкімет 2007 жылғы 31 мамырда «Қазақстан Республикасында 2007-2015 жылдарда электр энергетикасы саласын дамыту жөніндегі шаралар жоспары» бағдарламасын қабылдап, ауқымды инновациялық жобалар белгілеген болатын. Саланы серпінді дамытудың ірі жобаларының бірі Мойнақ су электр стансасының құрылысы болып табылады.
Еліміздің оңтүстік өңіріндегі энергия қуатының жетімсіздігін толтыру мақсатында қолға алынған қуаты 300 мВт болатын Мойнақ ГЭС-нің құрылысы ел энергетикасының ірі жобаларының бірі. Бұл жобаға ешқандай бюджеттік қаржы тартылған жоқ. Мойнақ ГЭС-ін салудағы құрылыс жұмыстары ешбір үзіліссіз кесте бойынша жүргізілді. Міне, нәтижесінде энергетикалық ірі нысан дер кезінде пайдалануға беріліп отыр. Аталмыш жоба бойынша Мойнақ ГЭС-нің энергиясын тарату мақсатында қуаты 220 квт/сағ., ұзындығы 215 шақырым Мойнақ ГЭС-і – Шелек, ұзындығы 215 шақырым Мойнақ ГЭС-і – Сарыөзек электр тарату желілерінің құрылысын, Шелек және Сарыөзек қосалқы стансаларын кеңейту, қуаты 220 кВт сағ. Мойнақ ГЭС-і ашық тарату қондырғысының құрылысын салу арқылы Мойнақ ГЭС-і өндірген электр қуатын тартудың жаңа желілері іске қосылды.
Қазақстан біріккен энергетикалық жүйесі негізгі оператор ретінде жүргізген бұл жоба еліміздің 2010-2014 жылдарға арналған ҮИИД бағдарламасы шеңберінде іске асырылды. «Мойнақ ГЭС-і Робот қосалқы стансасы бағыты бойынша» қуаты 220 кВ болатын Робот қосалқы стансасын кеңейте отырып, ұзындығы 228 шақырым 220 кВ жоғары вольтті жаңа электр желісін пайдалануға беру Мойнақ ГЭС-інің мүмкіндігін барынша тиімді пайдалануға және Алматы өңірінің электрмен қамтамасыз ету сенімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
Ірі энергетикалық жобаны жүзеге асыру барысында 220 жаңа жұмыс орны ашылды. «Мойнақ ГЭС-нің қуатын іске қосу» жобасының жалпы құны 10,8 млрд. теңгені құрайды. Жобаны мемлекеттің кепілдігі арқылы Бүкіләлемдік банк және өз қаржысы есебінен «KEGOC» АҚ қаржыландырды.

Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ, 
www.egemen.kz