Қуат көзін жеткізудің жаңа желілері, «Егемен Қазақстан», 04.04.2015

Қазақ

04.04.2015

Қуат көзін жеткізудің жаңа желілері, «Егемен Қазақстан», 04.04.2015

Кеше Орталық коммуникациялар қызметінде «KEGOC» АҚ басқарма төрағасы Бақытжан Қажиев баспасөз мәслихатын өткізді. Ол «Нұрлы Жол» Жаңа Экономикалық Саясаты шеңберінде электр энергиясы саласындағы инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру ісі жөнінде әңгімеледі. «Нұрлы Жол» бағдарламалық құжатында Мемлекет басшысы энергетиктер үшін «Екібастұз-Семей-Өскемен» және «Семей-Ақтоғай-Талдықорған-Алма» бағыттарында жоғары вольтты желілер салу  міндетін белгілегені мәлім. Осыны айтқан басқарма төрағасы бұл тапсырма тікелей «KEGOC» АҚ-тың қызмет аясына жататынын жеткізді. «Аталған екі желі 2014 жылы іске асырыла бастаған «Солтүстік-Шығыс-Оңтүстік» транзитінің 500 кВ-тық ӘЖ салу» ауқымды жобасының құрамдас бөліктері болып табылады. Жоба бойынша жалпы ұзындығы 1700 шақырымнан асатын жоғары вольтты 500 және 220 кВ электр жеткізу желілері мен қуаты 500 кВ «Семей», «Ақтоғай» және «Талдықорған» үш жаңа қосалқы стансаларының құрылысы қамтылады. Сонымен қатар, жұмыс істеп тұрған 1150 кВ «Екібастұз», 500 кВ «Алма», 500 кВ «Өскемен» және 220  кВ «Шүлбі ГЭС» АТҚ қосалқы стансаларын кеңейту жоспарланып отыр», деді Б.Қажиев. Оның сөзіне қарағанда, бұл жағдайда 500 кВ «Екібастұз-Шүлбі-ГЭС-Өскемен» желілерін пайдалануға беру Солтүстік-Шығыс қимасында электр желілерінің өткізу қабілетін арттырады. Сөйтіп, Шығыс Қазақстан облысының Ресей БЭЖ желілері арқылы өтетін электр энергиясын тасымалдау схемасына тәуелділігіне қарамастан, осы өңірдің энергия тапшылығын өтейді. Оған қоса, контрреттеуіш – Бұлақ ГЭС-ті іске қосқан кезде Шүлбі ГЭС-інен толық қуат беруді қамтамасыз етеді екен. «Қазіргі уақытта 429 металл тірек орнатылды, 130 км. сым жинақталды. 500 кВ «Семей» қосалқы стансасының құрылысы басталды, онда коммутациялық жабдық монтаждалып, қосалқы ғимараттар салынуда. Осы жылы тағы да 200 км. желі тартылып, «Семей», «Өскемен» және «Екібастұз» қосалқы стансаларында жабдықтарды монтаждау жоспарланып отыр. Тұтастай алғанда, жалпы құны 120 млрд. теңгені құрайтын «500 кВ Солтүстік-Шығыс-Оңтүстік» ӘЖ-ні салу» жобасы 2018 жылы аяқталады. Құрылыс кезінде 1800-ден астам жаңа жұмыс орны ашылады, ал аяқталғаннан кейін аталған желіде 97 адам жұмыс істейтін болады. Жобаны жүзеге асыру мемлекет сұранысына сәйкес KEGOC-тың Қазақстан БЭЖ-дің сенімді жұмысы мен тиімді дамуын қамтамасыз ету жөніндегі ұзақ мерзімді даму стратегиясын іске асыру жөніндегі жүйелі жұмыстардың жалғасы болып табылады», деді басқарма төрағасы.

Нұрбай ЕЛМҰРАТОВ

Ақпарат көзі:
http://egemen.kz/2015/04/04/55801