ҚУАТТЫ КӨП ТҰТЫНА БАСТАДЫҚ, «АЙҚЫН», 06.04.2015

Қазақ

06.04.2015

ҚУАТТЫ КӨП ТҰТЫНА БАСТАДЫҚ, «АЙҚЫН», 06.04.2015

Қазақстанда халықты көп алаңдататын мәселелердің қатарына электр қуатына қатысты мәселелер кіреді екен. Осыған орай кеше сенаторлар Энергетика министрлігі мен КЕГОК компаниясының басшылығымен кездесу өткізді. 
Жиында энергетикалық инфрақұрылымды қалыптастыру мен дамыту және еліміздің «Электр энергетикасы туралы» заңын іске асыру мәселелері қаралғандығын айта кеткен жөн. 
Кездесуді ашқан Сенаттың Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитетінің төрағасы Талғатбек Абайділдин еліміздің жаңа экономикалық саясатының негізгі бағыттары «Нұрлы жол» – болашаққа бастар жол» Жолдауында белгіленгенін атап өтті. Бұл ретте Қазақстанды үдемелі индустриялық-инновациялық дамыту үшін энергетикалық инфрақұрылымдарды қалыптастыру айрықша маңызды. 
– Бөлшек және көтерме сауда нарығындағы электр қуатының жұмысына қазіргі жағдайдың әсері, энергетика саласындағы заңнаманы жетілдіру, энергиялық тиімділікті арттыру және қуат үнемдеу мәселелері парламентшілердің басты назарында болады, – деді ол. – Парламент депутаттарының аймақтарда халықпен жүздесулеріне талдау жүргізілді. Сонда электрмен қамтамасыз ету және электр энергиясын үзіліссіз жеткізуге, сондай-ақ энергетиктер мен мемлекеттік органдар тарапынан баға белгілеу және тарифтік реттеуге байланысты сайлаушыларымыздың жиі сауалдар қоятындығы анықталды. Сенат өз қызметінде осы мәселелерді құқықтық қамтамасыз етуге ерекше мән беретін болады.
Индустрия және жаңа  технологиялар вице-министрі Бақытжан Жақсалиев Қазақстанда электр қуатын тұтыну тек арта беретіндігін мәлімдеді. Рас, 2012 жылдан бері электр энергиясын тұтыну біршама төмендеген екен: 2013 жылы жоспарланған 14 мың 350 мВт-тың орнына 13 мың 153 мВт қана шығындалған. 
– Экономиканың дамуына қарай электр энергиясын тұтынудың көлемі жыл сайын шамамен 4-6 пайызға өсіп отырады! Біз бүгін осы мәселемен айналысып жатырмыз. Бұл ретте электр энергиясын тұтынудың болжамын 2-3 жылда бір рет жаңартып отыру қажет, осы мақсатта жобалық институттармен іргелі жұмыс қолға алынған. Осылайша, Қазақстан экономикасының электр энергиясына деген қажеттілігін орнықты қамту үшін алдын ала жобалауды жүзеге асырмақпыз, – деді Б.Жақсалиев.
Вице-министр республикада электр қуаты бойынша тарифті қалыптастыру үдерісі енді жаңаша реттелетіндігін жеткізді. «Қазақстанда «Электр энергетикасы туралы» жаңа заң қабылдауға инвестициялық климатты жақсарту қажеттігі ықпал етті, – деді ол. – Сондай-ақ осы нарықтағы субъектілер арасындағы өзара қарым-қатынастарды да айқын әрі тиімді ету керек. Заң жобасы аясында электр энергиясын беру бойынша тарифтерді қалыптастыруды жетілдіру қарастырылуда. Бұл абоненттік төлемді енгізу жолымен жүзеге асады».  
Министрліктің ұстанымынша, қолданыстағы заңнама саланың инвестициялық тартымдылығын қамтамасыз етіп отырған жоқ. «Ал қуатты тұтыну ауқымы бірте-бірте ұлғайып, 2030 жылға қарай 130 млрд кВт-сағатқа жетпек. Сонымен бірге қолданыстағы электр стансаларының тозу деңгейінің жоғарылығы сақталуда, ол шамамен 60 пайызға жетеді. Биылғы жыл басында жылу электр станса-ларындағы құрал-жабдықтардың орташа қолданылу уақыты – 28,8 жылды, ал гидроэлектр станса-ларында – 35,7 жыл болды» деді Б.Жақсалиев.
Бұл қиындықтан шығу үшін оның мәліметінше, заң бойынша энергия өндіретін кәсіпорындарға арнап, қуаттылық нарығы бойынша ұзақмерзімді инвестициялық келісімдер ендіру ұсынылуда. Онда тараптардың нақты міндеттері белгіленеді. 
Әрине, бұл тұтынушылар үшін де тарифтің көтерілетіндігін білдіреді, бірақ мемлекет еселеп қымбат-тауына жол бермейді. Мәселен, бір қызығы, KEGOC ұлттық компаниясы 2015 жылғы   1 сәуірден бастап, өз тораптары бойынша электр энергиясын жеткізу қызметіне белгіленген тарифті 1,954-тен 1,943 теңге/кВтс-қа дейін арзандатыпты. Бұрын белгілі болғандай, Ұлттық экономика министрлігі электр энергиясына арналған тарифті азайту туралы жариялаған болатын.
Нәтижесінде, елімізде І кезеңде электрмен жабдықтаушы ұйымдардың «Болат Нұржанов атындағы Екібастұз МАЭС-1»-тен алатын қуатының ақырғы бағасы 1 кВт/сағат үшін 8,8-ден 8,65 теңгеге дейін төмендетіледі. 2-ші кезеңде «KEGOC»-тың, ӨЭК пен энергия жеткізуші ұйымдардың тарифтерін төмендету жоспарланған. 
Қазіргі уақытта ҚР Энергетика министрлігі Екібастұз МАЭС-1 электр энергиясының босату бағасын 8,8-ден 8,65 теңгеге дейін азайтуда.
Бұған қоса, KEGOC-тың тораптары бойынша электр энергиясын жеткізу қызметіне белгіленген тарифті 1,954-тен 1,943 теңге/кВтс-қа дейін азайту туралы шешім қабылданғандығы мәлім болды. 
Жиында KEGOC компаниясының басқарма төрағасы Бақытжан Қажиев электр энергетикасы инфрақұрылымының жағдайы мен оны келешекте дамыту жайында сенаторларды хабардар етті. 
Айхан ШӘРІП 
http://www.aikyn.kz/news/view/67427