Орталық Қазақстан (Қарағанды)/«Энергетика – менің тағдырым» /Тимур Ержанов/

Қазақ

12.07.2014

Орталық Қазақстан (Қарағанды)/«Энергетика – менің тағдырым» /Тимур Ержанов/

2photo.jpg

Еңбегімен еңселі

Алексей СЛОБОДИН:

«Энергетика -менің тағдырым» 

Кезінде энергетикаға мүлдем кездейсоқ келген Алексей СЛОБОДИН бүкіл саналы ғүмырын осы саламен байланыстырды.Маңызы зор саладағы мағыналы еңбек өтілі 32 жылға жуықтайды. Осы уақыт аралығында Алексей Павлович релені қорғау қызметінің қарапайым электр монтерінен

бас инженердің орынбасары - «KEGOC» АҚ Орталық жүйеаралық электр желілері филиалының аймақтық диспетчерлік орталығының бастығы лауазымына дейінгі қызмет баспалдақтарын өткерді. 2009 жылы оған «Қазақстан Республикасының Құрметті энергетигі» атағы берілді.

– Жас кезімде энергетик боламын деп ешқашан ойлаған емеспін. Бәрі де кездейсоқ болды. Орта мектепті бітірген бетте ата-анам «Қарағандыэнерго» кәсіпорынына жұмысқа орналасу жөнінде кеңес берді, - деп бізбен әңгімесін естелікпен бастады Алексей Павлович. Бірақ, мен соған еш өкінбеймін. Өйткені, жаныма жақын жұмыс таптым. Жұмысым өзіме қатты ұнайды. Қысқасы,

энергетика менің тағдырыма айналғанына шексіз ризамын! Энергетика – өте қызықты сала. Ол физика ғылымын меңгеруді, яғни, кестені сауатты түзуді, күрделі есептеулерді біліктілікпен жүргізу үрдісін талап етеді. Электр энергетикасы саласында өзінің білім деңгейін ұдайы ұштап отыруға қалыптасқан, өте сауатты және біліктілігі жоғары инженерлер жұмыс істейді. Әрине, маған да көп оқуға тура келді. Өндірістен қол үзбей, әуелі, арнаулы орта, кейіннен жоғары техникалық білім алдым. Электр қуатын беру-жеткізу технологиясы серпінді даму үстінде. Сондықтан, үздіксіз оқу, біліктілікті арттыру, дүниетанымды тұрақты негізде кеңейту қажет.

– Сіз «KEGOC» акционерлік қоғамына қалай келдіңіз? Соншалықты ірі компанияға қызметке орналасу оңайға түсе

қоймаған шығар...

– Турасында, мен 1982 жылдан бастап жұмыс орынымды ауыстырған емеспін. Тек, Кеңес Одағы тараған соң «Қарағандыэнерго» қайта құрылу үдерісін бастан кешірді. Сол кезде біздің диспетчерлік орталық «KEGOC» акционерлік қоғамының құрамына берілді. Бұл компания менің кәсіби сапалы тәжірибемді лайықты бағалады. Басқа жұмысқа ауысу жөнінде ой түймеуім үшін барлық қажетті жағдайды жасады. Энергетика саласына ауыртпалық түсірген, өткен ғасырдың 90-шы жылдары дәл осы «KEGOC» компаниясында қалғаныма ешқашан өкінген емеспін, өкінбеймін де. Компанияның келешегі кемелді боларына күмәнсіз сендім. Жұмыс барысында маған өзге компаниялардағы әріптестеріммен жиі тілдесуге тура келеді. Сол себепті, басқа біреудің айтқанынан естідім дейтіндей емес, мен бір жайттан жақсы хабардармын. Шынтуайтында, біз өзіміз тектес өзге компаниялардан техникалық тұрғыда жарақтандырылу және еңбекті ұйымдастыру үрдісі жағынан әлдеқайда жоғары тұрмыз. Біздің мамандарды өз ісінің кәсіби шебері ретінде бағалайтындарын да білемін.

– Диспетчерлік орталықта еңбек еткен кезеңде осы компанияда қандай өзгерістер орын алды?

– Аса ауқымды өзгерістер жүзеге асырылды. Мен алғаш жұмысқа кіріскенде, бізде диспетчерлер подстанциялар мен электр

қуатын жеткізу желілеріндегі жағдайды бақылауға арналған қолдануға қолайсыз, өте көлемді қалқан тұратын. Сол қалқан «KEGOC» компаниясына мұра ретінде берілді. Бүкіл қондырғылар кешені компанияға өткен сәттен бастап, оларды толық жаңғырту шаралары қолға алына бастады. Қазір ескі қалқанның орнында қазіргі заманғы алып монитор тұр. Барлық басқару үдерістері автоматтандырылған. Көптеген жағдайларда біздің қызметкерлер ешқайда шыға да қоймайды, өйткені, барлығын компьютердің көмегімен ретке келтіреміз. Бүгінгі диспетчерлік орталық – Қарағанды облысындағы барлық подстанциялар мен электр желілерін басқаруға арналған және уақыт талаптарына мейлінше сай қазіргі заманғы кеңсе. Осының бәрінде менің де үлесім болғаны үшін өзімді бақытты сезінемін. Себебі, мен біздің орталықты жаңғырту шараларына тікелей араластым. Ең бастысы, біз қазір бір орында тұрған жоқпыз: басқарудың автоматтандырылған жаңа жүйесін енгізуге дайындық үстіндеміз.

– Сіздің кәсібіңіз қаншалықты тартымды? Жастар сіздерге жұмысқа орналасуға ынталы ма?

– Бізге жұмысқа орналасуды көпшілігі армандайды. Алайда, іріктеуден өту – екінің бірінің қолынан келе бермейтін шаруа. Бізге жұмыс орынын ауыстыра беруге бейім, кездейсоқ адамдар қажет емес. Жұмысқа жоғары білімді және энергетика саласында үш жылдан кем соқпайтын еңбек өтілі бар мамандар ғана алынады. Барлық үміткерлердің арасынан энергетиканы жанымен сүйетін, кәсіби тұрғыда өсуге, дамуға ынтызар адамдарды таңдап алуға мүдделіміз. Жеке құрамды іріктеу мәселесіне тікелей қатысым болғандықтан, қазіргі таңда «KEGOC» акционерлік қоғамында жұмыс істейтін және осы қадамға барғанына өкінбейтін бірқатар мамандарды тәрбиелеп өсірдім деп сеніммен айта аламын. Солардың ешқайсысы жұмыстан шығып кеткен емес. Демек, мен оларға дәл өзіме сенгендей сенім арта аламын.

– Отбасы мүшелерінің сіздің жұмысыңызға қандай көзқараста?

– Отбасым менің таңдауымды, менің кәсібімді сыйлайды. Балаларым кішкентай кезінен менің жұмысымды көріп өсті, оларға өзімнің жұмыс орынымды көрсететінмін. Сондықтан болар, үлкен ұлым да өзінің тағдырын энергетикамен байланыстыруға шешім қабылдады. Ол қазір техникалық университете «Жылу энергетикасы» мамандығы бойынша оқиды. Мен оның энергетика саласын таңдау арқылы ешқашан жұмыссыз қалмайтынына және өмірде көп нәрсеге қол жеткізеріне күмәнсіз сенімдімін. Менің отбасым біздің салада, біздің компанияда орын алып жатқан оқиғаларды мұқият қадағалап отырады. Айтарлықтай қызығушылықтары бар. Мәселен, біз «Халықтық ІРО» бағдарламасына шығатын екінші қазақстандық компания «KEGOC» АҚ болғанын зор қанағаттану сезімімен қабылдадық. Компанияның аталған бағдарламаның жаңа кезеңіне қатысуынан мен тек қана жағымды сәттерді күтемін. Бұл біздің акционерлік қоғамға жарғылық қорды ұлғайтуға мүмкіндік береді. Демек, қондырғыларды жаңғыртуға және технологияның ең үздік түрлерін қолданысқа енгізуге қосымша қаражат тартылатын болады. Бұларды айтпағанда, «Халықтық ІРО» бағдарламасына қатысып, «KEGOC» компаниясының акцияларын сатып алатын қазақстандықтар да дивиденд есебінен қомақты сыйақыларды иеленеді. Менің өзім, әрине, мұндай мүмкіндікті құр жібермесім анық. Өз компаниямның акционері болу мүмкіндігін жіберіп алу, тіпті, ойыма да кіріп шықпайды. Өйткені, компанияның қалай дамып келе жатқанын көзіммен көріп отырмын, сол үдеріске тікелей өзімнің де қатысым бар.Оның тұрақтылығына, келісті келешегіне бек сенемін. «KEGOC» акцияларының құны өсетініне де күмәнданбаймын. Акционер есебінде мен өз еңбегім үшін қосымша сыйақы пайыздарын алатын боламын, сондықтан оның дами түсуіне мейлінше мүдделімін.

– Алексей Павлович, сіздің «KEGOC» акцияларын «Халықтық ІРО» бағдарламасына шығару келешегінің кемелдігіне деген сеніміңіздің негізі неде?

– Менің ойымша, энергетика өнеркәсіптің аса маңызды саласы екендігі ешкім үшін де құпия емес. Онсыз экономиканың өзге салаларының қалыпты жұмыс істеуі, әсте, мүмкін еместігі де айдан анық. Электр қуатынсыз бір күн өмір сүріп көріңізші. Өркениеттің барлық игілігінен бір сәтте айырылғандай күй кешесіз. Сондықтан, энергетикада, оның дамуында – бүкіл болашақ тұр. Бұған қоса, «KEGOC» акциялары көлемді дивиденд алып келеріне және құнының өсе түсеріне мысқалдай күмәнім жоқ. Өз ісінің шеберлері жұмыс істейтін, менеджменті сауатты, кездейсоқ адамдардан ада компанияда басқаша болуы мүмкін емес. Қысқасы, «Халықтық ІРО» бағдарламасының келесі кезеңіне қатысып, таңдауларын «KEGOC» акцияларына тоқтататын қазақстандықтар ұтпаса ұтылмайды!

Әңгімелескен

Тимур ЕРЖАНОВ.



..