Трансформация - заман талабы, Айқын: 18.05.2015

Қазақ

18.05.2015

Трансформация - заман талабы, Айқын: 18.05.2015

KEGOC бизнес-үдерістердің трансформациясы басталғанын хабарлады. 

Бизнесті трансформациялау бағдарламасы күшіне енді. «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры бастап берген алғашқы сатыдан кейін трансформацияға «Қазақстан Темір Жолы», «Қазпочта», «ҚазАтомөндіріс», «ҚазМұнайГаз» сияқты ұлттық компаниялар атсалысты. Міне, бүгін трансформация бағдарламасына қатысатынын «KEGOC» АҚ мәлімдеп отыр. Басшылық жаңа қадамдар компанияның жұмысын жетілдіріп, жаңа нәтижелерге бастарына сенімді. Бастысы, барлық реформаның мақсаты – адам әлеуетін өсіру.
Осыдан алты ай бұрын Елбасы «Самұрық-Қазына» қорындағы трансформацияны бастап берген. Содан бері Мемлекет басшысының бастамасына алты компания қосылды. Және «KEGOC» АҚ-қа да кезек келді. Компанияның директорлар кеңесінің төрағасы Қуаныш Бектеміровтың айтуынша, бұл бастама бекер қолға алынған жоқ. Иә, тұрақты және нәтижелі жұмыс істеп отырған топ бар, дегенмен, өзгеретін кез келді.
«KEGOC желілеріне ұқсас көптеген энергожүйелерді толық біле бермейміз. Олар әлемнің әртүрлі елінде бірегей мәнге ие. Біз өзіміздің қаншалықты нәтижелі жұмыс істеп отырғанымызды білмейміз, өзіміз секілді шетелдік компаниялардың тәжірибесімен толық таныс емеспіз» деді ол.
Компанияның өзекті сауалдарының бірі – еңбек өнімділігі, сонымен қатар еншілес компанияларды дамыту мәселесі.
«Жоғарыда аталған мәселелерді дамытып, тиімді табыс табу үшін, бір сөзбен айтқанда, жоғары нәтижелі компанияларға айналуы үшін не істеу керек? Басты міндет ақылды желілер (smart grid) жасау. Яғни жүйе шығынға ұшырамай жұмыс жасайды. Қызметкерлердің кәсіби біліктілігі – өзекті мәселенің бірі. Олар бәсекеге қабілетті ме, әлемдік алпауыт компанияларда жұмыс істейтін әріптестерімен қаншалықты деңгейлес? Мұны анықтау басты міндеттің бірі» деді Бектеміров.
Аталған мәселелердің түйінін тарқатар бір жол бар, ол – бизнес үдерістерін транс­формациялау. Бұл ауыр міндет, алайда еңсеруге болады. «KEGOC» АҚ басқарма төрағасы Бақытжан Қажиевтің айтуынша, компаниядағы трансформация бағдарламасы ресми түрде іске қосылғаны кеше ғана болғанмен, бұл тараптағы жұмыс біраз уақыттан бері жүргізілуде.
«Трансформация бағдарламасын 4 сатыда орындау жоспарланып отыр. Нөлдік сатысы – мобилизация аяқталып қалды, қажетті құжаттар бекітілді, ұжым жасақталды. Бірінші саты – диагностика және дизайн. Бұл жұмыстар қазір басталуда және биылғы жылдың қараша айына дейін созылады. Оны орындау барысында трансформация бағыттары айқындалып, үдеріс карталары, КПД ағашы, приоретизация, автоматизация және басқалары бекітіледі» деді Қажиев.
Екінші саты желтоқсан айында аяқталып, жоспарлау жүргізіледі және трансформация жоспарларын жүзеге асырудың мерзімдері бекітіледі. Және соңғы үшінші сатыда компания 2016 жылға дейін созылатын жобаларды кіріктіруге көшеді.
«Болашақтың компаниясын жасақтау үшін трансформация орталығы қызмет­керлерінің ғана емес, күллі компания мамандарының ұжымдасқан жұмысы қажет. Қызметкерлерге бұл тараптағы ұсыныстарын айтуға мүмкіндік береміз. Мұндай ұсыныстар бизнесті трансформациялау орталығында қаралып, ең маңыздылары компанияларды модернизациялау туралы кеңесте тал­қыланатын болады. Ал бұл кеңеске басқарма төрағалары, қор өкілдері және директорлар кеңесінің мүшелері кіреді» деді Қажиев.
Өз кезегінде «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қоры» АҚ басқарма төрағасы Өмірзақ Шөкеев трансформацияға бірінші кезекте компания қызметкерлері қатысу тиіс екендігін айтты. Олар бұл процесске белсене араласуы керек. Шөкеевтің пікірінше, көп жағдайда адамдар­ды қайта оқыта отырып, олардың саналарын өзгеріске түсіруді, ойлау қабілетін өсіруді назардан қалыс қалдырмаған жөн. Нәтижеге қол жеткізуде бұл басты қадам.
«Біз адамдарды, олардың болмысын, білігін, ой-санасын, әлеуетін, мақсатын өзгертуіміз, жетілдіруіміз керек. Бұдан бұрынғы айтылғандардың бәрі әкімшілік ойлаудың нәтижесі, біз коммерциялық тұрғыда ойлауға көшу керекпіз. Компаниядағы әрбір қызметкер өзінің жұмыс орнына қандай пайда әкелемін деген ойда жүруі тиіс» деді қор төрағасы.
Шөкеев өз сөзінде трансформация бағдарламасымен екі ұжым айналысып жатқанын айтты. Оның бірі – корпоративтік орталықты назарға алса, енді бірі еншілес компанияларды трансформациялаумен айналысуда.
«Тәулігіне 24 сағат бойы жұмыс істейтін сіздердің кеңесшілеріңіз жылдам шешім қабылдайтын топ» деді ол сөз соңында.

Автор: НҰРЛАН ИБРАГИМОВ

http://www.aikyn.kz/articles/view/69031