Жетiсу (Талдықорған), № 131 (17975), 20.11.2014

Қазақ

20.11.2014

Жетiсу (Талдықорған), № 131 (17975), 20.11.2014

«KEGOC» компаниясы «Халықтық ІРО» бағдарламасына қатысады /Гүлжан Тұрсын/

Электр стансылары мен электр қуатын тұтынушылардың арасын байланыстырушы «KEGOC» компаниясы өкілдері Талдықорғанға келіп, инвесторлармен кездесу өткізді. Кездесуді облыс әкімінің орынбасары Серік ТҮРДАЛИЕВ ашып, жүргізді. «Инвесторлар үшін мүмкіндік, тұтынушылар үшін сенімділік» тақырыбында өткен басқосуда компания жетекшісі Бақытжан Қажиев компанияның бүгінгі қаржы нарығындағы орны жөнінде мағлұмат берді

Кеңейте айтар болсақ, «KEGOC» компаниясы көтерме сауда нарығының қатысушыларына электр қуатын жеткізу, техникалық диспетчерлендіру, электр қуатын өндіру-тұтыну теңгерімін ұйымдастыру бойынша қызмет көрсетеді. Бүл күнгі басқосуда аталмыш компанияның бағалы қағаздар нарығын дамытуды көздейтін «Халықтық ІРО» бағдарламасына қатысатындығы жайында кеңінен сөз болды.

Жалпы «KEGOC» акционерлік қоғамы «Халықтық ІРО» бағдарламасына қатысып тұрған екінші компания. Алғашқы компания акционерлерінің саны 34 мың қазақстандықты құраған «ҚазТрансОйл» акционерлік қоғамы. Бағдарламаға «Самұрық Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ тобына кіретін тұрақты және сенімді компаниялар қатыстырылады.

KEGOC» акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Бақытжан Қажиевтің айтуынша, қазіргі уақытта компанияда 4700-ден аса адам жұмыс істейді. Компанияның акция пакеттеріне «Самұрық Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» иелік етеді. Акционерлік қоғамның соңғы жылдары едәуір жетістіктерге қолжеткізгендігін басшылары ауыз толтыра айтты. Жабдықтау жүйесі жаңартылған  инвестицияның жалпы мөлшері 100 млрд. теңге. Акционерлік қоғамның электр беру желілері 24,5 мың шақырымды құрайды. Электрді үздіксіз беріп тұратын 77 қосалқы стансысы бар. Өткен жылы электр қуатын беру қызметінің көлемі 41,4 млрд. кВт. сағатты құраған. Сондай-ақ, акционерлік қоғам болашақта әлемдік деңгейге шығуды көздейді.

Жиын барысында акционерлік қоғамының басшылары акцияны қалай сатып алуға болатындығы жөнінде ақпарат берді. Компанияның дивидендтік саясатына сәйкес, дивидендтерге төлеуге жұмсалатын сома сол жылғы таза кірістің немесе жарты жылдың қорытындысының 40 пайызынан кем болмауы тиіс. Акциялар мен дивидендтердің сатылымынан түскен табысқа салық салынбайды. Халықтың жинақтарын инвестициялау және көбейтудің жаңа жүйесін түсіндіру бұдан әрі қарай да жүргізіле береді. Бағдарламаның қыр-сырын егжей-тегжейлі білгісі келгендер «Қазпочта» акционерлік қоғамындағы арнайы даярланған мамандардың кеңесіне сүйенуге болады.

Электр энергетикасы республиканың өнеркәсіп өндірісі көлемінің 70 пайызын қамтамасыз ететін отын-энергетикалық компания акцияларын сатылымға шығарды. Ары қарай акциялардың сатылуы, азаматтардың құнды қағазға ие болуы уақыт еншісіндегі шаруа.



..