WAMS жабдығы орнатылып, жүйені тәжірибелік пайдалануға енгізу бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр

Қазақ

«WAMS/WACS синхрофазорлық технологиялар негізінде мониторингілеу және басқару жүйесін ендіру» жобасының ағымдағы ахуалы және жобаның екінші кезеңін іске асыру бойынша алдағы уақытта атқарылатын жұмыстар Жоба демеушісі Әскербек Қуанышбаевтың қатысуымен өткен Басқарушы комитеттің кезекті отырысында БКБ режимінде талқыланды. 

Мониторингілеу жүйесін ендіру бойынша жобаның бірінші кезеңі шеңберінде атқарылған жұмыстар туралы Жоба жетекшісі Серік Жарқынбаев баяндады. 

Қазіргі кезеңде WAMS (Wide Area Measurement System) жабдығы Компанияның Астана және Алматы қалаларындағы қосалқы станциялары мен диспетчерлік орталықтарында орнатылған. WAMS жүйесінің архитектурасы «500кВ Шымкент» және «500кВ Жамбыл» қосалқы станцияларын қоса алғанда «Қазақстанның солтүстік-оңтүстігі» транзиті бағытында 14 қосалқы станцияны қамтиды. Оларда векторлық өлшемдерді синхрондауды қамтамасыз ететін және Ұлттық диспетчерлік орталықтың (Астана) серверлеріне, соған қоса Алматы қаласындағы өңірлік диспетчерлік орталыққа қатар жеткізетін векторлық өлшемдердің PMU-құрылғылары, GPS-сағаттар және коммутаторлар орнатылған. Ақпаратты қосарлау резервтік ресурстарды қамтамасыз ету мақсатында жүзеге асырылады. 

Өлшемдер туралы деректерді мониторингілеу Phasor Analytics және Phasor Point бағдарламалық қамтамасыз ету көмегімен жүргізіледі. 

Бірінші (қосалқы станциялардың қызметкерлері) және екінші (диспетчерлер) деңгей қолданушылары оқытылды және жабдықпен таныстырылды. Қазіргі уақытта WAMS мониторингілеу жүйесінің барлық компоненттерін кешенді тестілеу жүргізіліп жатыр.

Сонымен қатар отырыста жобаның жаңартылған Жарғысы бекітілді және мониторингілеу жүйесінің синхрофазорлық өлшемдері негізіндегі WAСS (Wide Area Control System) автоматикасының алгоритмдерін әзірлеу және құру тәсілдері талқыланды. 

Жоба екі кезеңде іске асырылады және нақты уақыт режимінде электр желілерін басқару есебінен өткізгіштік қабілетті қолдануға бағытталған. Мұндай амал энергия жүйесінің жай-күйін бағалауға, тұрақтылық қорларын талдауға және мүмкіндіктерін тиімді қолдануға жағдай жасайды. Іске асырылу мерзімі 2018-2020 жылдар.