«KEGOC» қысқы емтиханнан сүрінген жоқ

Қазақ

Әрбір саланың өзіне тән күрделі, әрі ең жауапты кезеңдері болатыны белгілі. Энергетиктер үшін бұл кезең – күзгі-қысқы уақыт. Осы мезгілде электр энергиясын тұтынудың ең жоғарғы деңгейі көрініс табады. Мұның сыртында, табиғаттың қатал сындары тағы бар. Аяз, қар және үскірік боран, дауыл жиілейді. «KEGOC» АҚ-ның 2019-2020 жылғы күзгі-қысқы кезеңді қалай өткергені туралы компанияның Өндіріс жөніндегі басқарушы директоры Бақытхан ЖАЗЫҚБАЕВ әңгімелейді.

– Күзгі-қысқы кезең, шын мәнінде, энергетиктер үшін, соның ішінде, біздің компания үшін өте жауапты кезең. Кезекті маусымға дайындықты көктемде, яғни күн жылынған сәттен бастайтынымыз кездейсоқ емес. 

Алдымен, маусымдық жұмыстардың көлемі түсінікті болуы үшін компанияның негізгі активтері туралы қысқаша айтып өткенім жөн болар. «KEGOC» АҚ-ның иелігінде 220-1150 кВ кернеулі, жалпы ұзындығы 26 мың шақырымнан астам әуе электр жеткізу желілері (ӘЖ) және жалпы қуаты 36 ГВА болатын 80 қосалқы электр стансасы бар. 

Желілер мен энергия нысандарының күзгі-қысқы кезеңнен табысты өтуі үшін дайындық кезінде «KEGOC» АҚ электр жеткізу желілерінде де, қосалқы стансаларында да ауқымды түрде жөндеу-пайдалану жұмыстары жүзеге асырылады.

Жалпы алғанда, «КЕGОС» АҚ электр желілерін 2019-2020 жылғы күзгі-қысқы кезеңге дайындау барысында 106 әуелік электр жеткізу желілері, 41 бірлік қосалқы станса жабдығы, 353 бірлік автокөлік, 113 ғимарат пен құрылыс нысандары жөнделді. Яғни орташа арифметикалық көрсеткішті шығарсақ, бұл – активтеріміздің шамамен 30 пайызы. Жалпы алғанда, 2019 жылы осы жұмыстарға жұмсалған шығыстар 1,7 млрд теңге шамасында. Сонымен қатар өндірістік жабдықтар, жөндеуге қажет материалдар және қосалқы бөлшектердің апаттық қоры толықтырылды, трансформатор майы мен жанар-жағармай қоры қажетті мөлшерде жинақталды. 

Бұл бағыттағы жұмыс көлемі өте ауқымды деп айтуға толық негіз бар.  2019 жылы барлық жөндеу жұмыстары жоспарға сай уақтылы, толық көлемде, сапалы орындалды. Осы жұмыстар арқылы барлық электр желі кешені биылғы күзгі-қысқы кезеңнен сүрінбей өтті. 

Мұның бәрі «КЕGОС» АҚ және еліміздің барлық аймақтарындағы компания (9) филиалдарындағы кәсіби мамандардың тынымсыз еңбегінің жемісі. Ең бастысы, мамандарымыз еліміздегі барлық кәсіпорындар мен халықты электр энергиямен тұрақты қамту – компанияның электр желілері мен қосалқы стансаларының жағдайына тікелей байланысты екенін жақсы түсінеді. 

Осы арада бір мысал келтірейін. Айталық негізгі электр энергиясын өндіру көздерінің (электр стансалары) республикамыздың солтүстігінде шоғырлануы, ал еліміздің оңтүстік бөлігінде электр энергиясын тұтынудың көлемі айтарлықтай болса да, жергілікті жерде электр қуатын өндіру көлемінің жеткілікті болмауы салдарынан осы аймақта энергия тапшылығының орын алуы, бұл тарихи қалыптасқан жайт. Бұл мәселе электр энергиясын солтүстіктегі көздерден Қазақстанның оңтүстігіне «Солтүстік – Оңтүстік» және «Солтүстік – Шығыс – Оңтүстік» транзиттерінің, яғни 500 кВ кернеулі әуелік электр жеткізу желілері арқылы тасымалдаумен шешімін тауып отыр. Сол себепті де Қазақстанның оңтүстік өңірін энергиямен қамтамасыз ету – біздің аталған транзиттік желілерді күзгі-қысқы маусымға сапалы дайындауымызға тікелей байланысты екенін жақсы түсінеміз. 

– Күзгі-қысқы кезеңге дайындық сапасы қалай анықталады? 

– Жөндеу және алдын алу  жұмыстары толық аяқталған соң, компанияға күзгі-қысқы кезеңнен өтуге дайындық паспорты беріледі. Оны Энергетика министрлігіне қарасты Атомдық және энергетикалық қадағалау комитеті тапсырады. 

Яғни аталған комитет тарапынан құрылған комиссия біздің компаниямызға тиесілі негізгі және қосалқы жабдықтардың, ғимараттар мен құрылыстардың, электр желілерінің техникалық жай-күйі туралы куәландыратын құжаттарды, соның ішінде біздің активтеріміздің техникалық жағдайы  туралы сараптамалық ұйымның жасаған қорытындысын зерттеп, талдайды. 

Мәселен, өткен жылы күзгі-қысқы кезеңге дайындық паспортын «KEGOC» АҚ 17 қазанда алған болатын. 

Жалпы, компания биылғы күрделі маусымдық кезеңін табысты өткерді деп айтуға болады. Сонымен қатар маусымдық кезеңде «KEGOC» АҚ, Жүйелік оператор ретінде Қазақстанның біртұтас электр энергетикалық жүйесінің (БЭЖ) сенімді әрі тұрақты жұмысын қамтамасыз етті, республиканың электр энергетикалық нарығында жүйелік қызметтер көрсетті және шектес мемлекеттердің энергия жүйелерімен қатарлас жұмыс режімдерінің тұрақтылығын қамтамасыз ету барысында бірлескен қызметтер атқарды. 

Күзгі-қысқы кезеңнің қорытындылары негізінде  электр жүктемесінің  ең жоғары көрсеткіші 2019 жылдың қараша айында тіркеліп,  15182 МВт-қа жетті. Бұл кезеңде Қазақстан БЭЖ-і электр стансаларының генерациясы 14881 МВт шамасында болды. 

Қазақстан бойынша электр энергиясын тұтыну көлемі өткен жылғы көрсеткіштермен салыстырғанда 1,9 пайызға артқан, яғни 2019 жылы 105,2 млрд кВтсағ құрады. Электр энергиясын өндіру 106 млрд кВтсағ, бұл өткен жылғы көрсеткіштен 0,7%-ға төмен. 

– Қыс маусымы кезінде апаттық немесе төтенше жағдайлар тіркелді ме? 

– Техникалық құрал-жабдықтардың, не болмаса адами себептерден айтарлықтай апаттар орын алған жоқ. 

Алайда өткен маусымдық кезеңде ауа райының күрт өзгеруінен «KEGOC» АҚ әуе желілерінде екі апаттық жағдай тіркелді. 2020 жылғы 9 ақпанда, Алматы облысының Жамбыл ауданында жауған жаңбыр мен қатты найзағай және секундына 35 метрге дейін соққан дауылдан бірқатар әуе желілері ажыратылды. Сөйтіп Алматы, Жамбыл, Қызылорда және Түркістан облыстары тұтынушыларының бір бөлігі қысқа мерзімге жарықсыз қалды. 

Дәл осындай жағдай 2020 жылғы 7 сәуірде Қостанай және Ақмола облыстарында қайталанды. Секундына 40 метрге дейін жететін қатты бораннан, «KEGOC» АҚ-ның 500 кВ және 220 кВ әуе желілері ажыратылды. Сол өңірдегі жоғары вольтты желілер жалғанған 40 тіреуді  желдің жұлып әкетуі, сымдардың жарамсыз болып, үзілуі дауылдың қандай  қарқында болғанын көрсетсе керек. Соның салдарынан Қостанай облысының көптеген тұтынушылары жарықсыз қалды.

Екі апаттық жағдайда да компания қызметкерлері жедел әрі шұғыл қимыл-әрекетке кірісті. Бір тәуліктің ішінде электрмен жабдықтау қызметі қалпына келтірілгенін ерекше атап өткен жөн.  

Ақпан айында «KEGOC» АҚ мамандарының кәсіби білік қызметтері және олардың шектес мемлекеттердің энергия жүйелерімен бірлескен жедел жұмыстары еліміздің оңтүстігін электрмен жабдықтауды толық тоқтатуға жол бермеді. 

Сәуірдегі жағдайға келетін болсақ, бір тәуліктің ішінде алты жерден ажыратылған 500 кВ электр жеткізу желісінің екеуінің және сегіз жерден ажыратылған 220 кВ желісінің алтауының жұмысын қалпына келтірдік. Қысқа уақыт аралығында 220 кВ «Сокол – Заречная – Орталық – Қостанай» ӘЖ транзиті қалпына келтірілді. Электр энергиясын «KEGOC» АҚ желілері арқылы жеткізу бойынша барлық шектеулер алынып тасталды және Қостанай қаласын электрмен жабдықтауды толықтай қалпына келтіру туралы бұйрық берілді.  

Компания апат салдарларын жою үшін жедел түрде барлық қажетті ресурстарын жұмылдырды. Осылайша, қалпына келтіру жұмыстары үшін филиалдардан – Қостанай, Ақмола, Қарағанды және Павлодар облыстарынан 15 апаттық-қалпына келтіру бригадалары шұғыл жұмысқа кірісті, мамандар өздеріне жүктелген міндеттерді сәтті атқарып шықты және жөндеу жұмыстарын қысқа уақыт аралығында аяқтады. 

Жалпы алғанда, өткен күзгі-қысқы кезеңнің нәтижелерін түйіндейтін болсақ, маусымды табысты аяқтадық деуге әбден болады. Бұған күн жылынған сәттен жүргізілетін ауқымды жүйелік жұмыстардын нәтижесінде қол жеткізіп отырмыз. Биыл сәуір айының ортасынан әуе желілері мен энергия нысандарын алдағы 2020-2021 жылғы күзгі-қысқы кезеңіне дайындауды бастап та кеттік. Алдағы маусымда біз тұтынушыларды электр энергиясымен тұрақты қамтамасыз етеміз деп сеніммен айта аламын.

https://egemen.kz/article/232281-kegoc-qysqy-emtikhannan-suringen-dgoq