«KEGOC» АҚ Орталық Азия Үйлестіруші электр энергетикалық кеңесінің 34-ші отырысын өткізді

Қазақ

2020 жылғы 11 желтоқсанда «KEGOC» АҚ төрағалығымен өңірлік электр энергетикасы саласындағы маңызды іс-шаралардың бірі – Орталық Азияның Үйлестіруші электр энергетикалық кеңесінің (Кеңес) отырысы өтті.

«KEGOC» АҚ Кеңес отырысын коронавирус инфекциясының алдын алу және таратпау мақсатында онлайн форматында өткізді.

Кеңес жұмысына «KEGOC» АҚ Басқарма төрағасы Бақытжан Қажиев (Қазақстан Республикасы), «Өзбекстан ҰЭТ» АҚ Басқарма төрағасы Дадажон Исакулов (Өзбекстан Республикасы), «Барки Точик» ААХК Басқарма төрағасы Мирзо Исмоилзода (Тәжікстан Республикасы), «Қырғызстан ҰЭТ» ААҚ бас директоры Эмиль Куданалиев (Қырғыз Республикасы), сондай-ақ «Энергия» үйлестіру диспетчерлік орталығының директоры Хамидилла Шамсиев қатысты.

- Кеңес 2003 жылы құрылды. Кеңес отырыстары өткізілген жылдары энергия жүйелерін дамыту және қатарлас жұмысының сенімділігін қамтамасыз үшін көптеген маңызды шешімдер қабылданды, - деп атап өтті KEGOC басшысы. – Кеңес Қазақстанның Біртұтас электр энергетикалық жүйесі (БЭЖ-і) мен Орталық Азия елдерінің Біріккен электр энергетикалық жүйесі (БЭЖ-і) арасындағы өзара ынтымақтастықтың өзекті мәселелері жөніндегі сындарлы сұхбат жүргізетін бірегей «алаңға» айналды деп нық сеніммен айтуға болады.

Отырыс барысында Қазақстан БЭЖ-і мен Орталық Азия БЭЖ-інің қатарлас жұмысын үйлестіру және келісілген іс-қимылдарды қамтамасыз ету жөнінде бірқатар өзекті мәселелер қаралды. Ағымдағы күзгі-қысқы кезеңде қатысушы елдердің энергия жүйелері жұмысының сенімділігін қамтамасыз ету мәселелеріне ерекше назар аударылды. Сонымен қатар «KEGOC» АҚ Кеңеске қатысушыларды Қазақстан БЭЖ-де жиілік пен қуатты автоматты реттеу жүйесін (ЖҚАР) құру жобасын іске асыру барысы және реттеуші қуаттың қолда бар әлеуетін ескере отырып, оны Орталық Азия БЭЖ-де кең көлемде қолданысқа енгізу мүмкіндігі туралы хабардар етті. ЖҚАР жүйесі электр энергиясын өндіру мен тұтыну арасындағы теңгерімді автоматты режимде ұстап тұруды қамтамасыз етуге арналған.

Бақытжан Қажиев заманауи әлемнің жаңа технологиялармен, экономика мен қоғамның қарқынды дамуымен сипатталатынын атап өтті. Бұл өзгерістер электр энергетикасына да ықпал етеді, мәселен жаңа сын-тегеуріндерді ұсынады. Менің ойымша, біз әлемдік трендтерді ескере отырып, ұзақ мерзімді келешектегі Қазақстан БЭЖ-і мен Орталық Азия БЭЖ-ін дамытудың негізгі бағыттары бойынша жүйелі шараларды бірлесіп айқындауымыз қажет, - деп атап өтті KEGOC басшысы.

Отырыс қорытындысы бойынша, Кеңеске қатысушылар Қазақстан БЭЖ және Орталық Азия БЭЖ қатарлас жұмысының сенімділігін қамтамасыз ету үшін келісілген іс-қимылдарды орындауға және режимдерді үйлестіруге бағытталған бірқатар нақты шешімдерді қабылдады. Отырыс барысында KEGOC компаниясының ұсынылған бастамаларын Кеңеске қатысушылар бірден қолдады. Орталық Азия БЭЖ-і мен Қазақстан БЭЖ-ін дамытудың ұзақ мерзімді перспективаға арналған бірлескен тұжырымдамасын әзірлеу туралы шешім қабылданды. Сонымен қатар, Кеңеске қатысушылар Қазақстан БЭЖ-і және Орталық Азия БЭЖ-і энергия бірлестігі деңгейінде ЖҚАР орталықтандырылған жүйесін құру мүмкіндігін қарастыруға, сондай-ақ энергия жүйелерінде ЖЭК ықпалдастыру бойынша бірыңғай техникалық талаптарды әзірлеуге келісті.

Анықтама үшін:

Орталық Азияның шекаралас энергия жүйелерінің қарым-қатынасы Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстан Үкіметтері арасындағы энергия жүйелерінің қатарлас жұмыстары жөніндегі Келісіммен реттеледі, соның аясында қатысушылар мемлекеттер арасында электр жеткізу және транзит, қуатты реттеу сынды екіжақты қызметтер көрсетуді жүзеге асырады. Аталмыш келісімнің Қазақстан үшін артықшылығы еліміздің оңтүстік өңірдегі тұтынушыларын тұрақты электрмен жабдықтаумен қамтамасыз ету болып табылады.

Келісімді басшылыққа ала отырып, қатарлас жұмыстарды үйлестіру және келісілген қызметтерді қамтамасыз ету мақсатында 2003 жылы төрт елдің энергия жүйелері операторлары кеңесетін орган – Орталық Азияның ҮЭК құрды. Бүгінгі таңда Орталық Азияның ҮЭК сындарлы сұхбат құратын тиімді «алаңға» айналды.

Орталық Азия ҮЭК құрамына Қазақстан Республикасынан «KEGOC» АҚ, «Узбекэнерго» АҚ, «Қырғызстан Ұлттық электр торабы» ААҚ және Тәжікстан Республикасынан «Барки Точик» ААХК кіреді.