Атырау және Маңғыстау облыстарындағы электр энергиясының өшуіне ауа райының қолайсыздығы себеп болып отыр

Қазақ

 

2021 жылғы 10 қаңтарда Астана уақыты бойынша сағат 19:25-те ауа райының күрт өзгеруінен, дәлірек айтқанда қар мен жаңбыр түріндегі екпінді жауын-шашын мен мұздың қатуы салдарынан, Атырау және Маңғыстау облыстарында 220 кВ-тық «Индер-Атырау» жоғары вольттық электр жеткізу желісі ажыратылып, аталған облыс аумақтары оқшауланған жұмысқа бөлінді.

Осы уақытта Қарабатан ГТЭС-інде жалпы жүктемесі 100 МВт болатын екі генератор ажыратылды, бұл Атырау және Маңғыстау облыстарында жиіліктің күрт төмендеуіне алып келді. Осының салдарынан жиіліктің төмендеуінің алдын алатын автоматика іске қосылды (95 МВт көлемінде тұтынушыларды ажырату орын алды, оның ішінде Атырау облысында – 70 МВт, Маңғыстау облысында – 25 МВт).

Автоматиканың іске қосылуының арқасында екі облыстың толықтай сөніп қалу қаупін туғызатын жиіліктің терең төмендеуіне жол берілген жоқ.  

Сағат 23:22-де Қарабатан ГТЭС-інің бір генераторы іске қосылып, станция генерациясы 50 МВт-қа арттырылды. Сағат 22:59-да ЖЭС-3 МАЭК-те қуаты 200 МВт блокты қосуға команда берілді.

Қазіргі уақытта «KEGOC» АҚ қызметкерлері технологиялық бұзылыстарды жою жұмыстарын жүргізуде.

Технологиялық бұзылыстарды жою мен алдын-алу шараларын жүргізуге жоғары вольттық жабдықтың қатқақ мұз, қар және жоғары ылғалдылық салдарынан қатты тәжденуі қиындық туындатуда, бұл кезекші персоналдың өміріне қауіп төндіреді. Осыған байланысты «KEGOC» АҚ персоналының жарақат алу қаупін азайту үшін қосымша қауіпсіздік шаралары қабылданды.