Табиғи құбылыстар Атырау энергия торабында технологиялық бұзылыстардың орын алуына әкелді

Қазақ

Ағымдағы жылдың қаңтар айында Атырау мен Маңғыстау облыстарында электр энергиясының ажыратылуына әкелген технологиялық бұзылыстар табиғи құбылыстардың салдарынан орын алды. Атырау энергия торабында ағымдағы жылғы қаңтардың 10-ы мен 17-сін қоса алған кезеңде болған технологиялық бұзылыстарды тексеру жөніндегі мемлекеттік комиссия осындай қорытынды жасады. 

Бұған дейін хабарлағанымыздай 2021 жылғы қаңтардың 10-ы мен 18-ін қоса алған кезеңде ауа райының қолайсыздығынан (тәжденуі, оқшауланудың жабылуы) «KEGOC» АҚ, «Атырау-Жарық» АҚ, «Атырау ЖЭО» АҚ, «Атырау мұнай өңдеу зауыты» ЖШС, «Тенгизшевройл» ЖШС, «Karabatan Utility Solutions» ЖШС объектілерінде және Атырау мен Маңғыстау облыстарындағы басқа да энергия кәсіпорындарында электр қондырғылары авариялық ажыратылған болатын.

Комиссияның қорытындысы бойынша технологиялық бұзылыстар оқшаулаудың құрамында сульфат пен хлорид қоспалары бар электр өткізгіш шөгінділердің салдарынан бұзылуына байланысты туындады. Алматы энергетика және байланыс университетінің мамандары жүргізген тәуелсіз тексеру нәтижелері де осы ақпаратты растап отыр.   

«KEGOC» АҚ тұтынушыларды энергиямен үздіксіз жабдықтауды қамтамасыз ету міндеттері аясында Ұлттық электр торабы жұмысының сенімділігін арттыру үшін Атырау мен Маңғыстау облыстарында қосымша шаралар жүргізетін болады. Қазіргі уақытта Компания Қазақстан БЭЖ Батыс аймағының электр торабын күшейту жөніндегі ірі инвестициялық жобаны іске асыруда. Бұл жоба аясында жалпы ұзындығы 775 км құрайтын 220 кВ «Уральск-Индер-Қарабатан-Тенгиз» екінші транзитінің құрылысы және басқа да бірқатар іс-шаралар орындалатын болады.