«500 кВ Солтүстік-Шығыс-Оңтүстік транзиті әуе желісінің құрылысы» жобасының басталуы туралы баспасөз хабарламасы

Қазақ

02.07.2014

«500 кВ Солтүстік-Шығыс-Оңтүстік транзиті әуе желісінің құрылысы» жобасының басталуы туралы баспасөз хабарламасы

Семей – Астана қ.                                                                                                                                            шілде 2014 ж.

Бүгін «Қазақстан: жаңа индустрияландыру. 2014 жылғы І жартыжылдықтың нәтижелері» Үкіметтің Үдемелі индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасын іске асыру жұмыстары туралы есебі шеңберінде өткен республикалық телекөпір барысында тұсауы кесілген және іске қосылған жаңа ауқымды жобалар орналасқан өңірлермен «онлайн» қосылу болып өтті. «Астана – Семей» онлайн қосылу барысында «KEGOC» АҚ Басқарма төрағасы Бақытжан Қажиев Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевқа 2013 жылғы қаңтарда болған кеңес барысында Қазақстан Республикасы Президентінің ҚР Үкіметіне берген тапсырмасына сәйкес компания ірі ауқымды жоба – «500 кВ-тық Солтүстік-Шығыс-Оңтүстік транзиті әуе желісінің құрылысын» бастауға дайын екендігін баяндады.  

KEGOC басшысы Семей қаласына жақын маңда орналасқан құрылыс алаңындағы телекөпір барысында аталған жобаға сәйкес ұзындығы 1500 шақырым болатын электр желілері, 500 кВ-тық  үш жаңа станция – Семей, Ақтоғай, Талдықорған қосалқы станцияларын іске қосу көзделіп отырғанын атап өтті.

Президент Н.Ә. Назарбаев аталған жобаның маңыздылығына тоқталды және жобаны жүзеге асыру барысында Солтүстіктен Талдықорған өңіріне дейін электр желісін тарту арқылы Алматы облысын электр энергиямен қамтамасыз ету сенімділігі арта түсетіндігін атап өтті.

Мемлекет Басшысы KEGOC компаниясының ұжымын құттықтап, құрылыс жұмыстарын бастауға рұқсат берді.

500 кВ Солтүстік-Шығыс-Оңтүстік транзиті әуе желісі пайдалануға берілгеннен кейін Ұлттық электр торабының (ҰЭТ) Солтүстік – Шығыс, Солтүстік – Оңтүстік бағытындағы электр жеткізу қабілеті күшейеді. Нәтижесінде ҰЭТ транзитінің әлеуеті артады және Қазақстанның солтүстіктегі энергия көздерінен оңтүстік аймақтағы электр тұтынушылардың келешектегі сұранысын өтеу үшін қосымша энергия көлемін жіберуге, сонымен қатар Шығыс-Қазақстан облысындағы энергия тапшылығын Ресей желісі арқылы жеткізілетін электр энергиясыз-ақ жабуға мүмкіндік туады.

Сондай-ақ, 500 кВ әуе желісі Ақтоғай – Алматы, Ақтоғай – Достық, Ақтоғай – Мойынты бағыттары бойынша темір жол торабын дамытуға, тау-кен өндірісіндегі (Ақтоғай кен байыту комбинаты) энергия қажет ететін нысандарды электр энергиясымен қамтамасыз ету, шекаралық ынтымақтастықты дамытуға және Жоңғар қақпасы арқылы енетін жел қуатынан балама энергия әлеуетін кең көлемде игеруге мүмкіндік береді.

Жобаны жүзеге асыру екі кезеңде жүргізіледі, құрылыс жұмыстары 2018 жылы аяқталады. Жобаның құны шамамен 120 млрд. теңгені құрайды. Әлеуметтік маңызы зор жобаның құрылысы барысында 1,8 мыңнан астам адам жаңа жұмыспен қамтылса, құрылыс аяқталған соң жалпы саны – 97 тұрақты жұмыс орны ашылады.

Компания туралы ақпарат

«KEGOC» АҚ Қазақстан біртұтас электр энергетикасы жүйесінің (БЭЖ) Жүйелік операторы функциясын атқарады. Негізгі қызмет түрлері табиғи монополия аясына кіреді. Компания еншісінде Қазақстанның Ұлттық электр торабын (ҰЭТ) құрайтын кернеуі 110-1150 кВ, ұзындығы 24,5 мың шақырым электр жеткізу желілері және  трансформаторларының белгіленген қуаты 35,5 ГВА болатын 76 қосалқы электр станциясы бар. Компанияда 4 мыңнан астам адам жұмыс істейді. Толық  ақпарат  www.kegoc.kz  сайтында.                                                           

Баспасөз өкілдері үшін байланыс                                                            Алмагүл Жакеева, тел.: +7(7172) 690 468,  pressa@kegoc.kz



..