Бақытжан Қажиев ТМД Электр энергетикалық кеңесінің 55-ші отырысының жұмысына қатысты

Қазақ

2019 жылғы 25 қазанда Мәскеу қаласында ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің электр энергетикасын басқару органдарының және электр энергетикалық компанияларының басшылары қатысқан ТМД Электр энергетикалық кеңесінің 55-ші отырысы өтті.

Қазақстандық делегацияның атынан Қазақстан Республикасы Энергетика министрі Қанат Бозымбаев, «KEGOC» АҚ Басқарма төрағасы Бақытжан Қажиев және өндірістік-технологиялық департаменттің бөлім бастығы Нұрбол Нұртаза қатысты.

ТМД Электр энергетикалық кеңесінің 55-ші отырысының шеңберінде ТМД электр энергетикалық жүйелерінің мемлекетаралық ынтымақтастығының өзекті мәселелерін қозғады. Атап айтқанда, Достастық мемлекеттері энергия жүйелерінің 2019-2020жж. күзгі-қысқы кезеңдегі жұмысқа дайындығының барысы, электр энергетикасын цифрландыруға қатысты әрекеттерді үйлестіру қажеттілігі талқыланды.

Отырыста «Қызылорда ТЭК» АҚ негізінде Қызылорда қаласында ағымдағы жылдың қыркүйегінде өткен ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің электр энергетикалық саласы персоналының кәсіби шеберлігі XVI халықаралық жарысының - 10/0,4 кВ таратушы желілерді жөндеу және қызмет көрсету жөніндегі бригадаларының халықаралық жарысының қорытындылары жарияланды.

Отырыстың нәтижелері бойынша метрологиялық қамтамасыз ету, аварияға қарсы жаттығулар өткізу мәселелерін реттейтін және басқа да құжаттар, сонымен қатар ТМД Электр  энергетикалық кеңесінің 2020 жылға арналған жұмыс жоспары және ГОЭЛРО  жоспарының 100 жылдығына арналған іс-шаралар тізілімі қарастырылды және қабылданды.

Сонымен қатар ТМД электр энергетикалық жүйелерінің бірқатар өкілдеріне «ТМД құрметті энергетигі» құрметті атағын беру туралы шешім қабылданды.

 Анықтама үшін:

ТМД Электр энергеткиалық кеңесі  1992 жылғы 14 ақпандағы ТМД электр энергетикасы саласындағы халықаралық қарым-қатынастарын үйлестіру туралы үкіметаралық келісіміне сәйкес құрылды.

ТМД ЭЭК басты мақсаты ТМД мүше-мемлекеттерінің электр энергетикалық жүйесі қауымдастығының тиімді қызметі негізінде Достастық мүше-мемлекеттерінің экономикасы мен тұрғындарын тұрақты және сенімді электрмен қамтамасыз етуге бағытталған энергетика саласындағы Достастық мүше-мемлекеттерінің ортақ және үйлестірілген қызметін жүргізу болып табылады.