Бүгінгі күннің батырлары!

Қазақ

Алматы қаласының Төтенше жағдайлар жөніндегі департаментінің өкілдері «KEGOC» АҚ «Алматы жүйеаралық электр тораптары» филиалының қызметкерлері Әсет Мұқановқа, Тәліпжан Аңсаровқа және Алмас Жусанбаевқа өрт кезінде көрсеткен батыл және табанды әрекеттері үшін Алғыс хат тапсырды.  

2019 жылғы маусымның 24 күні Алматы қаласы Жетісу ауданындағы тұрғын үйлердің бірінде өрт шығады. Сол аумақта «KEGOC» АҚ «Алматы ЖЭТ» филиалының Алатау АЭТ ЭЖЖ телімінің бригадасы өз жұмыстарын атқарып жатқан болатын. Бригада мүшелері жалынға оранған үйдегі тұрғындарды оттан шығаруға және өртті сөндіруге көмектескен. Әсет Мұқанов жанып жатқан үйден егде жастағы әйелді алып шықты. Алмас Жусанбаев үй тұрғындарын сыртқа шығаруға көмектесті. Ал Таліпжан Аңсаров өз өмірін қатерге тігіп, үй ішінде адам қалмағанына толық көз жеткізу үшін отқа оранған үйді тексеріп шыққан. Бригаданың өзге де мүшелері А. Назаренко, А. Жиенғалиев, Е. Манкеев, Б. Бисақанов, Б. Мейірман, Б. Сағынбеков, О. Райханов өртті сөндіруге барынша көмек көрсетуді жалғастырды.  

 

Осындай ержүрек жандардың қысылтаяң шақтағы табанды және батыл әрекеттерінің арқасында адамдардың өміріне төнген қауіп сейілді, өрттің әрі қарай таралуына жол берілмеді. 

Біз ержүрек әріптестерімізбен мақтанамыз!