«KEGOC» АҚ Акционерлерінің кезектен тыс жалпы жиналысын дауыс берудің аралас нысанында (күндізгі және сырттай) 2019 жылғы 25 қазанда өткізу туралы хабарлама

Қазақ

«Электр желілерін басқару жөніндегі Қазақстан компаниясы» (Kazakhstan Electricity Grid Operating Company) «KEGOC» акционерлік қоғамы (бұдан әрі – «KEGOC» АҚ) (атқарушы органының орналасқан жері: Қазақстан Республикасы, Нұр-Сұлтан қаласы, Тәуелсіздік даңғылы, 59-ғимарат) Директорлар кеңесінің 2019 жылғы 28 тамыздағы шешіміне (№ 8 хаттама) сәйкес «KEGOC» АҚ Акционерлерінің кезектен тыс жалпы жиналысы (бұдан әрі – Акционерлердің жалпы жиналысы) дауыс берудің аралас нысанын (күндізгі және сырттай) қолдана отырып шақырылатыны туралы хабарлайды.

Акционерлер жалпы жиналысын шақырудың бастамашысы «KEGOC» АҚ Директорлар кеңесі болып табылады. 

Акционерлердің жалпы жиналысы 2019 жылғы 25 қазанда 11 сағат 30 минутта келесі мекенжай бойынша өтеді: Қазақстан Республикасы, Нұр-Сұлтан қаласы, Тәуелсіздік даңғылы, 59-ғимарат, акт залы. Акционерлердің жалпы жиналысына қатысушыларды тіркеу 2019 жылғы 25 қазанда 9 сағат 30 минуттан 11 сағат 00 минутқа дейін жүргізілетін болады.  

Акционерлердің бірінші жалпы жиналысында кворум болмаған жағдайда Акционерлер жалпы жиналысының қайта отырысы 2019 жылғы 26 қазанда 11 сағат 30 минутта жоғарыда көрсетілген мекенжай бойынша өткізіледі. Акционерлер жалпы жиналысының қайта отырысына қатысушыларды тіркеу 2019 жылғы 26 қазанда 9 сағат 30 минуттан бастап 11 сағат 00 минутқа дейін жүргізіледі.  

Сырттай дауыс беруге арналған бюллетеньдерді ұсынудың соңғы күні – 2019 жылғы 25 қазан 11 сағат 00 минут.

Акционерлер жалпы жиналысының қайта отырысын өткізген жағдайда сырттай дауыс беруге арналған бюллетеньдерді ұсынудың соңғы күні – 2019 жылғы 26 қазан 11 сағат 00 минут. 

Акционерлердің жалпы жиналысына қатысуға құқығы бар акционерлер тізімін жасайтын күн – 2019 жылғы 10 қазан.  

Егер Акционерлердің жалпы жиналысына қатысуға және онда дауыс беруге құқығы бар акционерлердің тізімі жасалғаннан кейін осы тізімге енгізілген тұлға өзіне тиесілі «KEGOC» АҚ-ның дауыс беруші акцияларын иеліктен айырған болса, онда Акционерлердің жалпы жиналысына қатысу құқығы жаңа акционерге ауысады. Бұл ретте жаңа акционер акцияларға иелік ету құқығын растайтын құжатты ұсынуы тиіс. Акционер сырттай дауыс беруге арналған бюллетеньді жолдау арқылы дауыс берген жағдайда құжаттардың нотариалды түрде куәландырылған көшірмелері бюллетеньмен бірге ұсынылады.

Акционерлер жалпы жиналысының күн тәртібі:

1) 2019 жылы 30 маусымда аяқталатын алты айы ішіндегі аралық қаржылық есептемені бекіту, таза кірісті бөлу тәртібі, жай акциялар бойынша дивидендтер төлеу және «KEGOC» АҚ-ның 2019 жылғы бірінші жарты жылдықтағы бір жай акцияға есептегендегі дивидендтер көлемі туралы шешім қабылдау мен бір жай акцияға шаққандағы дивиденд мөлшерін бекіту туралы»;

2) «KEGOC» АҚ Жарғысын жаңа редакцияда бекіту туралы»;

3) «KEGOC» АҚ Есеп коммисиясының сандық құрамына өзгерістер енгізу туралы».

 Акционерлер жалпы жиналысының күн тәртібіндегі мәселелер бойынша материалдармен Қазақстан Республикасы, Нұр-Сұлтан қаласы, Тәуелсіздік даңғылы, 59-ғимарат, 901, 917-қызметтік бөлмелер мекенжайы бойынша жұмыс күндері, 2019 жылғы 10 қазаннан бастап сағат 10:00-ден 17:00-ге дейін, сондай-ақ «KEGOC» АҚ-ның www.kegoc.kz корпоративтік веб-сайтындағы «Инвесторлар мен акционерлерге» - «Ақпаратты ашу» - «Жалпы жиналыстар» бөлімінде танысуға болады.  

Сырттай дауыс беруді өткізу тәртібі және рәсімі:

- сырттай дауыс беруге арналған бюллетеньді жіберу арқылы дауыс беретін акционерлер тегін, атын, әкесінің атын (бар болған кезде) заңды тұлғаның атауы, дауыс беруші акциялардың саны және дауыс берудің нұсқаларының бірін таңдауы тиіс;

- сырттай дауыс беруге арналған бюллетеньде жеке тұлға болып табылатын акционер жеке басын куәландыратын құжат туралы мәліметтерді (жеке куәлік/төлқұжаттың нөмірін, берілген күнін, құжатты берген орган және жеке сәйкестендіргіш нөмірін (ЖСН) көрсете отырып, қол қоюы тиіс);

- заңды тұлға болып табылатын акционер басшысы (немесе оның міндетін атқарушы тұлға) сырттай дауыс беруге арналған бюллетеньге қол қоюы және заңды тұлғаның мөрімен (бар болған жағдайда) куәландыруы тиіс;

- жеке тұлға немесе заңды тұлға болып табылатын акционер басшысының (немесе оның міндетін атқарушы тұлғаның) қолынсыз, сонымен қатар заңды тұлғаның мөрінсіз (бар болған жағдайда) бюллетень жарамсыз болып есептеледі;

- бюллетеньде дауыс берудің нұсқаларының бірі белгіленуі тиіс;

- сырттай дауыс беруге арналған бюллетень почтамен немесе қолма қол Қазақстан Республикасы, Нұр-Сұлтан қаласы, Тәуелсіздік даңғылы, 59-ғимарат мекенжайындағы «KEGOC» АҚ-ның кеңсесіне 2019 жылғы 25 қазан 11 сағат 00 минутқа дейін жеткізілуі тиіс;  

- кворумның болмауына байланысты Акционерлер жалпы жиналысының қайта отырысын өткізген жағдайда сырттай дауыс беруге арналған бюллетень почтамен немесе қолма қол Қазақстан Республикасы, Нұр-Сұлтан қаласы, Тәуелсіздік даңғылы, 59-ғимарат мекенжайындағы «KEGOC» АҚ-ның кеңсесіне 2019 жылғы 26 қазан 11 сағат 00 минутқа дейін жеткізілуі тиіс; 

- егер, сырттай дауыс беруге арналған бюллетеньді бұрын жіберген акционер, аралас дауыс беру қолданылатын Акционерлердің жалпы жиналысына қатысу және дауыс беру үшін келген болса, оның бюллетені Акционерлердің жалпы жиналысының кворумын анықтау және күн тәртібі мәселелері бойынша дауыстарды санау кезінде есепке алынбайды.

 

Акционерлердің жалпы жиналысын өткізу тәртібі:

- Акционерлердің жалпы жиналысына қатысуға және дауыс беруге құқығы бар тұлға Акционерлердің жалпы жиналысы ашылғанға дейін осы хабарламада көрсетілген тәртіпте ресми тіркеуден өтуі тиіс;

- тіркеуден өтпеген акционер (акционердің өкілі) кворумды анықтау кезінде есепке алынбайды және оның дауыс беруге қатысуға құқығы жоқ; 

- Акционерлердің жалпы жиналысына тіркелу және қатысу үшін жеке тұлға болып табылатын акционер өзімен бірге жеке басын куәландыратын құжаты болуы тиіс;

- жеке тұлға болып табылатын акционерлердің өкілдері белгіленген тәртіпте рәсімделген сенімхатты және өкілдің жеке басын куәландыратын құжатты көрсетуі қажет. Заңды тұлға болып табылатын акционерлердің өкілдері акционер болып табылатын заңды тұлғаның мөрімен расталған сенімхатты және өкілдің жеке басын куәландыратын құжатты ұсынуы тиіс. Өкіл сенімхаттың түпнұсқасын көрсетіп, оның көшірмесін тіркеушіге өткізуі тиіс;

- егер заңды тұлға болып табылатын акционерлер атынан Акционерлердің жалпы жиналысына олардың жеке атқарушы органдары қатысатын болса, онда олар лауазымға сайлануы немесе тағайындалуы туралы құжаттарды, сонымен қатар жеке басын куәландыратын құжатты ұсынуға міндетті;

- Қазақстан Республикасының заңнамасына немесе шартқа сәйкес акционердің атынан сенімхатсыз әрекет етуге немесе оның мүдделерін білдіруге құқығы бар тұлға үшін қаралатын мәселелер бойынша дауыс беруге және  Акционерлердің жалпы жиналысына қатысуға сенімхат талап етілмейді;

- күндізгі тәртіпте өткізілетін Акционерлер жалпы жиналысы өзге шешім белгілемесе акционер болып табылмайтын өзге тұлғалар Акционерлердің жалпы жиналысының отырысына шақырусыз қатыса алмайды; 

- егер Акционерлердiң жалпы жиналысына қатысушыларды тiркеу аяқталған кезде «KEGOC» АҚ-ның дауыс беретiн акцияларын жинақтап алғанда елу және одан да көп пайызын иеленген акционерлер және/немесе олардың өкiлдерi, соның ішінде сырттай дауыс беруге арналған бюллетеньдерді жіберген акционерлер тiркелсе, Акционерлердiң жалпы жиналысы күн тәртiбiндегi мәселелердi қарауға және олар бойынша шешiм қабылдауға құқылы.

Акционерлердің жалпы жиналысын өткізу тәртібі бойынша басқа да мәселелер Қазақстан Республикасы «Акционерлік қоғамдар туралы» заңымен, «KEGOC» АҚ Жарғысымен және «KEGOC» АҚ Акционерлерінің жалпы жиналысы туралы ережемен айқындалған.  

Жиналыс Қазақстан Республикасы «Акционерлік қоғамдар туралы» заңының 35-52 баптарына сәйкес өткізіледі.

Акционерлер жалпы жиналысының материалдары бойынша, сондай-ақ  өткізілуіне байланысты сұрақтарға жауаптарды +7 (7172) 690 298, 690 297, 690 521 телефондарына жұмыс уақытында хабарласу арқылы немесе  www.kegoc.kz  веб-сайтындағы «KEGOC» АҚ Басқарма төрағасының блогына сауал жолдау арқылы алуға болады.