«KEGOC» АҚ Басқарма төрағасы Бақытжан Қажиевтың ОКҚ-де брифингі өтті

Қазақ

 

20.05.2016 ж.                                                                                                                                                           Астана қ.

 

Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде «KEGOC» АҚ Басқарма төрағасы Бақытжан Қажиевтың қатысуымен «Электр энергетикасы инфрақұрылымын қалыптастыру – Қазақстан Республикасы экономикасының тұрақты дамуының маңызды факторы» тақырыбында брифинг өтті. 

Компания басшысы 2015 жылы «KEGOC» АҚ Жүйелік оператор ретінде Қазақстанның біртұтас электр энергетикалық жүйесінің (ҚР БЭЖ) тиімді жұмыс істеуін қамтамасыз еткенін хабарлады. 

2015 жылы «KEGOC» АҚ өңіраралық деңгейдегі желілер арқылы электр энергиясын жеткізу қызметінің көлемі 37,9 млрд.кВтс құрады. Электр энергиясын желіге босату мен тұтынуды техникалық диспетчерлендіру қызметінің көлемі 2015 жылы 82,8 млрд.кВтс құрады. 2015 жылы электр энергиясын өндіру-тұтынуды теңгерімдеуді ұйымдастыру қызметі 157 млрд.кВтс құрады. 2014 жылдың көрсеткіштерімен салыстырғанда 3,4 млрд.кВтс-ға немесе 2,1 пайызға төмендеген. 

Бақытжан Қажиев «KEGOC» АҚ Жаңартылатын энергия көздерін қолдау жөніндегі қаржы-есеп айырысу орталығын құрылғанын атап өтті, ол күн мен жел электр станциялары өндірген бүкіл электр энергиясын бір орталықтан, кепілді түрде сатып алады. 2015 жылдың қорытындысы бойынша Қаржы-есеп айырысу орталығы жалпы сомасы 5,5 млрд. теңге болатын 200 млн. кВтс-дан астам «жасыл» энергия сатып алды. 2016 жылы осы көрсеткішті екі есеге жеткізу жоспарланып отыр.     

Брифинг барысында Б. Қажиев жұмыс істеп тұрған энергия объектілерін жаңғырту және инфрақұрылымды дамытуға бағытталған іске асырылған жобаларды атап өтті. 

Бірінші бағыт аясында 2000 жылдан бастап KEGOC аса ауқымды «Ұлттық электр тораптарын (ҰЭТ) жаңғырту» және «ҰЭТ-ты жаңғырту, II-кезең»  жобаларын жүзеге асырды, нәтижесінде энергия жүйесінің тиімді және тұрақты жұмысы қамтамасыз етілді, қосалқы станциялардың жабдықтарындағы технологиялық ақаулардың саны 4 есеге азайды, тұтынушыларды электрмен жабдықтаудың сенімділігі мен сапасы жақсарды.

Электр энергетикалық инфрақұрылымды салу және оны қалыптастыру жөніндегі жұмыстар аясында «KEGOC» АҚ  Солтүстік-Оңтүстік транзитінің 500кВ екінші желісін салу, Жітіқара – Өлке 500кВ жоғары вольттық желісін салу, кернеуі 500, 220 кВ желілік Қазақстанның ҰЭТ-на жалғанатын 500 кВ «Алма» қосалқы станциясын салу сынды бірқатар ауқымды жобаларды жүзеге асырды. 

Қазіргі уақытта KEGOC Елбасының тікелей тапсырмасымен «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде компания тарихындағы ең ауқымды жоба – «Солтүстік-Шығыс-Оңтүстік транзитінің 500 кВ ӘЖ салуды» іске асыруда. Ол екі кезеңнен тұрады. 

I-кезең –Екібастұз – Семей – Өскемен 500кВ ӘЖ салу. Осы аталған желіні іске қосу «Солтүстік-Шығыс» бағытындағы желілердің өткізу қабілетін арттырады. Шығыс Қазақстан облысының тұтынушылары тікелей  Қазақстанның электр энергиясымен қамтамасыз етілетін болады, қазіргідей Ресей аумағы арқылы өтетін бүгінде пайдаланылып отырған транзиттік желілердің жай-күйіне тәуелді болмайды. Болашақта осы жоғары вольттық желі Ертіс ГЭС каскадының толық қуат беруін қамтамасыз ету үшін мүмкіндіктер туғызатын болады.

Қазіргі уақытта  Екібастұз – Семей – Өскемен 500кВ ӘЖ салу шеңберінде жалпы ұзындығы 500 кВ 600 км желінің 520,8 км желісі салынды. 500 кВ «Семей» ҚС-да кіре беріс жолымен «Семей – Шүлбі ГЭС» 220 кВ ӘЖ желісінің құрылысы бойынша жалпы ұзындығы  106 шақырым желінің 60,7 км салынды. Сондай-ақ 500 кВ «Семей» ҚС, 500 кВ «Өскемен» ҚС және 1150 кВ «Екібастұз» ҚС құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізілуде. 

Жобаның II-кезеңін іске асыру, Семей – Ақтоғай – Талдықорған – Алма 500кВ ӘЖ салу жобасы биыл басталды. Екінші кезеңнің жұмыстарын аяқтау ҰЭТ-тың транзиттік әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді, темір жол бойындағы электрлендірілетін учаскелердің электр энергиясына деген қажеттілігін жабады, тау-кен өнеркәсібі объектілерінің энергия сыйымдылығын қамтамасыз етеді, шекаралас аймақтар мен жаңартылатын энергия көздерін дамыту үшін қолайлы жағдайлар жасайды, бұл қазіргі таңда Қазақстанда жүзеге асырылып жатқан «жасыл экономикаға» көшу тұжырымдамасындағы ең өзекті мәселелердің бірі, сондай-ақ Шығыс аймағының Қазақстанның біртұтас электр жүйесімен байланысын күшейте түседі.

«Солтүстік-Шығыс-Оңтүстік транзитінің 500 кВ ӘЖ салу» жобасының әлеуметтік маңызы зор. Құрылыс кезінде 1861 жаңа жұмыс орны ашылды.