«KEGOC» АҚ еңбек ұжымының жиналысы бүкілхалықтық референдум өткізу туралы бастаманы қолдады

Қазақ

21.01.2011

«KEGOC» АҚ еңбек ұжымының жиналысы бүкілхалықтық референдум өткізу туралы бастаманы қолдады

 2011 жылғы 21 қаңтарда Екібастұз қаласында Солтүстік ЖЭТ филиалында «KEGOC» АҚ еңбек ұжымының ашық жиналысы болды. Жиналысқа атқарушы дирекцияның, өңірлік филиалдардың  қызметкерлері мен шақырылған қонақтар – «Нұр Отан» ХДП Екібастұз қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Самат Рамазанов, еңбек ардагері Борис Киричек,  “KazEnergy” қауымдастығының өкілдері қатысты.

  Жиналысты «KEGOC» АҚ «Солтүстік ЖЭТ» филиалының директоры Нұрлан Дүйсенов ашты. Ол Мемлекет басшысының өкілеттігін ұзарту жөніндегі бүкілхалықтық референдум өткізу туралы азаматтық бастама компанияның еңбек ұжымының арасында қолдау тапқанын хабарлады.  

Ағымдағы кезеңде «KEGOC» АҚ бастамшылық еткен ҚР ҰЭТ дамыту жөніндегі ауқымды жобалар ҚР Президентінің қолдауымен ойдағыдай іске асырылды.  

Осылайша, 2009 жылғы қыркүйекте 1150 кВ «Екібастұз» қосалқы станциясында Мемлекет басшысының қатысуымен «Солтүстік-Оңтүстік» екінші транзитінің жаңа желілері іске қосылды. Осының арқасында мыңдаған жаңа жұмыс орындары құрылды, жаңа кәсіпорындар ашылды. Инфрақұрылымдық жобаны іске асырудың ең басты нәтижесі энергиямен қамтамасыз ету сенімділігінің дәрежесін арттыру және Қазақстанның энергетикалық тәуелсіздігін қамтамасыз ету болды.    

Электр энергетикалық инфрақұрылымды дамыту еліміздің орнықты экономикалық өсуінің айқындаушы факторларының бірі болып табылатынын есепке ала отырып, Мемлекет басшысы энергетиктердің алдына жаңа міндеттер қойды. Осыған байланысты, 2020 жылға дейінгі ҮИИД мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде компания бірқатар ауқымды жобаларды іске асыра бастады: «Алматы қосалқы станциясын салу», «Мойнақ ГЭС қуатын беру», «ҰЭТ-ны жаңғырту» жобасының  ІІ кезеңі.

Жиналыстың қорытындысы бойынша мына шешім қабылданды:

- «KEGOC» АҚ-ның ұжымы алдағы он жылдықта еліміздің алдында тұрған міндеттердің ауқымдылығын түсіне келе және олардың ойдағыдай іске асырылуын Қазақстан Республикасының Бірінші Президенті – Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың атымен байланыстыра отырып, Президенттің өкілеттігін 2020 жылға дейін ұзарту жөніндегі бүкілхалықтық референдум өткізу туралы бастаманы толығымен қолдайды.