«KEGOC» АҚ қызметкерлері "Astana Marathon-2018" марафонына қатысты

Қазақ

2018 жылғы 16 қыркүйекте Астана қаласында жыл сайын ұйымдастырылатын Astana Marathon-2018 өтті.

Марафон спортқа бей-жай қарамайтын көптеген жүйріктердің басын қосты. Биыл марафонға қатысуға 5000-ға жуық адамнан өтініш түскен, олардың ішінде 800-ге жуық қатысушы 42 шақырымға жүгіруге өтініш білдірген. Марафонға қатысуға тілек білдірген жүйріктердің арасында Қазақстанның барлық өңірлерінен және Ресей, Жапония, Италия, Кения, Турция сынды т.б. әлем елдерінен келген жүйріктер бар. 

2009 жылдан бері өтіп келе жатқан Astana Marathon – ауқымды әлеуметтік шара болғандықтан, шара барысында түскен қаражаттар ауыр дертке шалдыққан балаларды қолдау үшін қайырымдылық қорларға аударылатын болады.

Биылғы жылы марафонға «KEGOC» АҚ қызметкерлері корпоративтік команда ретінде қатысты. Спорттық шараға бірнеше мәрте қатысып жүрген компанияның тәжірибелі спортшылары ғана емес, барлық командаға спорттық рух-жігер сыйлаған аға буын өкілдері де қатысты. Команда құрамындағы Ербол Нұртанов, Айдын Омарбеков, Арман Мейіржанов, Азамат Шәріпов, Азамат Доқымбаев 42 қашықтықты бағындырса, компанияның өзге өкілдері 10 қашықтыққа мүдірмей жүгіріп шықты. Қатысушылардың барлығы мәре сызығына дейін жүгіріп, межелеген қашықтықты бағындырғаны үшін марафон қатысушысы медальдарымен марапатталды. 

Азамат Шәріпов, команда капитаны, «Энергоинформ» АҚ ERP қосымшаларын сүйемелдеу жөніндегі департаменттің бас маманы (42 км):

- Ең алдымен қолдау білдірген әріптестеріме алғыс білдіргім келеді. Біздің басты мақсатымыз компания қызметкерлерін көптеп жұмылдыру болатын. Сол үндеуімізді спортқа жақын әріптестеріміз бірден қолдады. Марафон алдында командамен бірге жаттықтық, мұнда тәжірибелі спортшылар жаңадан қосылған адамдарға кеңестерін берді. Сондай-ақ, бұл менің 42 қашықтыққа жүгірген алғашқы марафоным. Аяғымның ауырғаны мен тартылғанына қарамастан, мәреге жақсы нәтижемен жеттім. Жалпы, командамды мақтан тұтамын, келесі жылы қатарымыз бұдан да арта түседі деп ойлаймын. 

Айгүл Байтұрова, Бизнесті трансформациялау орталығы өзгерістерді басқару блогының басшысы, (10 км):

- Қызметкерлердің салауатты өмір салтын ұстануы KEGOC-тың корпоративтік мәдениетінің басты бағыттарының бірі болып табылады. Басшылық тарапынан да спортқа деген қызығушылықты арттыру үшін барлық шаралар жүзеге асырылуда. Бұл - әртүрлі жарыстар мен спартакиадалар, қызметкерлермен волейбол ойнап жүрген біздің СЕО-ны жиі кездестіруге болатын спорт кешені. Басшылықтың осындай қолдауы және өнегелі үлгісі – бізді жігерлендіреді. Осының арқасында, біздің команда төзімділік пен табандылықты қажет ететін «Astana Marathon-2018» марафонына қатысты. Ал, бұл энергетиктер үшін ең басты қасиеттер!

Ақмарал Баязитова, «KEGOC» АҚ Мемлекеттік құрылымдармен өзара әрекеттестік және коммуникациялар департаментінің бас маманы, (10 км): 

- «Astana Marathon-2018»  марафонына үшінші рет қатысуым. Биыл марафонға компания қызметкерлері көптеп қатысса деген тілегіміз болды. Марафонға жыл сайын қатысып жүрген Азамат Шәріпов, Ерлан Әбушахманов, Ербол Нұртанов сынды әріптестермен ақылдаса келе, корпоративтік команда құруға ниет білдірген болатынбыз. Нәтижесінде 17 адамнан құрылған «KEGOC» АҚ командасы 10 және 42 шақырымға жүгіріп өттік. Мәре сызығына жеткен жүйріктердің көтеріңкі көңіл-күйлері, LED экрандары арқылы тікелей эфирден көрсетілген GGG жекпе-жегі, бір сөзбен айтқанда марафон алыңындағы мерекелік атмосфера ұнады. Ең бастысы, әлеуметтік маңызы бар шараға қатысып қана қоймай, компаниямыздың корпоративтік рухын көтердік деп ойлаймын. 

Ербол Нұртанов, «KEGOC» АҚ Пайдалану департаментінің бас маманы, (42 км):

- Мен жүгіруді екі жыл бұрын бастадым, уақыт өте келе жүгіруге деген қызығушылығым арта түсті. «Astana Marathon-2018» марафонына наурыз айынан бастап дайындалдым, жалпы жаттығу барысында 800 шақырымнан артық қашықтықты жүгіріп өттім. Стартқа ептеген зақыммен шықтым, 30 шақырымға келгенде сол жарақатым белгі берді және мәреге жеткенше басылмады. Алайда, аяғымның ауырғанына қарамастан толық қашықтықты жүгіріп өттім. Бұл марафон қашықтығын бірінші бағындырған адам ретінде жақсы нәтиже деп ойламаймын. Енді алға жаңа мақсаттар қойып, келесі стартқа дайындаламын.