«KEGOC» АҚ мен қызметкерлер өкілдері арасында жаңа ұжымдық шартқа қол қойылды

Қазақ

Ағымдағы жылдың 28 желтоқсанында 2021-2025 жылдарға арналған ұжымдық шартты қабылдау бойынша кәсіподақ конференциясы өтті. Онлайн форматында өткен конференция жұмысына компания басшылығы, Атқарушы дирекция мен филиалдардың, «Энерготехпрофсоюз» энерготехникалық саласы қызметкерлерінің салалық кәсіподағы өкілдері мен Келіссөздер жүргізу, жобаны дайындау және Ұжымдық шарттың орындалуын бақылау бойынша комиссия мүшелері қатысты.

Ұжымдық шартты дайындау барысында Атқарушы дирекцияның құрылымдық бөлімшелері мен филиалдарынан, Жастар ісі жөніндегі кеңесінен, «Энерготехпрофсоюз» қоғамдық бірлестігінен барлығы жүзге жуық ұсыныс түскен. Ұсыныстардың басым бөлігі Ұжымдық шарттың «Еңбек шарты», «Жұмыс уақыты», «Демалыс уақыты», «Жалақы», «Кепілдіктер мен өтемақы төлемдері», «Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау», «Тараптардың негізгі құқықтары мен міндеттері», «Қызметкерлерді әлеуметтік қолдау, спорттық және мәдени-сауықтыру жұмыстары» сынды барлық бөлімдерін қамтиды.

Басқарма төрағасы Бақытжан Қажиев өткізілген іс-шараның маңыздылығын атап өтті және қатысушылардың назарын компания менеджменті жүзеге асырып отырған қызметкерлерге әлеуметтік қолдау көрсету мәселелеріне аударды. Ұжымдық шартта «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобының корпоративтік стандартында және компанияның ішкі құжаттарында көзделген әлеуметтік қолдаудың барлық түрлері, сонымен қатар еңбек ұжымы тарапынан болған ұсыныстардың басым бөлігі ескерілген.

Жиын соңында конференция қатысушылары ұжымдық шартқа енгізілген өзгертулер мен толықтырулар әлеуметтік-еңбек қатынастарын дамыту жөніндегі шараларды жетілдіруге, қызметкерлердің құқықтарын қорғауға және «KEGOC» АҚ  қызметін тиімді басқаруға бағытталғанын атап өтті.