«KEGOC» АҚ-ның 2019 жылғы қызметінің қорытындылары және 2020 жылға арналған жоспарлары талқыланды

Қазақ

2020 жылғы 21 ақпанда Атқарушы дирекцияда «KEGOC» АҚ қызметінің 2019 жылғы қорытындылары туралы, сонымен қатар 2020 жылға арналған жоспарлар мен басым міндеттер туралы кеңес өткізілді.  

- Бүгінгі өткізіліп отырған кеңестің маңызы өте зор, себебі біз өткен жылы атқарылған жұмыс қорытындысына объективті баға беріп, алдағы жылға арналған басым бағыттарды дұрыс белгілеуге тиіспіз, - деді Басқарма төрағасы Б.Т. Қажиев.  

Кеңес барысында басқарушы директорлардың өздері жетекшілік ететін бағыттары бойынша есебі тыңдалып, әрбір блок бойынша өзекті мәселелер талқыланды. Сонымен қатар кеңеске қатысушылар компанияны перспективалық дамытудың алдағы жылдарға арналған негізгі бағыттарымен танысып, Трасформациялау бағдарламасының іске асырылу барысы туралы хабардар болды.  

«KEGOC» АҚ Басқарма төрағасы Қажиев Бақытжан Төлеуқажыұлы есептік кезеңде екі маңызды жоба – «Павлодар энергия торабының Қазақстан БЭЖ-імен байланысын күшейту» және «220 кВ «Түлкібас-Бурное» ӘЖ-ні салу» жобалары аяқталып, пайдалануға берілгенін атап өтті.  

Бақытжан Қажиев қызметтің өндірістік қорытындыларын қамти келе,  2019 жылы Қазақстанда жалпы салалық көрсеткіштер жеткілікті түрде жоғары деңгейге көтерілгенін атап өтті. Осылайша, электр энергиясын өндіру көлемі 106,0 млрд. кВтсағ. болған кезде Қазақстан бойынша электр энергиясын тұтыну 105,2 млрд. кВтсағ. құрады (өсуі өткен жылдың осыған ұқсас кезеңімен салыстырғанда 1,9%-ды құрады). 

Басқарма басшысы жөндеу жұмыстары табысты өткізілгеніне және осы жөндеу науқаны аясында ӘЖ-де және қосалқы станциялардың жабдықтарында жоспарланған барлық жөндеу жұмыстары сапалы және өз мерзімінде орындалғанына тоқталды.  

Компания басшысы еңбекті қорғау және өндірістік қауіпсіздік мәселелеріне жеке тоқталып, бұзушылықтарға төзбеушіліктің және өндірістегі жазатайым оқиғаларды болдырмау жөніндегі шаралардың күшейту маңыздылығын атап өтті.   

Кеңесті қорытындылай келе, Бақытжан Қажиев ел экономикасының қажеттіліктеріне сәйкес және бизнестің өсуі мүддесінде ҰЭТ-тің сенімді жұмыс істеуін қамтамасыз ету мақсатында күллі KEGOC ұжымының тиімді және үйлесімді жұмысының маңызы зор екендігін ерекше атап өтті.

Сонымен қатар, кеңес барысында еңбекті қорғау және өндірістік қауіпсіздік бойынша жыл сайын өткізілетін дәстүрлі «Өндірістік қауіпсіздік бойынша үздік филиал» конкурсының қорытындысы жарияланды. Конкурс қорытындысы бойынша «Шығыс ЖЭТ» филиалы жеңімпаз болып танылды.  

Компания туралы 

«KEGOC» АҚ Қазақстан Республикасы Біртұтас электр энергетикалық жүйесінің Жүйелік операторы функциясын атқарады, Ұлттық электр торабының (ҰЭТ) активтерін иеленеді және басқарады. Қызметтің негізгі түрлері табиғи монополиялар саласына жатады. Компанияның балансында ҰЭТ-ты құрайтын ұзындығы шамамен 26 000 км болатын, кернеуі 220-1150 кВ электр жеткізу желілері және трансформаторларының белгіленген қуаты 36,0 ГВА астам 80 қосалқы  электр станциялары бар. Компанияда 4,7 мыңнан астам адам жұмыс істейді. Компания туралы толық ақпарат оның корпоративтік интернет-ресурсында орналастырылған: www.kegoc.kz.