“KEGOC” АҚ Орал және Атырау қалаларында «Қазақстан БЭЖ Батыс аймағының электр желісін нығайту» жобасы бойынша қоғамдық тыңдалымдар өткізді

Қазақ

 

2018 жылғы 16 және 18 шілдеде “KEGOC” АҚ Орал және Атырау қалаларында «Қазақстан БЭЖ Батыс аймағының электр желісін нығайту» жобасының қоршаған ортаға әсерін алдын ала бағалау бойынша қоғамдық тыңдалымдар өткізді.

Жоба Қазақстанның батыс аймағындағы облыстар арасындағы электр байланысын нығайту жолымен Батыс аймақ тұтынушыларын электрмен жабдықтау сенімділігін қамтамасыз етуге бағытталған.

Қоғамдық тыңдалымдарға БАҚ, Батыс-Қазақстан және Атырау облыстарының жергілікті атқарушы органдарының, ҮЕҰ өкілдері және өзге мүдделі тұлғалар қатысты.

«KEGOC» АҚ мамандары жоба таныстырылымымен сөз сөйледі және жергілікті халық өкілдерінің сауалдарына жауап берді.

Батыс Қазақстан және Атырау облыстарының шегінде жалпы ұзындығы шамамен 850 км 220 кВ жаңа әуе электр жеткізу желілері трассасының өткізілуі жоспарланып отыр. Жобаланатын объектілердің айрықша күзетілетін табиғат аумақтарының төңірегінде орналасуы болжанбайды. Желі салу, қосалқы станцияларды қайта құру және кеңейту барысында қолданылатын қоршаған ортаны қорғау бойынша шаралар қоршаған ортаға әсерді азайтады.

Жоба құны шамамен 42 млрд.теңге, іске асырылу мерзімі – 2018-2023 жылдар. Қаржыландыруды қарыз қаражат және «KEGOC» АҚ меншік қаражатын тарту есебінен жүргізу  болжанады.

Тыңдалымдар Қазақстан Республикасының экологиялық заңнамасының талаптарына сәйкес Қоршаған ортаға әсерді алдын ала бағалау (ҚОӘАлдын алаБ) материалдары бойынша өткізілді.

 

Компания туралы

«KEGOC» АҚ Қазақстан Республикасының Біртұтас электр энергетикалық жүйесінің Жүйелік операторы қызметін атқарады, Ұлттық электр торабының (ҰЭТ) активтеріне иелік етеді және басқарады. Негізгі қызмет түрлері табиғи монополиялар саласына жатады. Компания балансында ҰЭТ-ты құрайтын ұзындығы шамамен 25 000 км болатын 0,4-1150 кВ электр жеткізу желілері және белгіленген қуаты 36,7 ГВА болатын трансформаторлары бар 78 электр қосалқы станциясы бар. Компанияда 4,7 мың адам қызмет етеді. Компания туралы толық ақпарат оның корпоративтік Интернет-ресурсында орналастырылған: www.kegoc.kz.