«Солтүстік-Оңтүстік» транзитінің авариялық жұмыс жағдайы туралы

Қазақ

21.12.2011

«Солтүстік-Оңтүстік» транзитінің авариялық жұмыс жағдайы туралы

Қазақстан БЭЖ-де Өзбекстан энергожүйесінің электр қуатын артық алып қоюы салдарынан «Солтүстік-Оңтүстік» транзиті өткен тәулікте үш рет  үзілді. Ауытқу деңгейі 400-ден 700 МВт-қа дейін төмендеді.

«KEGOC» АҚ жұмыскерлерінің жедел іс-қимылдары нәтижесінде «Солтүстік-Оңтүстік» транзитінің желілерін қосу және қатарлас жұмыс  режимін қалпына келтіру  қысқа мерзімде (30 минутта) қамтамасыз етілді. Аварияға қарсы  автоматиканың (АҚА) жұмысы арқасында станциялардың өндірім деңгейі қалпында сақталып тұрды, бұл Қазақстанның оңтүстік өңір тұтынушыларын толық ажыратудың алдын алуға мүмкіндік берді.

Қазақстан БЭЖ-нің оңтүстік аймағы мен Орталық Азияның біріктірілген энергожүйесінің (ОА БЭЖ) бөлінуі қазақстандық тұтынушыларды электрмен жабдықтаудағы қысқа уақыттық шектеулерге әкелді.

Бұрын хабарланғандай, күздік-қыстық мезгілдің басталуымен Өзбекстан энергожүйесі тарапынан  электр энергиясы мен қуатын Қазақстан БЭЖ-нен келісім-шартсыз және болжамсыз алуы тіркелді.  20 желтоқсандағы жағдай бойынша келісім-шартсыз тұтынылған  электр энергиясының көлемі 215 млн. кВтс-қа жетті. «Солтүстік-Оңтүстік» транзиті (өткізу қабілеті 1350 МВт) жоғары асқынды жүктемелерге ұшырайды, олар аварияға қарсы  автоматиканың (АҚА) іске қосылу жиілігін тәулігіне 50  ретке дейін ұлғайтып отыр. 

Өзбекстанның қатарлас жұмыс жөніндегі үкіметаралық келісімдерді бұзуы «Қазақстан БЭЖ-Ресей БЭЖ» шекарасында электр энергиясының сальдо-ағынының ауытқуларына әкеп соғады, бұл «KEGOC»  АҚ-ты коммерциялық ысыраптарға ұшыратуда.

«Өзбекэнерго» басшылығы атына ҚР ИЖТМ хаттарымен қоса жіберілген бірнеше өтініштер жауапсыз қалды. Қауіпсіз жұмыс режимі мен қазақстандық тұтынушыларды тұрақты энергиямен жабдықтауды қамтамасыз етуді ескере отырып, Жүйелік  оператор  жеке-дара жұмыс  режиміне көшуді құптап отыр.