БАҚ біз туралы

«KEGOC» АҚ: Қазақстан ұлттық электр торабының қарқынды дамуы – уақыт талабы

Бүгін «Электр желілерін басқару жөніндегі Қазақстан компаниясы (Kazakhstan Electricity Grid Operating Company) «KEGOC» акционерлік қоғамының құрылғанына 25 жыл толды. Осы айтулы дата қарсаңында «KEGOC» АҚ Басқармасының төрағасы Қаныш Молдабаев «Egemen Qazaqstan»-ға сұхбат беріп, еліміздің электр энергетикасы саласындағы жетекші компанияның құрылу тарихы, қазіргі жағдайы және келешегі жайлы айтты.

– Құрметті Қаныш Тәңірбер­генұлы, KEGOC-тың ширек ғасыр­лық шежіресін шолып өт­кеніңізде қандай жайлар наза­рыңызды ерекше аудартты?

– Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарының басында КСРО-ның ыдырауына байланысты бұ­рын­ғы одақтас республикалар ара­сын­дағы экономикалық байланыс­тар үзіліп,  қалыптасқан тауар на­­рық­тары жоғалды. Тәуелсіз Мем­­­лекеттер Достастығына мүше ел­дердің бәрінде өнеркәсіп өнім­дерінің өндірісі кеміп, зауыттар мен фабрикалар жабыла бастады. Тіпті кейбір салалардың жұмысы мүлдем тоқтап жатты. Осындай қиын-қыстау кезеңде электр энергиясына деген сұраныс та күрт азайды. Мысалы, Қазақстан Рес­пуб­ликасының Біртұтас энерге­тикалық жүйесіндегі (БЭЖ) электр жүктемелері 15642 МВт-тан (1990 ж.) 8445 МВт-қа (1999 ж.) дейін төмендеді. Ал осы кезең­де электр тұтыну 2 еседен астам – 104,7 млрд кВтсағ-тан 50,7 млрд кВтсағатқа дейін кемі­ді. Сонымен қатар, тұтыныл­ған электр энергиясы үшін төлем­дер көлемі де күрт кеміді. Ұсы­ныс­т­ың сұраныстан басым болу­ына байланысты электр энер­гия­сының бағасы да арзандады. Соның салдарынан электр энерге­тикасы саласындағы кәсіп­орын­дардың дамуы былай тұр­сын, электр желі­лері мен құрыл­ғыларына жөн­деу-алдын алу жұмыстарын жүргізу үшін қажетті қаражат болмады. Осылайша, Қазақстанның электр энергетикасында күрделі жағдай қалыптасқан еді. Оны еңсеру үшін түбегейлі реформалар жүргізу талап етілді.

Еліміздің электр энергетикасы саласында нарықтық қатынас­тарға көшуге бағытталған реформалар 1995 жылдың соңында Қазақ­стан Республикасы Прези­денті­нің «Электр энергетикасы туралы» заңдық күші бар Жарлы­ғының қабылдануымен басталды. Осы Жарлықтың негізінде 1996 жылы Үкімет «Электр энергети­касын жекешелендіру және қайта құрылымдау бағдарламасы тура­лы» және «Қазақстан Респуб­ли­ка­сының энергетикалық жүйесін басқаруды құрылымдық қайта құру жөніндегі кейбір шаралар туралы» қаулылар қабылдады. Нәти­жесінде, «KEGOC» АҚ – «Электр желілерін басқару жө­нін­дегі Қазақстан компаниясы» құрылып, сол кезде оның акция­лары­ның 100 пайызы мемлекет меншігінде болды.

Өте қысқа мерзім ішінде KEGOC әлемдік электр энергиясы нарықтарының жұмыс істеу тәжі­ри­бесін зерттеді. Алынған дерек­терді талдау негізінде электр энергияcы мен қуаттың бәсеке­лі көтерме нарығының  қазақстан­дық моделі әзірленді. Бұл модель­дің ерекшелігі – орналасқан жері­не қарамастан, тұтынушылар ең қолайлы бағаларды ұсынған электр жеткізушілерін таң­дай алды. Бұл Қазақстан Республи­касы­ның Ұлттық электр торабы (ҰЭТ) арқылы электр энергиясын жеткізуге KEGOC-тің бірыңғай тарифі енгізілуінің нәтижесінде мүмкін болды.

Электр энергиясы мен қуаты­ның көтерме нарығын (ЭҚКН) ен­гізудің және оны әрі қарай дамы­тудың арқасында еліміздің электр энергетикасы саласының тұрақты жұмыс істеуі қамтамасыз етілді. Яғни Қазақстан Республикасы Біртұ­тас энергетикалық жүйе­сін­де генерацияның/электр тұтыну­дың ағымдағы теңгерімдерін қа­лып­тастыру және орындау, рес­пуб­лика экономикасы мен халқын электрмен сенімді жабдықтау мүмкін болды.

Сонымен қатар KEGOC иелік ететін және басқаратын Қазақ­станның Ұлттық электр тора­бы құрамына кіретін электр желісі­нің негізгі активтері – әуелік электр жеткізу желілері (ӘЖ) мен кернеуі 500 және 220 кВ қосалқы стансалардың (ҚС) өткен ғасырдың жетпісінші-сексенінші жылдары салынғанын еске салғым келеді. Сондықтан, алғашқы құрылған күндерден бастап компания электр желілік объектілердің инфрақұрылы­мын түбегейлі жаңғыртуға және дамытуға бағытталған жобаларды іске асыра бастады. 2000 жылы KEGOC «Қазақстанның Ұлт­тық электр торабын жаңғырту, I, II кезең» жобасын іске асыруға кірісті. Жоба екі кезеңге бөлініп, 2015 жылы аяқталды.

Аталған жоба аясында жоғары вольт­ты жабдықтар, релелік қор­ғау және аварияға қарсы автомати­ка ауыстырылды, жоғарғы, орта және қосалқы станса дең­гейін­дегі мониторинг және бас­қару жүйелері, коммерциялық есепке алу жүйесі, спутниктік бай­ла­ныс жүйелері және әлем­дік жетекші өндірушілердің (SIEMENS, ABB, GЕ және т.б.) басқа да техн­о­логиялық жүйелері орнатылды.

2004 жылдан бастап 2019 жылға дейінгі кезеңде «Қазақстан­ның Солтүстік – Оңтүстік тран­зитінің 500 кВ екінші желісін салу», «Қазақстан Ұлттық электр торабына кернеуі 500, 220 кВ желілерімен қоса отырып, 500 кВ Алма қосалқы стансасын салу», «Мойнақ ГЭС қуатын беру», «ОБТҚ-Осакаровка 220 кВ ӘЖ реконструкциялау», «Екібастұз–Шүлбі СЭС – Өскемен, 1 кезең» және «Шүлбі ГЭС-і – Ақтоғай – Талдықорған – Алма, 2 кезең», «Екібастұз – Шүлбі ГЭС-і – Өскемен, 1 кезең», екі кезең­нен тұратын «Солтүстік – Шы­ғыс – Оңтүстік 500 кВ транзит желі­сін салу», «Павлодар энергия то­ра­бы­ның Қазақстан БЭЖ-імен бай­ла­ны­сын күшейту» сияқты ірі электр желілік жобалары іске асырылды.

Нәтижесінде, шағын станса жабдықтарының 80 пайызы жаңартылды, кернеуі 500-220 кВ 4000 километрге жуық электр жеткізу желілері салынды, 500 кВ кернеу класының жаңа «Алма», «Ақтоғай», «Семей» және «Талдықорған» қосалқы стансалары пайдалануға берілді. Бұл, тұтастай алғанда, тұтыну­шыларды электр энергиясымен жабдықтаудың сенімділігі мен сапасын айтарлықтай арттырды.

Қазіргі уақытта «KEGOC» АҚ – ұлттық электр тораптарының актив­терін иеленген және басқа­ратын елдің басты электр желілік компаниясы. Оның балансында кернеуі 220-1150 кВ, жалпы ұзындығы 26,9 мың километр электр жеткізу желілері және ұлттық электр торабын құрайтын трансформаторлардың белгіленген қуаты 38,7 ГВА-дан асатын 81 электр қосалқы стансасы бар. Компанияда 4 мыңдай адам жұмыс істейді.

2004 жылдан бастап «KEGOC» АҚ Қазақстан Республикасы Біртұтас энергетикалық жүйесінің Жүйелік операторы қызметін атқарып келеді. Сонымен қатар көршілес мемлекеттердің энергия жүйелерімен қатарлас жұмыс режімдерін басқару және тұрақ­тылығын қамтамасыз ету бо­йынша ойдағыдай өзара іс-қимыл жасайды. Бұл қазіргі жағдайда да елдің энергия жүйесінің тұрақты жұмысы үшін маңызды.

– Қазіргі уақытта еліміздің электр энергетика саласында қандай ірі инвестициялық жобалар іске асырылып жатыр?

– Ірі ауқымды инвестициялық жобаларды іске асыру жалғасты­рылып жатыр. Осы жылы біз KEGOC-тың «Ақтөбе ЖЭТ», «Батыс ЖЭТ» және «Сарыбай ЖЭТ» филиалдарында 220-500 кВ әуелік электр жеткізу желі­лерін реконструкциялау жобасы­ның бірінші кезеңін аяқтау­ды жос­парлап отырмыз. Бұл жоба­ның мақсаты – қызмет етудің норма­тивтік мерзіміне жеткен және таяудағы жылдары жететін қолда­ныстағы әуелік электр жеткізу желілерін реконструкциялау.

Сондай-ақ биыл Түркістан қаласын сырттан электрмен жаб­дықтау схемасын күшейту аясында 220 кВ «Орталық» қосал­қы стансасын салу жобасы аяқ­та­латын болады. Бұл жоба атал­ған өңірде электр энергия­сын тұтынудың болжамды айтар­лық­тай өсуін ескере отырып, Түркі­стан энергия торабында қосымша электрмен жабдықтау орталығын құруға бағытталған.

Тағы бір маңызды жоба елі­міздің батысында іске асырылу­да. Ол –  аяқталу мерзімі 2023 жыл болып белгіленген «Қазақ­стан Батыс аймағының электр желісін күшейту» жобасы. Бұл жоба республиканың батыс об­л­ыс­­тары арасындағы 220 кВ электр желілерін күшейте отырып, Қазақстанның Біртұтас энер­ге­тикалық жүйесінің Батыс аймағы тұтынушыларын электрмен жабдықтау сенімділігін арттыруға бағытталып отыр.

Бұдан бөлек, біз «Батыс Қазақ­станның энергия жүйесін Қазақстан Біртұтас энергети­калық жүйесімен біріктіру», «Қазақ­станның Біртұтас энергетикалық жүйесінің Оңтүстік аймағының электр желісін күшейту» сияқты бірқатар перспективалы жобаларды іске асыру мүмкіндігін пысықтау үстіндеміз.

– Компанияның өндірістік көрсеткіштері жайлы не айтасыз?

– KEGOC қызметтерін тұтыну­шылар болып саналатын заңды тұлғалар –  энергия өндіруші, энергия жеткізуші, энергиямен жабдықтаушы ұйымдар және өнеркәсіптік кәсіпорындар. 2021 жылы көтерме сауда нарығының субъектілеріне жүйелік қызмет­тер жасалған шарттарға және тұтынушылардың өтінімдеріне сәйкес толық көлемде көрсетілді.

Атап айтқанда, біріншіден, былтыр Ұлттық электр торабы арқылы электр энергиясын жет­кізу жөніндегі қызметтердің нақ­ты көлемі 54,65 млрд кВтса­ғат­ты құрады, бұл 2020 жылғы көр­сеткіштен 8,5 млрд кВтсағатқа немесе 18,4 пайызға жоғары.

Екіншіден, өткен жылы желіге босатуды және электр энергиясын тұтынуды техникалық диспет­черлендіру бойынша көрсетілген қызметтердің нақты көлемі 105,04 млрд кВтсағатты құрады, бұл 2020 жылғымен салыстырғанда 6,05 млрд кВтсағат немесе 6,11 пайыз жоғары.

Үшіншіден, 2021 жылы электр энергиясын өндіру-тұтынуды теңгерімдеуді ұйымдастыру бо­йынша қызметтердің нақты көлемі 205,15 млрд кВтсағатты құрады, бұл 2020 жылғы көрсеткіштен 12,29 млрд кВтсағат немесе 6,37 пайыз жоғары.

– Компания электр энергетикасы саласындағы заманауи SMART GRID бағыты бойынша қандай жұмыстар атқарып жатыр?

– Бұл бағытта белсенді жұ­мыс жүргізудеміз. Жалпы, ком­па­нияның инвестициялық қыз­меті KEGOC-тың еліміздің электр энергетикасы саласына инно­ва­циялар енгізуде негізгі жетек­шіге айналуына мүмкіндік берді. Жобаларды іске асыру бары­сында әлемдегі үздік энерге­ти­калық жабдықтарды өндіруші­лер­дің заманауи технологиялары қолданылды. Жаңғырту кезе­ңінде компания көптеген техноло­гия­лық процесті автоматтандырды.

SMART GRID желісі әрбір елде қолданыстағы топологияны және электр энергиясы нары­ғы­ның жағдайларын ескере оты­рып қолданылатынын атап айтқым келеді. Әдетте, SMART GRID енгізу тұжырымдамасы энерге­тикалық жүйенің барлық қатысу­шысының – генерацияның, электр энер­гиясын беру және тарату сек­торының және, әрине, тұтыну­шылардың интеграциясынан тех­никалық-экономикалық пайда алуды білдіреді. Бұл сенімділік пен қауіпсіздіктің жоғары деңгейін қамтамасыз етеді.

2019-2021 жылдар кезеңінде біздің компания «Қазақстанның Біртұтас энергетикалық жүйесі режімдерін басқаруды автоматтандыру» жобасын іске асырды. Бұл жоба «Цифрлы Қазақстан» мем­лекеттік бағдарламасына енгі­зілді. Ол үш құрамдастан тұрады:

Бірінші. Аварияға қарсы автоматиканың орталық­тандырылған жүйесі (ААОЖ);

Екінші. Жиілік пен қуатты реттеу автоматикасы (ЖҚРА);

Үшінші. Синхрофазорлық технологиялар негізінде мониторинг және басқару жүйесі (WAMS/WACS).

Белсенді-бейімді Ұлттық электр торабы, тұтастай алғанда, Қазақстанның зияткерлік энергия жүйесінің өзегі болуға тиіс.

Бүгінгі таңда KEGOC-тың қосалқы стансаларында релелік қо­рғау және автоматикалық мик­ро­процессорлық құрылғылар, диспетчерлік бақылау және деректерді жинау жүйелері, электр энергиясын коммерциялық есепке алудың автоматтандырылған жүйесі, басқарылатын 500 кВ шунттаушы реакторлар, фазалық бұрылмалы құрылғылар, тал­шықтық-оптикалық байланыс арналары орнатылған.

Перспективада KEGOC жаңар­тылатын энергия көздері (ЖЭК) объектілерінің генерациясын болжау, ЖЭК генерациясының ауытқуын өтеуді қамтамасыз ету және тұтастай энергия жүйесіндегі реттеу қуатын ұлғайту үшін электр энергиясы жинақтауыштарының қолданылуын зерттеу бойынша бастапқы жобаларды іске асыруды жоспарлап отыр.

– Компанияның 25 жылдық қыз­метіндегі ең бір есте қалар­лық сәттер туралы не айтар едіңіз?      

– Кез келген ұйымның қызметі тек өндірістік міндеттерді орындаумен  шектелмейтіні белгілі.

1997 жылы «KEGOC» АҚ-ның құрылуымен бір мезгілде Ресей БЭЖ-і, Қазақстан БЭЖ-і және Орталық Азия БЭЖ-інің қатарлас жұмыс істеуін қалпына келтіру про­цесі басталған болатын. Қазақ­станның электр энергетика саласында жүргізілген реформалар электр энергиясының ашық бәсекелі нарығын ұйымдастыруға, төлем жасамау проблемасын шешуге және шекаралас елдердің энергия жүйелерімен қатарлас жұмыс істеуді қалпына келтіруге нақты алғышарттар жасауға мүмкіндік берді. ТМД Электр энергетикалық кеңесі аясында тарап­тардың өзара іс-қимыл жасауы маңызды рөл атқарды. Осы са­лалық алаңда біз ортақ қоры­тын­дылар жасап, бірлескен жұмыс­қа қатысты әртүрлі мәселелер бойынша бірыңғай шешімдер табамыз.

Бұл ретте ТМД Электр энер­гетикалық кеңесі алаңының арқа­сында Қазақстан, Ресей, Қырғыз­стан және Өзбекстанның энергия жүйелерін біріктіру жүзеге асырылғанын айтқан жөн.

Қатарлас жұмысты үйлестіру және келісілген іс-қимылдарды қамтамасыз ету мақсатында 2003 жылы «KEGOC» АҚ-ның тікелей ұйытқы болуымен Қазақ­стан Өзбекстан, Қырғызстан және Тәжікстанның ұлттық энергети­калық компанияларының бастарын қосқан Орталық Азияның Электр энергетикалық үйлестіру кеңесін (ОА ЭҮК) құрудың бас­тамашысы болды. Қазіргі уа­қытта Қазақстанның Біртұтас энергетикалық жүйесі Ресей БЭЖ-імен және Қырғызстан мен Өзбекстанның энергия жүйелерін қамтитын Орталық Азия БЭЖ-мен қатарлас жұмыс істейді.

KEGOC электр энергетикасы саласын дамытудың үйлестірілген стратегиясын қалыптастыру, электр энергетикасы жүйесінің жұмыс  тиімділігін арттыру, көрші мем­лекеттердің электр энерге­ти­калық жүйелерімен қатарлас жұмыс істеудің артықшылық­тарын пайдалану арқылы тұтыну­шы­ларды электрмен сенімді жабдық­тауды қамтамасыз ету және ТМД мен Еуразияда ортақ электр энергетикалық нарық құру мақсатында ТМД Электр энер­гетикалық кеңесінің жұмысына белсене қатысады.

Халықаралық қызметке келе­тін болсақ, біздің компания EUROELECTRIC Қауымдас­тығы­ның, Дүниежүзілік энергетикалық ке­ңес­тің, сондай-ақ жоғары кер­неу­лі үлкен электр жүйелері жөніндегі Халықаралық кеңес – CIGRE-нің жұмысына белсене қатысады.

Бұдан басқа, қолданыстағы объектілерді жаңғырту және жаңа объектілерді салу жөніндегі бірқатар ірі жобаларды іске асыру барысында KEGOC Халықаралық Қайта Құру және Даму Банкі (ХҚДБ) мен Еуропалық Қайта Құру және Даму Банкінің (ЕҚДБ) қарыз қаражатын тарту арқылы халықаралық қаржы институттарымен ынтымақтасып отыр.

Қазіргі уақытта компаниямыз­дың акциялары оның тұрақты қаржылық жағдайының шынайы көрсеткішіне айналды. Бұл акция­лар кейінгі жылдары Қазақстан қор биржасындағы неғұрлым тартымды бағалы қағаздардың бірі болып саналады. 2014 жылы «Халықтық IPO» бағдарламасы іске қосылған сәттен бастап компания акцияларының жиынтық нарықтық құны 370 пайыздан астамға, яғни 131 млрд теңгеден 486 млрд теңгеге дейін өсті. Осылайша, акционерлердің табысы да еселеп артты.

Жұмыс беруші компания­лар­дың арасында көшбасшы ретінде танылған KEGOC персоналды дамыту бағытында ұдайы көп жұмыс атқарып келеді. Олар – біліктілікті арттыру бағдарламалары, жаңа жабдықтармен жұмыс істеуге үйрету, кәсіби шеберлік конкурс­тары, спортпен айналысу үшін жағдай туғызу, жақсы әлеуметтік пакет, қызметкерлердің отбасыларына қамқорлық жасау, ардагерлер мен зейнеткерлерге құрмет пен қолдау көрсету. Бұл тізімді жалғастыра беруге болады.

– Қазіргі алмағайып заманда компанияның алдында қандай сын-қатерлер мен маңызды міндеттер тұр?

– Бүгінгі таңда Қазақстанның Біртұтас энергетикалық жүйесі үшін елеулі сын-қатерлердің бірі – маневрлік қуаттардың тапшылығы. Өндіруші қуаттар құрылымындағы тапшылықтың себебі – төмен маневрлік электр стансаларының (негізінен, көмір стансалары) үлесі тым үлкен екенінде. Бұған қоса көптеген электр стансасы қуат резерві бар болса да, технологиялық себептер бойынша энергия жүйесіндегі қуат теңгерімін реттеуге қатыса алмайды (газ электр стансаларындағы отын бойынша шектеулер, су режімі бойынша ГЭС-тегі шектеулер, жылу режімі бойынша жылу электр орталықтарындағы шектеулер).

Электр стансаларының өн­діруші жабдықтарының тозу деңгейінің жоғарылығы тағы бір проблема болып отыр. Бұл жоспарлы және авариялық жөндеулердің саны мен мерзімінің ұзақтығының артуына алып келеді. Осының сал­дарынан Қазақстанның Бір­тұтас энергетикалық жүйесі­нің  теңгерімдік сенімділігі төмен­дейді. Мұның өзі Қазақстан – Ресей қуат ағындары сальдосының шарттық көлемдерден елеулі ауытқуына әкеледі. Сол себеппен компаниямыз қосымша шы­ғындарға тап болады.

Генерациялаушы жабдық­тардың тозуының одан әрі ұл­ғаюын және генерацияның тұрақ­сыздығымен ерекшеленетін жаңартылатын энергия көздері (ЖЭК) үлесінің өсуін ескерсек, еліміздің энергия жүйесіндегі теңгерімді қамтамасыз ету тіпті күрделене түсетіні анық. Осындай жағдайда жаңа маневрлік электр стансаларын салу қажеттілігі және KEGOC іске асырған жиілік пен қуатты автоматты реттеу жүйесі (ЖҚАР) жобасының маңыздылығы артып отыр.

Еліміздің Энергетика ми­нистр­лігі Қазақстанның Біртұ­тас энергетикалық жүйесінің электр энергиясы мен қуатының 2035 жылға дейінгі болжамды теңгерімін бекітті. Аталған жүйеде перспективалы энергия тұтынуды қамту үшін 2035 жылға қарай шамамен 17,5 ГВт жаңа өндіруші қуаттарды енгізу жоспарланып отыр. Олардың құрылымында әртүрлі технологиялар және оларды орналастыру орындары ұсынылған. Осыған байланысты KEGOC Ұлттық электр торабын дамытудың болжамды моделін әзірлеуге кірісті. ҰЭТ-ті ауқымды жаңғырту электр энергиясының қажетті өңіраралық және мемлекетаралық ағындарын қамтамасыз ете отырып, жаңа өндіруші қуаттарды іске қосумен үйлестірілуге тиіс.

Ұлттық электр торабының болашақ конфигурациясы Smart Grid заманауи технологияларын пайдалану арқылы Батыс энергетика аймағын Қазақстанның Біртұтас энергетикалық жүйесі­мен біріктіруге және Оңтүстік энергетика аймағын күшейтуге жағдай жасай отырып, елдің энер­ге­тикалық қауіпсіздігін нығайтуға, сондай-ақ қажетті желілік инфрақұрылымды салу және энергияны өндіру жүйесін енгізу арқылы Жоңғар қақпасы мен Шелек дәлізінің бірегей жел әлеуетін қоса алғанда, елдің батыс, шығыс және оңтүстік өңірлерінің жаңартылатын энергия көздерін энергия теңгеріміне кең ауқымды тартуды қамтамасыз етуге тиіс. 

– Әңгімеңізге рахмет.

https://egemen.kz/article/317561-kegoc-aq-qazaqstan-ulttyq-elektr-torabynynh-qarqyndy-damuy-%E2%80%93-uaqyt-talaby

 


Тізімге қайту

Жедел желі

Кері байланыс