БАҚ біз туралы

Цифрландыру – сапа мен үнемдеу кепілі

Өткен жылдың соңында ел Үкіметі «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын бекітіп, отандық кәсіпорындарға «Индустрия 4.0» шеңберінде цифрлы модернизацияға өтуді жүктеді. Бұл үдеріс ұлттық энергетикалық торап операторы саналатын KEGOC акционерлік қоғамында қалай жүзеге асып жатыр? Қазіргі заманғы техникалық, экономикалық, экологиялық талаптарға сай келетін біртұтас электр-энергетикалық жүйені құруды көздейтін компанияның цифрландыру саясаты туралы не білеміз, төменде осы сауалдарға жауап іздеп көрдік.

«Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының KEGOC компаниясы үшін маңызы зор. Себебі, KEGOC АҚ, бірінші кезекте, балансында Ұлттық электр торабы бар технологиялық компания, сонымен бірге Қазақстанның Біртұтас электр-энергетикалық жүйесінің жүйелік операторы болып саналады. Мемлекеттің, бизнес пен қатардағы тұтынушылардың талабына сай қызмет ету үшін компания алдыңғы қатарлы технологиялар мен қондырғыларды зерттеп, қолданысқа енгізуде үздіксіз жұмыс істеп келеді. Соның нәтижесі – бүгіндері біздің компания инновацияларды енгізуші драйверлер қатарында. Технологиялық жарақталуы жағынан алғанда әлемнің жетекші электр желісі компанияларымен иық тірестіріп тұрмыз деп айта аламыз» дейді компа­нияның техникалық саясатты басқару бөлімінің бастығы Бауыржан Өтеулиев.

Оның айтуынша, компания заманауи цифрлы технологияға негізделген интеллектуалды энергожүйесіне басымдық беріп отыр. Бұл жүйе электр энергиясымен қамту сапасын арттыруға айтарлықтай әсер етеді. Сондықтан компанияда интеллек­туалды энергожүйесін құру жөніндегі халықаралық сараптама негізінде және бенчмаркинг қорытындысы бойынша технологиялық даму мен цифрландырудың әлеуетті бағыттары анықталған. Компания Қазақстанның интеллектуалды энерго­жүйесінің ядросы болуды да мақсат етіп отыр. Бұл орайда, бүгінге дейін енгізілген интеллектуалды элементтер қатарында релелік қорғаныстың және автоматиканың цифрлы құрылғысы (РЗА), диспетчерлік бақылау және мәліметтер жинау жүйесі (SCADA), электр энергиясы коммерциялық есептеудің автоматтандырылған жүйесі (АСКУЭ), басқарылатын тұйықтауыш реакторлар, талшықты-оптикалық бай­ланыс желісі деп жалғастыра беруге болады. «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасына енгізілген «Қазақстанның Біртұтас электр-энергетикалық жүйесін басқаруды авто­маттандыру» жобасы жүзеге асырудың белсенді фазасына түсті. Бұл жоба Жиілік пен қуатты автоматты реттеу (ЖҚАР), Ава­рияға қарсы автоматиканың орталық­тан­дырылған жүйесі (АҚАОЖ), WAMS/WACS синхрофазорлы технологиялар негізіндегі мониторинг пен басқару жүйесі деп атала­тын үш компоненттен тұрады. Бұл техноло­гия­ларды жүзеге асыру Қазақстан Ұлттық электр торабының негізінде еліміз­дің интеллектуалды энергожүйесіне сай келетін платформаны құруға мүмкіндік береді екен.

«Қазақстан энергожүйесін дамытудың негізі әлеуеті ауқымды мәліметтерді жоғары жылдамдықпен жеткізетін инфрақұрылым құруға, диспетчерлік басқару мен ком­мерциялық есеп жүйесін ары қарай дамыту, модельдеу мен болжау, электр желісін қадағалау мен басқаруды жақсарту, сондай-ақ қолданылатын технологиялардың үйлесімділігін стандарттауды қамтамасыз етуге бағытталған» дейді Б. Өтеулиев.

Оның сөзіне қарағанда, жер көлемі жағынан алғашқы ондыққа еркін кіретін біздің елде қуаты аса жоғары электр желі­лерін салып шығу үшін қомақты капитал құю қажет. Десе де, желілік инфрақұрылымға салатын инвестицияны азайтудың жолы бар екен, ол – цифрландыру саясаты. Мәселен, қомақты капитал құюға мүм­кіндік жоқ бүгінгі жағдайда технологиялық және экономикалық жағынан арзандау жоба – аварияға қарсы автоматиканы енгізу болып отыр. Ендеше, «Аварияға қарсы автоматика дегеніміз не?» дегенге жауап берсек, ол – электр стансалары мен желілердегі қондырғылардың бүлінуінің алдын алатын, тұтынушылардың авария салдарынан электр қуатынан ажыратылып қалуын азайтатын жүйе. Шыны керек, қолайсыз күн райының немесе энергети­калық қондырғыларда орын алатын ақау салдарынан тұтынушылардың электр қуатынан ажыратылып қалатын жайттар болып тұрады. Себебі, қазіргі қолданыстағы аварияға қарсы автоматикада бірқатар шектеулер бар екен.

«Биыл 500 кВ-тық «Солтүстік – Шығыс – Оңтүстік» жаңа транзит желісі пайда­лануға беріледі. Бұл желі Қазақстан­ның Біртұтас электр-энергетикалық жүйесінің ауқымы мен жұмыс тәртібін айтарлықтай кеңейтеді, ал бұл өз кезегінде электр желі­лерін аварияға қарсы басқару бағытында жаңа технологиялық шешім­дерді қолдануды талап етеді. Әрине, бұл ретте біз үшін дәл ондай жүйе – Аварияға қарсы автоматиканың орталықтандырыл­ған жүйесі деп сеніммен айта аламыз. Себебі, аталған жүйе жаңа ақпараттық технологияларды қолдану арқылы жұмыс істейді. Ал бұл қандай да бір қолайсыз жағдайда аварияға қарсы автоматиканың автоматты баптауын нақты уақыт режи­мінде мамандардың қатысуынсыз жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Ол ұлттық торап­тың қандай да бір элементі істен шығар болса да сенімділігін on-line режимде қамтамасыз ете береді. АҚАОЖ жүйесін енгізу Қазақстанның Біртұтас электр-энер­гетикалық жүйесі жұмысының сенімділігін жаңа деңгейге көтереді» дейді сұхбат­тасымыз.

Елдің энергетикалық жүйесін аварияға қарсы басқаруды дамытудың инновация­лық жалғасы деп саналатын WAMS жүйесі де енгізіліп жатқанын айтуымыз керек. Бұл жобаның артықшылығы – қосымша электр желісін салмай-ақ электр энергиясын торап арқылы жеткізуге мүмкіндік туғызады. Бұл жүйе бір-бірінен қашықта орналасқан энергетикалық нысандардан электрлі режим параметрлері туралы ақпаратты жинайды. Ол параметрлерді өлшеу секундына 50 рет жүргізілетіндіктен, мәліметтерді уақытпен сәйкестіру талап етіледі. Бұл жүйеде нақты астрономиялық уақыт көзі GPS пен ГЛОНАСС (жаһандық навигациялық спутник жүйесі) жүйелері барлық энергия жүйесіндегі ақпараттарды өңдеу орталығына жинай алады. Осылайша, қазіргі қолданыстағы аварияға қарсы автоматика жүйесіне қарағанда, энергия жүйесін тұтастай қадағалауды қамтамасыз етеді.

Осы тұста айта кетерлігі, Батыс Еуропа елдері мен АҚШ-тың энергия бірлестігінде WAMS жүйесі кеңінен қолданылады. Бірақ ол елдер бұл жүйені кері процестерді анықтау үшін немесе жүйелік оператор диспетчеріне шешім қабылдауда қолдау опциясы ретінде ғана қолданады. Яғни, WAMS негізінен тек осы энергобірлестіктер үшін өзекті саналатын маңызды міндеттерді шешеді. Түркия мен Ұлыбританияда атал­ған жүйе негізінде аварияға қарсы басқару жүйесі түзілген. Біздің жобамызды жүзеге асыру кезінде де WAMS жүйесі Қа­зақстанның Біртұтас электр-энегети­калық жүйесі талаптарына сәйкес жасалады екен. АҚАОЖ бен WAMS жобаларын жүзеге асыруда бұл жүйелердің жұмыс тиімділігін тағы да көтеру үшін оларды интеграциялау да қарастырылады. Компания енгізіп жатқан тағы бір жоба бар, ол – Жиілік пен қуатты автоматты реттеу жүйесі (ЖҚАР). Кез келген электр желісіндегі электр қуатының сапасын, негізгі өндіруші қондырғының сенімділігін қамтамасыз ету үшін электр қуатын өндіру мен тұтыну арасындағы тепе-теңдік сақталуы қажет. Бүгінгі таңда бұл тепе-теңдікті диспетчерлік басқарудың бірнеше сатысы арқылы диспетчерлер командасы қамтамасыз етіліп келеді. Балансты басқару тиімділігін арттыру, адами фактордың ықпалын азайту мақсатында компания енді ЖҚАР жобасын жүзеге асырса, онда тепе-теңдік персоналдың қатысуынсыз авто­матты режимде сақтала береді. Егер жүйеде теңсіздік пайда болса, жүйе реакциясының жылдамдығы артады да, ақау санаулы минутта жойылады. Норматив бойынша кемшілікті жоюға ары кетсе 15 минут жұмсалады. Қазақстанның Біртұтас электр-энергетикалық жүйесіне ЖҚАР-ды енгізу электр қуатының сапасын көтеріп, Қазақстандағы электр стансаларының сенімді жұмысын қамтамасыз етеді. Қысқа қайырғанда, KEGOC ак­ционерлік қоғамындағы цифрландыру саясаты сапаны көтеріп, қаржы үнемдеуге жол ашып отыр.

Халима БҰҚАРҚЫЗЫ

https://aikyn.kz/2018/08/09/63634.html


Тізімге қайту

Жедел желі

Кері байланыс