БАҚ біз туралы

«KEGOC» АҚ – тұрақтылық пен дамуды таңдайды

«Электр желілерін басқару жөніндегі Қазақстан компаниясы «KEGOC» акционерлік қоғамы Қазақстанның басты электр энергетикалық активі бола отырып, «Самұрық-Қазына» қорына қарасты портфелдік компаниялары арасында өндірістік-қаржылық көрсеткіштері жағынан да, корпоративтік басқару деңгейі және әлеуметтік тұрақтылық индексі жағынан алғанда да көшбасшылар қатарында келеді. 

KEGOC компаниясының 2018 жылды қалай қорытындылағаны жөнінде газет оқырмандарына Басқарма төрағасы Бақытжан Қажиев әңгімелейді. 

Ең алдымен, KEGOC компаниясы еліміздегі электр энергетикасының орталығы саналатын – Біртұтас электр энергетикалық жүйесінің Жүйелік операторы қызметін атқарып отырғанын, жалпы қашықтығы 26 мың шақырымнан асатын 110-1150 кВ кернеулі электр желілерінен және жалпы жиынтық қуаттылығы 36,7 ГВА құрайтын 78 тораптық қосалқы электр  станцияларынан тұратын Ұлттық электр торабын (ҰЭТ) басқарып отырғандығын атап өткен жөн.  

Компания құрамына жалпы саны 4700-ден астам қызметкер жұмыс істейтін Атқарушы дирекция, тоғыз аймақтық филиал, Ұлттық диспетчерлік орталық және екі еншілес ұйым кіреді. 

Компания Жүйелік оператор ретінде Ұлттық электр торабы арқылы электр энергиясын жеткізу, жұмыс тәртібін орталықтандырылған жедел-диспетчерлік басқару және электр энергиясын өндіру мен тұтынуды теңгерімдеуді ұйымдастыру секілді қызметтерді көрсете отырып, Қазақстан БЭЖ-дің сенімді әрі тұрақты жұмысын қамтамасыз етеді. Компания қызметінің тағы бір негізгі аспектісі – шекаралас мемлекеттердің энергожүйелерімен өзара ынтымақтастық орнату, бұл мемлекеттер арасындағы қатарлас жұмыс тәртібінің тұрақтылығын басқаруға және қамтамасыз етуге септеседі. Біздің мемлекетіміздің энергия жүйесінің тұрақты жұмысы үшін бұл өте маңызды. 

Бір сөзбен айтатын болсақ, жалпы KEGOC еліміздің басты электр желілік компаниясы ретінде Қазақстан халқы мен кәсіпорындарын үздіксіз электрмен қамту секілді өте маңызды міндетті атқарып отыр. 

Сол себепті компанияның басты қызметі мен жүзеге асырып жатқан инфрақұрылымдық жобалары жоғарыда атап өткен міндеттерді қалтқысыз орындауға бағытталады. 

Өткен 2018 жылдағы көрсеткіш ретінде «Шүлбі ГЭС (Семей) – Ақтоғай – Талдықорған – Алма 500 кВ әуе желісін салу» жобасын сәтті іске асырғанымыз дәлел бола алады. Аталмыш транзит 2018 жылғы 11 желтоқсанда Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың қатысуымен өткен Индустрияландыру күніне арналған жалпы ұлттық телекөпір барысында іске қосылды. 

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы: «Бұл көптен бері армандаған жобамыз! Бұл өте қуанышты жайт!» – деп атап өткен болатын.  Мыңдаған қызметкерлер жұмыс істейтін KEGOC-тың ұжымы үшін атқарылған жұмыстың маңыздылығына аса мән берген Елбасының жоғары бағасын есту үлкен құрмет деп есептеймін. 

«Шүлбі ГЭС (Семей) – Ақтоғай – Талдықорған – Алма 500 кВ әуе желісі жоғары вольтті желісін салу» жобасы «Солтүстік – Шығыс – Оңтүстік транзитінің 500кВ әуе желісін салу» (шығыс транзит) ірі ауқымды инвестициялық жобасының екінші кезеңі саналады.  

Ал бірінші кезең – «Екібастұз – Шүлбі ГЭС (Семей) – Өскемен 500 кВ әуе желісін салуды» жоспарланған мерзімінен бір жыл бұрын аяқтап, Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25-жылдық мерейтойы қарсаңында Мемлекет басшысының қатысуымен 2016 жылғы 6 желтоқсанда өткен  Индустрияландыру күніне арналған ұлттық телекөпір барысында пайдалануға енгізілген болатын.  

Осылайша, 2018 жылы электр энергетикасы саласындағы маңызды жоба – «Солтүстік – Шығыс – Оңтүстік транзитінің 500 кВ әуе желісін салу» ірі инфрақұрылымдық жобасын толығымен аяқтадық. Аталмыш жоба компанияның меншік қаражаты мен бюджеттік қаржыландырудан тыс қарыз қаражат есебінен жүзеге асырылды. 

Соңғы төрт жылдың көлемінде жалпы қашықтығы 1770 км астам жоғары вольтті электр желілері салынды, 500 кВ «Семей», «Ақтоғай» және «Талдықорған» секілді үш жаңа қосалқы станциялары (ҚС) іске қосылды. Бұған қоса 1150 кВ «Екібастұз» ҚС, 500 кВ «Өскемен» ҚС-ында ашық тарату құрылғылары (АТҚ) және 220 кВ Шүлбі ГЭС-інде (ШГЭС) АТҚ кеңейтілді. Сонымен қатар, Алматы қаласының электрмен жабдықтауды қамтамасыз ететін қос тіректі қосалқы станциясының бірі – 500 кВ «Алма» ҚС кеңейтілді және қайта құрылды.

Экономика дамуының драйвері

«Үшінші» немесе «шығыс тразиті» деген атау алған «Солтүстік-Шығыс-Оңтүстік транзитінің 500кВ әуе желісін салу» қажеттілігі  мемлекетіміздің оңтүстік аймақтарындағы электр энергиясын тұтыну көлемінің тұрақты өсуімен байланысты. Бұған дейін электр энергиясы артылып қалатын солтүстік тораптан (Екібастұз) еліміздің оңтүстігіне электр энергиясын жеткізу маусымдық жоғарғы шегі кезеңдерінде өз мүмкіндігінше жұмыс істеген 500 кВ әуе желілері қос желісімен қамтамасыз етілген болатын. 

Бұл жоба енгізілген күннен бастап Қазақстанның солтүстік электр станцияларынан оңтүстік өңірлерге жеткізуге арналған 500 кВ үш әуе желісі бойынша жиынтық өткізгіштік қабілеті 1450 МВт-тан  2100 МВт-қа дейін артты. 

Ең бастысы, бұл жобаның іске асуы – Қазақстанның Бірыңғай электр энергетикалық жүйесінің сенімділігі деңгейін бір шама арттыруға серпін берді. Бұдан бөлек, «шығыс транзитін» іске қосу еліміз үшін маңызды бірқатар міндеттерді шешуге мүмкіндік берді. 

Мәселен Шығыс Қазақстан облысының мемлекеттік энергия жүйесімен байланысы күшейтілді, бұл аймаққа электр энергиясы жаңа желілер енгізілгенге дейін солтүстік электр станциясынан Ресей территориясы арқылы жеткізілетін. Сонымен қатар шығыс аймағындағы темір жол учаскілерін электрлендіру және тау-кен өнеркәсібінің энергия сыйымды объектілерін электр энергиясымен қамтамасыз етуге мүмкіндіктер туды. 

Бұл жобаның дер кезінде орындалғандығын ерекше атап өткен жөн. Еліміздің оңтүстік аймағында электр энергиясын тұтыну көлемі жыл сайын артып келеді. 2018 жылғы жаз маусымының өзінде Солтүстік – Оңтүстік транзитінде шамадан тыс жұмыстың көптігі тіркелген, бұл өз кезегінде желіге жоспарлы жөндеу жұмыстарын іске асыруда қиындықтар тудырды. Жобаны жүзеге асыру мерзімі сәл кешіктірілген жағдайда еліміздің оңтүстік өңірін электрмен жабдықтауда біршама қиыншылықтар туындауы мүмкін еді. Нәтижесінде оңтүстік тұтынушылардың солтүстік энергия көздерінің арзан электр энергиясына толық көлемде қол жеткізе алмауы салдары аймақтың экономикалық дамуына кері әсер етер еді. 

Жалпы, жобаны іске асыруда біршама мультипликативті нәтиже болғандығына толталғым келеді. Жоғары вольтті желілерді салу барысында қазақстандық өндірушілер шығарған құрылғы-жабдықтар мен материалдар қолданылды. Атап айтқанда, темірбетон бұйымдары, металл тіректер, кабельдік-өткізгіш өнімдер, байланыс конденсаторлары, кернеу трансформаторлары, өзіндік қажеттілік трансформаторлары және релелік қорғаныс және автоматика панельдері. Бұл тізімді әрі қарай жалғастыра беруге болады. 

Өндірістік көрсеткіштер

Өткен 2018 жыл компания үшін маңызды өзге де жаңалықтарға толы. Компания жоғары өндірістік көрсеткіштерге қол жеткізді. Соңғы деректерге сүйенсек, «KEGOC» АҚ-ның Ұлттық электр торабы (ҰЭТ) арқылы электр энергиясын жеткізу бойынша қызметтердің көлемі шамамен 44,75 млрд. кВтсағ-ты құрады. Бұл 2017 жылғы көрсеткіштермен салыстырғанда 2,0 млрд. кВтсағ., яғни 4,7 пайызға жоғары. Желіге босату және электр энергиясын тұтынуды техникалық диспетчерлеу бойынша қызметтер көлемі 4,4 пайызға артқан, шамамен 97,74 млрд. кВтсағ-ты құрайды.  

Электр энергиясын өндіру-тұтынуды теңгерімдеуді ұйымдастыру бойынша қызметтер көлемі 2018 жылы 5 пайызға артты, яғни 183,29 млрд. кВтсағ-ты құрады. 

Биржадағы жетістіктер 

«KEGOC» АҚ жария компания болғандықтан, компания қызметінің нәтижелері оның акцияларының Қазақстан қор биржасындағы құнына тікелей әсер ететіні анық. Қазіргі кезде KEGOC акциялары қор биржасының ең тартымды қаржылық құралдарының бірі болып отырғаны тегін емес-ті. 2018 жылы бір акцияның ең жоғары нарықтық құны тарихи шегіне жетті, 2014 жылғы алғашқы орналастыру құны 505 теңге болғанын ескерсек, компанияның бір акциясының құны 1631 теңгеге дейін көтерілді.  

Өткен жылы «KEGOC» АҚ-ы Қазақстан қор биржасының «Қор нарығының дамуына қосқан үлесі үшін» деген сыйлығына ие болды. 

KEGOC компаниясының акционері атанған әрбір қазақстандық дұрыс таңдау жасады деп ойлаймын. Біз акционерлер алдындағы барлық міндеттерді орындап келеміз. Компания өткен жылы жалпы сомасы 31,4 млрд. тенге көлемінде акционерлерге екі мәрте дивидендтер төледі. Жалпы алғанда, компания акцияларын қор биржасында алғашқы орналастыру сәтінен бері акционерлерге төленген дивидендтердің жалпы сомасы 68,8 млрд. теңгені құрайды. 

Әлеуметтік мәртебе міндеттейді

Әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз ету – Компанияның басты артықшылықтарының бірі. KEGOC 2018 жылы әлеуметтік-бағытталған ірі компания екенін тағы бір мәрте дәлелдеді. 

Тәуелсіз зерттеудің нәтижелері бойынша «KEGOC» АҚ-ның Әлеуметтік тұрақтылық индексі 85 пайызды құрады, бұл «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ-ның еншілес компаниялары арасындағы ең жоғарғы көрсеткіш болып табылады. Әлеуметтік-басқару персоналының (ӘБП) жұмылдырылу индексіне де оң баға беруге болады, өткен жылдың қорытындысы бойынша 69 пайызды құрап отыр. 

Жоғарыда айтылған деректер Компанияның тиімді кадрлық, әлеуметтік және коммуникациялық саясатты ұстанып отырғанын көрсетеді. Мұндай көрсеткіштер кездейсоқ деуге келмейді. Біздің жетістіктеріміздің түп-төркіні – Компанияның басты активі саналатын KEGOC қызметкерлері екендігін жақсы түсінеміз. 

Бұдан бөлек, өткен жылы Корпоративтік басқару рейтингіміз «ВВ» деңгейінде бағаланды. Бұл Қор компаниялары тобындағы ең жоғары нәтижелердің бірі болып есептелінеді. Ендігі кезекте Компания корпоративтік басқару деңгейін бұдан әрі жетілдіруді міндет қойып отыр, яғни 2020 жылы «ВВВ» деңгейіне (барлық өлшемдерге сәйкес келу) жету міндеті тұр. 

Трансформация бағдарламасы

«Самұрық-Қазына» қоры» АҚ-ның бастамасымен бастау алған Бизнесті трансформациялау бағдарламасын іске асыруды жалғастырып келеміз. Қазіргі кезде трансформация портфелінде Компания қызметінің тиімділігін арттыруға бағытталған 8 жоба бар. 

2018 жылы сатып алудың алты санаттық стратегиясы іске асырылды, ITSM біріктірілген ақпараттық басқару жүйесі іске қосылды, және WAMS мониторингілеу жүйесінің синхрофазотрондық жабдығын орнату жұмыстары толығымен аяқталды. 

Жаңа жылдан бастап ERP SAP бағдарламасы, Тұтынушылармен есеп айырысудың биллингтік жүйесі, сонымен қатар Ақпараттық қауіпсіздікті басқарудың корпоративтік жүйесі өндірістік пайдалануға енгізуге дайын. 

Тарифтер жайында

Еліміздің барлық тұтынушылары үшін «KEGOC» АҚ-ның 2019 жыл қарсаңында жариялаған реттелетін қызметтерге тарифтердің бекітілген шектік деңгейлерін төмендету жөніндегі шешімі қуанышты жаңалық болды деп ойлаймын. 

Бұндай шешім KEGOC Қазақстанның Біртұтас электр энергетикалық жүйесінің Жүйелік операторы ретінде ел экономикасының тұрақты дамуын ескере отырып, электр энергиясын тұтыну мен өндірудің, сонымен қатар өзіндік реттелетін қызметтер көлемінің өсуін болжай алатындығы есепке ала отырып қабылданды. 

Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің 2018 жылғы 11 желтоқсандағы бұйрығымен энергия өндіруші ұйымдар үшін 2019 жылғы 1 қаңтардан бастап электр энергиясына шектік тарифтер төмендетілгендігі де ескерілді. 

Осы екі факторға сүйене отырып, «KEGOC» АҚ-ы «Самұрық-Қазына» қорының қолдауымен және Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің Табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті және тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетімен келісіп, тұтынушылар үшін 2019 жылғы 1 қаңтардан бастап тарифтердің бекітілген шектік деңгейлерін мына реттелетін қызметтерге, атап айтқанда электр энергиясын жеткізу бойынша 1 кВтсағ үшін 2,823-тен 2,496 теңгеге, желіге босату және электр энергиясын тұтынуды техникалық диспетчерлеу бойынша 1 кВтсағ үшін 0,306-дан 0,237 теңгеге және электр энергиясын өндіру-тұтынуды теңгерімдеуді ұйымдастыру бойынша 1 кВтсағ үшін 0,098-ден 0,088 теңгеге дейін төмендетілді.

Компания болашақта да алға қойған тапсырмаларды сәтті орындауға және мемлекетіміз, акционерлер мен тұтынушыларымыздың алдындағы міндеттерді тиісті деңгейде атқару үшін барын салады деген сенімдемін. 

https://egemen.kz/article/181347-kegoc-aq-turaqtylyq-pen-damudy-tanhdaydy?fbclid=IwAR2JqJaxU2rUiPx85... 


Тізімге қайту

Жедел желі

Кері байланыс