KEGOC-та жазғы жөндеу науқанының ағымдағы нәтижелері бойынша кеңес өткізілді. Кеңесте компанияның өндірістік филиалдарының директорлары алдағы 2024-2025 жалдардағы жылыту маусымына дайындық бойынша жөндеу жұмыстарының барысы туралы есеп берді.
Қазіргі уақытта 357 объектіде, оның ішінде 66 электр жеткізу желісі, 10 қосалқы станция жабдығы, 52 ғимарат пен 229 автокөлік бірлігінде 1,6 млрд теңге жалпы сомасына жөндеу жұмыстары жүргізілді. Бұл жоспарланған жөндеу жұмыстарының жалпы көлемінің 65%-ын құрайды. Жөндеу жұмыстарының мерзімі мен сапасы бойынша бекітілген жоспардан ауытқулары жоқ.
2024 жылы KEGOC-та барлығы 546 объектіде жөндеу жұмыстарын орындау, сондай-ақ 3 млрд теңгеден астам жалпы сомасына қосалқы бөлшектер, отын және басқа да материалдар резервін қалыптастыру жоспарланған.
Кеңесте жөндеу жүргізу жағдайында компанияның электр желілік объектілері ҰЭТ-тың сенімді жұмысын қамтамасыз ете отырып, штаттық режимде жұмыс істейтіні атап өтілді. Республикада энергия тұтынудың өсуіне және желілерге жүктеменің артуына қарамастан, ағымдағы жылғы 20 тамыздағы жай-күй бойынша желілердегі технологиялық бұзылыстар саны өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда өскен жоқ және негізінен табиғи құбылыстармен байланысты болды.
Сонымен қатар, KEGOC-та нөлдік жарақат алу және өндірістегі қауіпсіздік ережелерін бұзуға жол бермеу қағидаттары қатаң сақталады. Барлық жөндеу жұмыстары қауіпсіздік талаптарын сақтай отырып, жүргізіледі. Қызметкерлер қажетті оқыту мен дайындықтан өтті, жеке қорғаныс құралдарымен қамтамасыз етілді, HSE саласында персоналмен тұрақты түрде жұмыс жүргізіледі.
Күзгі-қысқы кезеңдегі ең жоғары жүктемелерге дайындық паспортын сәтті және уақтылы алу мақсатында Басқарма төрағасы Нәби Айтжанов жауапты қызметкерлерге жөндеу жұмыстарын жүргізу мерзімдерін ерекше бақылауда ұстауды және жұмыстарды 2024 жылғы қыркүйектің соңына дейін аяқтауды тапсырды.
KEGOC жыл сайын сәуірден бастап қазанды қоса алған аралықта күзгі-қысқы жүктемелерге дайындық бойынша жөндеу жұмыстарын жүргізеді. Компания объектілерінің жылыту маусымына дайындығы ҚР Энергетика министрлігінің Атомдық және энергетикалық қадағалау және бақылау комитеті беретін дайындық паспортын алумен расталады.