Баспасөз хабарламалары

KEGOC: тұрақты өсу және стратегиялық инвестициялар

«Самұрық-Қазына» АҚ-ның Қоғамдық кеңесінде Жүйелік оператор «KEGOC» АҚ 2024 жылды қорытындылап, жақын және алыс болашақтағы жоспарлары туралы әңгімеледі. Негізгі көрсеткіштердің өсуі, желілік инфрақұрылымды дамыту мен технологиялық және тұрақтылыққа бағытталған жаңғырту басты назарда.

KEGOC басшысы Нәби Айтжанов кеңес мүшелері мен шақырылған сарапшылар алдында сөйлеген сөзінде компания қызметтің барлық негізгі бағыттары бойынша айтарлықтай өсім көрсетіп, алға қарай қарқынды жылжып, еліміздің энергетикалық саясатының басымдықтарына сай дамып келе жатқанын атап өтті.

 

Көрсеткіштердің өсуі мен тұрақты қаржы

 

2024 жылы Қазақстанда электр энергиясын тұтыну 4,3%-ға артты және бұл KEGOC қызметтерінің көлеміне әсер етті. Ұлттық электр торабы (ҰЭТ) арқылы жеткізілген және пайдаланылған электр энергиясының жалпы көлемі 93,9 млрд кВт·сағатты құрады – бұл 2023 жылмен салыстырғанда 30%-ға артық. Қаржылық қорытындылар – тұрақтылықтың тағы бір дәлелі: компанияның таза пайдасы 59,5 млрд теңгеге жетті ( өткен жылғыға қарағанда +37,1%) . 2025 жылы бұл көрсеткіш тағы 11%-ға артады деп күтілуде.

 

Сенімділікті қолдау және пайдалану

 

                    Басты міндет – ҰЭТ-тың үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету. 2025 жылы ағымдағы өндіріс деңгейін 93,9 млрд теңге деңгейінде ұстап тұру үшін «KEGOC» АҚ еліміздің бірқатар өңірлерінде тұтынудың өсуі жағдайында, тұтынушыларды электрмен сенімді жабдықтауды қамтамасыз ету үшін шығарылатын қуаттарды арттыру мақсатында қуатты автотрансформаторларды ауыстыру шараларына 22,8 млрд теңге бөледі.

Жетіқара, Нұра, Сарыөзек және Састөбе негізгі қосалқы станцияларында қуаттылық 860 МВА-ға артады. Ал 2029 жылдың соңына дейін 18 объектідегі автотрансформаторларды ауыстыру және жаңғырту жұмыстары қуаттылықты 1 837 МВА арттырады.

Орта және ұзақ мерзімді перспективада «KEGOC» АҚ іске асырылған бастамалардың тиімділігін біріктіруге және энергия жүйесінің тұрақты дамуын қамтамасыз етуге бағытталған бірқатар ауқымды инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруды жоспарлап отыр.

Ағымдағы жобалар

         •        Оңтүстік аймақ желісін күшейту: ұзындығы 475 шақырым болатын 500 кВ электр желісін салу «Солтүстік–Оңтүстік» транзитінің өткізу қабілетін 440 МВт-қа арттырады. Жобаны іске асыру мерзімі – 2027 жылдың ортасына дейін.

         •        Батыс Қазақстанның энергия жүйесін БЭЖ-бен біріктіру: 500 кВ (604 км) желі мен қосалқы станция салу батыс өңірді қамтамасыз ету сенімділігін арттырып, елімізді энергетикалық тұйықтауға негіз болады. Жобаның аяқталу мерзімі – 2027 жылдың соңы.

 

ҰЭТ-ты озыңқы дамыту мен жаңғыртуға басымдық

         •        «Солтүстік–Оңтүстік» тұрақты ток желісі: HVDC технологиясы болашақ генерацияны ескере отырып, 2000 МВт-қа дейінгі электр қуатын жеткізуді қамтамасыз етеді. Аяқталу мерзімі – 2029 жыл.

         •        Астанадағы 500 кВ цифрлық қосалқы станция: елорданы электрмен қуаттаудың екінші сыртқы көзі жабдықтаудың сенімділігін арттырады және жаңартылатын энергия көздерін (ЖЭК) интеграциялауға мүмкіндік береді. Іске асыру мерзімі – 2028 жылға дейін.

         •        «Батыс–Оңтүстік» жобасы: тұрақты ток желісі елдің энергия жүйесінің барлық аймақтарын тұйықтай отырып, батыс пен оңтүстік өңірлерді байланыстырады.

         KEGOC әлеуметтік тұрақтылық бойынша өз позицияларын сақтап, Қор тобы компанияларының арасында алғашқы үштікте тұр. S&P халықаралық агенттігінің ESG рейтингі – 55 балл, әрі бұл көрсеткіш өсіп келеді. Компания жасанды интеллект пен автоматтандыруды белсенді енгізіп жатыр – ішкі процестердің 49%-ы цифрландырылған. 2032 жылы 90% -ға жеткізу алға қойылған мақсат болып табылады.

«Артып келе жатқан энергия тұтыну деңгейі мен әсіресе, жаңартылатын генерацияның қарқынды дамуы жағдайында, желінің сенімділігі мен технологиялық дайындығы басты орынға шығады. KEGOC осы трансформацияның ортасында тұр және елдің болашақ энергия жүйесінің негізін қалап жатыр», – деді «Самұрық-Қазына» АҚ басқарушы директоры Елжас Отыншиев.

Кеңес соңында кеңес мүшелері мен сарапшылар KEGOC-қа бірқатар сұрақтар қойды... Компания жұмысына жалпы оң баға берілді. Қатысушылар компания жобаларының ел энергетикасын дамытуда маңызды рөл атқаратынын атап өтіп, ұсыныстар айтты, оның ішінде, өңірлермен өзара іс-қимылды күшейту, кадр әлеуетін дамыту және цифрлық шешімдерді кеңейту қажеттігі айтылды. KEGOC өкілдері айтылған ұсыныстарды алдағы жұмыста ескеруге дайын екендіктерін жеткізді.

 


Тізімге қайту

Жедел желі

Кері байланыс