Бүгін Астанада Қазақстан энергия жүйесінің жүйелік операторы – «KEGOC» АҚ жаңартылатын энергетика саласындағы жетекші халықаралық компания Masdar және Мұхаммед бин Заид атындағы жыртқыш құстарды қорғау қоры (MBZRCF) өзара түсіністік туралы Меморандумға қол қойды. Ынтымақтастықтың жаңа форматы еліміздің энергетикалық инфрақұрылымын тұрақты дамыту мен қоршаған ортаны қорғау саласындағы бірлескен шешімдерді іздеуге бағытталған.
Құжат аясында тараптар электр энергиясын жеткізу нысандарын пайдалану кезінде экологиялық тәуекелдерді төмендетуге бағытталған тәсілдерді әзірлеу бойынша ынтымақтастықты жүзеге асырады. Басты басымдықтардың бірі – биоалуантүрлілікті сақтау мәселелерін энергетикалық нысандарды жобалау мен пайдалану процестеріне интеграциялау. Атап айтқанда, Қазақстанның әртүрлі экожүйесіне сай, электр жеткізу желілерін орналастыру мен жаңғырту кезінде жабайы табиғаттың мүдделерін ескеру қарастырылады.
Бұл серіктестікте ғылыми және қолданбалы табиғатты қорғау бастамалары бойынша бай тәжірибесі бар MBZRCF қоры маңызды рөл атқарады. Қор жобаларға ғылыми-сараптамалық қолдау көрсетіп, халықаралық экологиялық стандарттарға сай стратегиялық ұсынымдар ұсынады.
Сонымен қатар, тараптар білім мен тәжірибе алмасуға, кәсіби әлеуетті арттыруға, сондай-ақ энергетика мен табиғатты қорғау арасындағы тепе-теңдікті қамтамасыз етуге бағытталған бірлескен бастамаларды іске асыруға ниетті. Қоршаған ортаны қорғау және энергетика салаларында нақты, өлшенетін нәтижелерге қол жеткізу үшін сараптамалық және техникалық ресурстарды жұмылдыру жоспарланып отыр.
«KEGOC» АҚ басқарушы директоры Эльвира Қонақбаева меморандумға қол қоюдың маңыздылығын атап өтті:
«ЖЭК және табиғатты қорғау саласындағы халықаралық көшбасшылармен серіктестік – бұл біздің энергетикалық жүйеміздің сенімділігі мен тұрақтылығын арттыруға қосқан үлесіміз ғана емес, сондай-ақ болашақ ұрпақ алдындағы жауапкершілігіміздің айқын көрінісі. KEGOC еліміздің табиғи мұрасын сақтай отырып, инфрақұрылымды тұрақты дамытуға ұмтылады».
Masdar компаниясымен ынтымақтастық қол қойылған меморандуммен шектелмейді. Бұған дейін тараптар Жамбыл облысында қуаттылығы 1000 МВт болатын, энергия жинақтау жүйесі бар жел электр станциясын салу бойынша ауқымды жобаны бірлесіп іске асыруды бастаған болатын. KEGOC аталмыш нысанды оңтүстік өңірдің желілік инфрақұрылымын дамыту перспективаларын ескере отырып, еліміздің Ұлттық электр торабына қосу схемасын әзірлеуге қатысады.