Ғұмарбек Дәукеев атындағы Алматы энергетика және байланыс университетінің (АЭБУ) 50 жылдық мерейтойы аясында маңызды оқиға – «KEGOC» АҚ мен АЭБУ арасындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қою рәсімі өтті.
Құжатқа «KEGOC» АҚ ҰЭТ дамыту жөніндегі басқарушы директоры Алмаз Саухимов пен университет ректоры Ғани Нығыметов қол қойды. Тараптар университет базасында Ұлттық диспетчерлік орталықтың жұмыс жағдайларына барынша жақындатылған оқу зертханасын құруға уағдаласты.
Болашақ зертхана маңызды білім беру алаңына айналлмақ: ол АЭБУ студенттерін дайындауға және KEGOC қызметкерлерінің біліктілігін арттыруға пайдаланылады. Компанияның жедел персоналымен бірлескен оқу-жаттығуларға ерекше назар аударылады. KEGOC зертхананы заманауи техникалық талаптарға сай жабдықтауға қолдау көрсетеді.
KEGOC жүйелі түрде оқу орындарымен ынтымақтастықты дамытып, саланың нақты міндеттеріне бағытталған білікті мамандар даярлауға үлес қосып келе жатыр. Алмаз Саухимовтің айтуынша, мұндай әріптестік бейінді жоғары оқу орындары мен энергетика компаниялары арасындағы өзара байланыстың маңыздылығын айқындайды:
«Біз үшін оқу орындары мен энергетика саласының өзара байланыста жұмыс істеуі – өте маңызды. Мұндай бастамалар мамандарды нақты жұмыс жағдайына бейімдеп, оларды өндірістік үдерістерді жылдам меңгеруіне мүмкіндік береді.»