Баспасөз хабарламалары

KEGOC пен Азия даму банкі ынтымақтастықты одан әрі нығайту мүмкіндіктерін талқылады

«KEGOC» АҚ Басқарма төрағасы Нәби Айтжанов Азия даму банкінің (АДБ) өкілдерімен кездесу өткізіп, компанияның «Энергетика және коммуналдық секторды жаңғырту» ұлттық жобасына кіретін негізгі инфрақұрылымдық жобалар бойынша ынтымақтастық перспективаларын талқылады.
Қазіргі таңда жүзеге асырылып жатқан және болашақта іске қосылатын жобалар еліміздің энергетикалық жүйесінің тұрақтылығын қамтамасыз ету, сондай-ақ магистральдық желінің өткізу қабілетін арттыру арқылы электрмен жабдықтаудың сенімділігін жақсартуға бағытталған.
Сонымен қатар, Азия даму банкі «KEGOC» АҚ-ның жүйе тұрақтылығы мен электр теңгерімін тиімді басқару мақсатында маневрлік қуат көздерінің жұмысын оңтайландыруға бағытталған төрт бастамасына техникалық қолдау көрсететін болады. Бұл бастамалар үздік әлемдік тәжірибелерге негізделеді.
Кездесу барысында тараптар Қазақстанда сенімді, икемді және заманауи энергетикалық инфрақұрылымды дамытуға серпін беретін жобалардың маңыздылығын атап өтіп, одан әрі ынтымақтастық қадамдарын талқылады.
Еске сала кетейік, 2024 жылы Қазақстан Біртұтас электр энергетикалық жүйесінің Оңтүстік аймағының электр желісін күшейту жобасын қаржыландыру мақсатында Азия даму банкімен несие келісіміне қол қойылды.

Жедел желі

Кері байланыс