Бүгін, 2025 жылғы 2 шілдеде Баку қаласында «Green Corridor Alliance» ЖШС бірлескен кәсіпорны ресми түрде тіркелді. Бұл оқиға 2024 жылғы 13 қарашада Бакуде өткен СОР-29 конференциясында қол қойылған Жасыл энергияны өндіру және жеткізу саласындағы стратегиялық әріптестік туралы келісімді іске асырудың маңызды қадамы болмақ. Құжатқа Қазақстан, Әзербайжан және Өзбекстан мемлекеттерінің басшылары қол қойған болатын.
Жаңа кәсіпорын жаңартылатын энергия көздерін дамытуға және халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға бағытталады. Бұл Орталық Азия мен Оңтүстік Кавказ өңірлерінде көміртек шығарындыларын азайтуға және тұрақты энергиямен қамтуды қамтамасыз етуге ықпал етеді.
Компанияның құрылтайшылары ретінде өңірдің жетекші энергетикалық компаниялары – «Азерэнержи» ААҚ, «Өзбекстан ұлттық электр желілері» АҚ және «KEGOC» АҚ тіркелді. Олар жасыл энергетиканы дамытуға және өңірдің экологиялық тұрғыдан таза болашағын қамтамасыз етуге бағытталған ауқымды жобаларды бірлесе жүзеге асыруды көздейді.