Баспасөз хабарламалары

Тұтынушылардың назарына

«Электр желілерін басқару жөніндегі Қазақстан компаниясы» «KEGOC» АҚ (бұдан әрі – «KEGOC» АҚ) төменде көрсетілген реттелетін қызметтер бойынша табиғи монополия субъектісі болып табылады: 

  • электр энергиясын жеткізу;
  • электр энергиясын желіге босату мен тұтынуды техникалық диспетчерлендіру;
  • электр энергиясын өндіру-тұтыну теңгерімін ұйымдастыру.

«KEGOC» АҚ көрсететін бұл қызметтер «Табиғи монополиялар туралы» Қазақстан Республикасының 2018 жылғы 27 желтоқсандағы №204-VІ Заңына сәйкес реттеледі.  

Ағымдағы 2020 жыл «KEGOC» АҚ реттелетін қызметтерінің бес жылға бекітілген тарифтерінің шекті деңгейлері қолданылатын соңғы кезең болып табылады.  

Осыған байланысты «KEGOC» АҚ Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің 2019 жылғы 19 қарашадағы № 90 бұйрығымен бекітілген Тарифтерді қалыптастыру қағидаларына (бұдан әрі – Қағида) сәйкес  Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің Табиғи монополияларды реттеу комитетіне (бұдан әрі – ТМРК) «Монополист» базасы» веб-порталы арқылы 2020 жылғы 1 шілдеде «KEGOC» АҚ реттелетін қызметтерінің бес жылдық кезеңге арналған (2021-2025 жылдар) тарифтері мен тарифтік сметаларының шекті деңгейлерін бекітуге өтінім, сонымен қатар «KEGOC» АҚ 2021-2025 жылдарға арналған инвестициялық бағдарламасын бекітуге өтініш (2020 жылғы 24 маусым) жіберген болатын.   

Бұл ретте уәкілетті орган бекітетін реттелетін қызметтер тарифінің шекті деңгейлері ұсынылатын қызметтердің сапасы мен сенімділігін есепке ала отырып, реттелетін қызметті ұсынуға қажетті шығындар құнынан төмен емес болуы және табиғи монополия субъектісінің тиімді жұмыс істеуін қамтамасыз ететіндей пайда алу мүмкіндігін есепке алуы тиіс.  

Ұсынылған материалдарды қарау қорытындылары бойынша, ТМРК алдағы бес жылдық кезеңге арналған реттелетін қызметтердің тарифтері мен тарифтік сметаларының шекті деңгейлерін, сонымен қатар Инвестициялық бағдарламаны бекітуден бас тарту туралы шешім қабылдаған болатын.   

ТМРК шешімімен (2020 жылғы 23 қарашадағы №66-ОД және №67-ОД бұйрықтар) келіспеуі себепті «KEGOC» АҚ аталған шешімге сот тәртібімен шағым жасауға ниетті.  

Өз кезегінде, «KEGOC» АҚ қызметтері тарифтерінің қолданыс мерзімі 2020 жылғы 31 желтоқсанда аяқталатынын және ТМРК 2021-2025 жылдарға жаңа тарифтерді бекітуден бас тартқанын есепке ала келе, Компания реттелетін қызметтерді шамамен 2021 жылға дейін төменде көрсетілген тарифтер бойынша ұсынатын болады: 

  • электр энергиясын жеткізу – 2,448 теңге/кВтсағ (ҚҚС-ны есепке алмағанда);
  • электр энергиясын желіге босату мен тұтынуды техникалық диспетчерлендіру – 0,264 теңге/кВтсағ (ҚҚС-ны есепке алмағанда);
  • электр энергиясын өндіру-тұтыну теңгерімін ұйымдастыру – 0,086 теңге/кВтсағ (ҚҚС-ны есепке алмағанда).

Тарифтердің бұл деңгейлері Заңның 15-бабы 3-тармағының талаптарына сәйкес белгіленген, соған сай 2020 жылға бекітілген қолданыстағы тарифтен қарыз бойынша негізгі борышты өтеуге бөлінген, бекітілген инвестициялық бағдарламаны іске асыруға тартылған қаражатты қоспағанда, бекітілген инвестициялық бағдарламаны іске асыруға бағытталған қаражат алынып тасталды. 

Сонымен қатар «KEGOC» АҚ ТМРК-ға қайтадан «Монополист» базасы» веб-порталы арқылы «KEGOC» АҚ бес жылдық кезеңге (2021-2025 жылдарға) реттелетін қызметтерінің тарифтері мен тарифтік сметаларының шекті деңгейлерін бекітуге өтінім (25.11.2020 ж.) және инвестициялық бағдарламаны бекітуге өтініш (26.11.2020 ж.) жіберді. 

Қазіргі уақытта ТМРК №43-1-43/6001 27.11.2020 ж. хаты арқылы «KEGOC» АҚ-ға реттелетін қызметтердің тарифтері мен тарифтік сметаларының шекті деңгейлерін бекітуге ұсынылған өтінім қарауға қабылданғаны туралы хабарлады.


Тізімге қайту

Жедел желі

Кері байланыс